Аймақтар • 05 Шілде, 2020

Қарағандының азық-түлік дүкендерінде қаптаған жұрт...

1262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін кеншілер астанасындағы ірі супермаркеттердің алдында тұтынушылардың ұзын-сонар кезекте тұрғаны байқалды. Екі апталық карантин тұрғындар арасында дүрбелең тудырып, жұрт азық-түліктің мол қорын қамтып қалмаққа дүкендерге жапа-тармағай жүгірген болса керек, – деп жазады Egemen.kz

Қарағандының азық-түлік дүкендерінде қаптаған жұрт...

Кейбір ірі супермаркеттердің алдындағы кезек ащы ішектей шұбатылып, жарты шақырымдай жерге жеткен. Ал дүкеннің іші болса, тұтынушыларға лық толы. Есіктегі күзетшілер кезектегілерді іштен азық-түлікті арбалап шығарғандардың кезекті тобы шыққаннан кейін ғана кіргізіп тұр.

Тұрғындар дүкен сөрелеріндегі қант, қарақұмық, тұз, пияз сынды ең қажетті азық-түлік тауарларын түгін қалдырмай алып жатыр. Сауда үйінің қызметкерлері қоймадан тасып, олардың орнын әрең дегенде толтырып үлгеруде.

Ал облыстық әкімдік болса, осы жағдайға орай мынадай ресми ақпарат таратты: "Қарағанды облысының азық-түлік қоймаларында және тұрақтандыру қорында қажетті азық-түлік қоры жеткілікті. Тауарларды жеткізуге қатысты іркілістер жоқ. Қазір облыста 671,8 тонна құс еті, 331 тонна пияз, 201 тонна қырыққабат бар. Көтерме сауда өкілдерінде бакалеялық өнімдердің екі айлық қоры жиналған. Жақын арада картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, күріш, қарақұмық және өсімдік майының ірі партиялары келіп түседі. Осы жылдың наурыз айындағыдай аталған тауарларға деген сұраныс үш есе артқан күннің өзінде, қолда бар азық-түлік өңірдің барлық тұрғындарына жеткілікті болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы ұдайы бақылауда".

777

Облыс әкімдігі таратқан ресми ақпаратта супермаркетке кіру кезегі карантиндік шараларды сақтаумен байланысты екендігі айтылған. Сондай-ақ, аталған  хабарламада ірі дүкендер мен басқа да қоғамдық орындарға барған кезде әлеуметтік қашықтықты сақтау, бетперде киіп, қолды антисептиктермен өңдеу қажеттігі ескертілген.

 

 

 

 

Қарағанды облысы