Елбасы • 07 Шілде, 2020

Бас қолбасшы

2330 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын терең түсініп, олардың қалыптасуы мен дамуына ерекше көңіл бөліп, тәуелсіз елдің қорғаныс саласының қалыптасуына тіке­лей басшылық жасады. Өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Менің әскери мәселелерге тоқталуым тегін емес. Бәрінен бұрын, осы әскери-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мем­лекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық саяси жүйенің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын. Өйткені еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуы жас мемлекеттің тағдырындағы тарихи жағдайлармен тұспа-тұс жүзеге асты.

Бас қолбасшы

Елдің ішкі қуаты

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, араға 26 күн салып, кешегі Ішкі әскер бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Сол сәттен бастап құқықтық тәр­тіп әскері ел мен Елбасының баста­ма­ларын қолдайтын, халықты, аза­матты, мемлекетті заңсыз әре­кет­терден қорғайтын қуатты құры­лымға айналды. Уақыт өткен сайын құқықтық тәртіптің тұрпаты биік­теп, орны даралана бастады.

Елбасы 1998 жылы шілде айын­да ІІМ Ішкі әскердің Бас қолбас­шы­лығына сапармен келіп, Астана гарнизонындағы екі әскери бөлімге Жауынгерлік Туды тапсырды.

«...Ішкі әскеріміз маңызды мін­­дет­терді атқарады, еліміздің ішкі қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етіп, мем­лекеттің ұлттық қауіпсіз­дігін нығайтуға үлкен үлес қо­сып келеді. Мен мемлекеттің Қару­лы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­бас­­шысы ретінде әскер құрамы­ның жо­ғарғы деңгейде қамта­масыз етілуіне және сіздердің қызметтеріңіз жақсы жағдайда өтуіне қамқорлық жасай беретін боламын», деп атап өтті Елбасы.

Мемлекеттің көк Туын биіктете түсу міндеті әрбір Қазақстан аза­ма­тына тағдыр сыйлаған ұлы бақыт десек те болады. Ал бақыт Елбасы айтқандай, «бағалай білгеннің басында тұрады». Тәуелсіздіктің негізгі тірегі мемлекет ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұлттық әскер екені сөзсіз. Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігінің бірі – елдің ішкі қауіпсіздігі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының күш-қуатын арттыру мен жетілдіруге, инфрақұрылымын дамытуға Елбасы Н.Назарбаевтың тарапынан әрдайым үлкен көңіл бөлініп, қауіпсіздік мәселелері әркез назардан тыс қалмай келеді. Бүгінгі таңда қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін заманауи құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуге арналған шаралар өз кезегінде ел тыныштығының сенім­ді қорғалып, әскери құрылым­дардың материалдық-техникалық база­сының және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына әкелді. Осыдан тәуелсіздік жылдарындағы Ұлттық ұланның қалыптасуы әрі ведомствоның бүгінгі заманауи құралдармен жарақталған, әлеуеті зор, қуатты органның біріне айналуына да Елбасының сіңірген еңбегі мен қамқорлығы ұшан-теңіз екенін аңғаруға болады.

2014 жылдың 21 сәуірінде Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың Жарлы­ғы­­мен ІІМ Ішкі әскері Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Бұл шешімді қабылдар алдында шетелдік тәжі­рибелер ескерілгенін ескерген жөн. Ал 2015 жылдың 10 қаңтар­ында Елбасы «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық ұланы туралы» заңға қол қойды. Бұл құқықтық тәртіп әскерінің тарихындағы елеулі оқиға, Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген қамқорлықтың логикалық жалғасы болды. Араға бір жыл салып, Елбасының Алматы облысы Заречный кентіндегі ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған Орталыққа ат басын бұрып, жеке танысуы әскер тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі болды. Осы жерде еліміздің күш-қуат құрылымдарының ар­найы мақсаттағы бөлімшелерінің қа­тысуымен «Қайсар-2016» кешенді жаттығуы өткізіліп, жасақтардың анти­террористік бағыттағы опера­ция­ларды жүргізудегі әдіс-тәсілдері пысықталды.

 

Қорғанысымыздың темір қазығы

Әрине Кеңес Одағы ыдыра­ған­нан кейінгі жылдары Қазақстанның әскери ахуалы да әлсіреді. Ал тәуел­сіздікке енді қол жеткізген ел үшін егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын қорғайтын өз Қарулы Күш­терін құруы өмірлік маңызды міндет болып саналды. Жаңа үлгідегі армия құру үшін әскери құ­­ры­лыс­тың заңнамалық негізін, тұ­жы­рым­дамасы мен тетігін жасау қажет  болды.

1991 жылғы 25 қазанда Қазақ­станның Тұңғыш Президенті осы игі мақсат жолындағы ең алғаш­қы қадамын жасады, бұл күні Мем­ле­кеттік қорғаныс комитетін құру ту­ралы Жарлыққа қол қойылды. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс ко­митетінің төрағасы болып Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің құ­ры­луы мен дамуында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі Сағадат Нұрма­ғамбетов тағайындалды. Аз уақыт ішінде комитеттің негізгі ла­уа­­зымдары тәжірибелі офицер­лер­ден жасақталды.

1991 жылдың желтоқсанында бұрынғы Одақ елдерінің тағдырына қатысты көптеген шешім қабыл­данды. Солардың бірі – жаңа құрыл­ған ТМД мемлекеттері әскери әлеуе­тінің ендігі тағдырына қатысты. Өтпелі кезең кезінде бұрынғы Одақ елдерінің қорғаныс ісі Стратегиялық және Қарулы Күштерге, Шекара әс­кер­леріне біріктірілді. Бірақ уақыт көшін тоқтату мүмкін емес еді. Бұ­рынғы Одақтың Біріккен Қарулы Күштерінің ғұмыры ұзақ болмасы байқалды.

1992 жылдың басында Ел­басы Әскери мәселелер тұжырым­да­ма­сын әзірлеуге тапсырма берді. Сон­дай-ақ әскери бөлімдердің қару-жарақ және техникасын, мүл­­кін түгендеу, ахуалын тексеру және әскери оқу-жаттығу алаң­дарын ғылыми-техникалық жасақ­тау, Қа­зақ­стан аумағында орналас­қан әс­ке­ри зауыттарды өндірістік жаб­дық­тау туралы да шешім қабыл­данды.

Әскери құрылыс тұжырым­да­­масының жобасы Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, ондағы басты мәселе – өтпелі кезең аяқталған соң елі­міздің өз Қарулы Күштерін құруы мүмкін екеніне назар аудар­ды. Мемлекеттік қорғаныс комитеті елдің әскери әлеуетінің бағыт-бағ­дар­ын айқындауға қатысты бұдан бас­қа да көптеген іс-шараларды жедел жүзеге асырып, түрлі ұйым­дас­тыру, талдау жұмыстарын жүр­гізді, сондай-ақ бақылау міндетін де атқарды.

1992 жылғы 7 мамырда Елбасы тәуелсіз елдің әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы келесі шешуші құқықтық акт – «Қазақстан Респуб­ликасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды құжат Қазақстан ау­ма­ғында орналасқан Қарулы Күш­тер мен оның бүкіл мүлкі респуб­ли­каның құзыретіне көшетінін анық­тап берді.

Еліміздің кең байтақ аумағында көптеген әскери бөлімдер, базалар, әскери-зерттеу нысандары мен оқу-жаттығу алаңдары, соның ішін­де ғарышты зерттеу және әуе қорға­нысына қатысты нысандар болды.

Елбасы 1997 жылы 17 қарашада Қарулы Күштер құрылымына елеулі өзгерістер енгізген Жарлыққа қол қойды. Әуелі Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың қызмет ауқы­мы ажыратылды. Қорғаныс министр­лігіне әскери-саяси басшылық жасау, елдегі қорғаныс құрылысын ұйым­дастыру және Қарулы Күштер­дің түрлерін басқару жүктелді. Бас штабқа Қарулы Күштерді шұ­ғыл-стратегиялық қолданушы орган қызметі тапсырылды. Осы өзгеріс­тердің барлығы «Басқа мемле­кет­тер сияқты Қазақстан да өзінің қор­ғанысқа қабілеттілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұраттарының бірі деп са­най­ды. Біздің басты мақсатымыз – Қа­зақ­станның егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын қорғау» деген Елба­сымыздың қадағалауында болды.

2012 жылы Қазақстан Респуб­ли­касының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сержанттық кор­пусқа қатысты бірқатар өзгер­тулер мен толықтырулар енгізілді: «сер­жанттар» сөзінің мағынасы нақ­тыланып, командалық құрамның өзіне сеніп тапсырылған жеке құ­рамды басқару ісін жүзеге асыратын, қарамағындағыларды оқыту мен тәрбиелеу міндетін атқаратын әскери қызметшілері санаты деп танылды.

Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының арқасында, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб жетекшілерінің қолдауымен Қарулы Күштердің сержанттық корпусы бүгінде өзінің даму жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

Тәуелсіздік алуымызға байла­нысты, Қазақстан әскери қауіпсіз­дігінің негізін құру мақсатында, Тұң­ғыш Президент Жарлығымен аз ғана уақыт ішінде Қарулы Күштер­мен қатар, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар құрылып, күні бүгінге дейін еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақта­луын күзетіп келеді. Мемлеке­ті­міз­дің егемендігін күзетіп келе жат­қан құрылымдар арасында тәуел­сіз Қазақстан шекарасына қолсұғыл­мауына жауапты ҰҚК Шекара қыз­меті де бар. 

 

Шегенделген шекара – қауіпсіздік кепілі

ҰҚК Шекара қызметі 1992 жыл­дың 18 тамызында құрылды. Қазақ­станның Шекара әскерлерінің негізгі базасы болып КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шығыс шека­ра­лық округінің құрамалары мен әскери бөлімдері саналады. Мем­ле­кеттің Тұңғыш Президенті Жар­лыққа қол қоюдан бұрын, 1992 жылы 9 тамызда Шонжы шека­ра жасағындағы «Баянкөл» (беке­тін) заставасына алғаш рет барып, жеке құрамның жауынгерлік қызметімен, өмірі және тұрмыстық жағ­дайымен танысқанын айта кет­кен жөн.

Араға жарты жыл салып, 1993 жы­лы 13 қаңтарда Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің сессия­сында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» заң­дарын қабылдап, мемлекеттік ше­карада республиканың ұлттық және аумақтық мүддесін сақтаудың құ­қықтық негіздерін белгіледі.

1996 жылы 17 қаңтарда Қазақ­стан­ның Тұңғыш Прези­денті Ше­кара әскерлерінің Мемле­кет­тік шека­раны күзету Тұжырым­да­ма­сын және 1996-2000 жыл­дары Мем­лекеттік шекараны қалып­тастыру және жайластыру, Қазақ­стан Рес­публикасының Шекара әскер­ле­рінің құрылысы мен дамуы мем­ле­кеттік бағдарламасын бекітетін Жарлық шығарды.

Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы жаңа заңнаманың қабылдануы маңызды оқиғаның бірі болды. 2013 жылы 16 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Мем­ле­кеттік шекарасы туралы» заңы қабылданды. Бұл заң мемлекеттік шекара туралы заңнаманы жетіл­діруге, сондай-ақ осы саладағы мем­лекеттік органдардың өкілеттігі мен атқаратын қызметтерін нақтылауға бағытталды. Осы құжатпен «Қа­зақ­стан Ресубликасының мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Шекара қызметі тура­лы» заңдары біріктірілді. Заң мем­лекеттік шекараны қорғау мен кү­зету міндетін атқару кезінде Қа­зақ­станның өкілетті органдарының қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдарды қолдану шарт­тары мен талаптарын да анық­тап берді.

 

Бейбітсүйгіштік – басты ұстаным

Айтып өту керек, Қазақстан Әс­кери доктринаны қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемле­кет болды, бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс мәселелеріндегі табандылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Әскери доктрина соғысты болдырмау жө­нін­дегі шараларды да, Республи­каның егемендігі мен аумақтық тұ­тастығын қорғау тәсілдерін де көздеді. Сонымен қатар Қазақстан­ның тәуелсіздік кезеңінде қауіп-қатерлер мен сын-қатерлер сипаты, геосаяси және экономикалық ахуал үнемі өзгеріске ұшырап отыр­ды, осыған байланысты ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету тәсілдері де өзгергенін атап өткен жөн.

Жалпы, Елбасы Қазақстан Рес­публикасының 5 әскери доктри­насына қол қойды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлығымен Қазақстанның жаңа Әскери доктринасын бекітті.

Бесінші доктринада респуб­ликаға келіп-кетер ықтимал әскери қатерлерін ескере отырып, әскери-саяси, әскери-стратегиялық және әскери-экономикалық саладағы, мемлекеттің жұмылдыру да­йын­дығы жөніндегі мемлекеттік қыз­меттің негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстанның әскери ұйымын дамыту жөніндегі негізгі шаралар айқындалған. Құжатқа сәйкес, Әскери доктрина қорғаныс сипа­тына ие және Қазақстанның дип­ло­матиялық, саяси, құқықтық, эконо­микалық және басқа да әскери емес құралдардың ұлттық мүдделерін қорғау үшін басым пайдалануға бейімділігін көрсетеді.

Елбасының құқықтық мұрагері, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің Жо­ғар­ғы Бас Қолбасшысы ретінде Тұңғыш Президенттің жолын жалғас­тыру­шысы деп зор сеніммен айтып өт­сек болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» ат­ты Жолдауынан ұлттық әскер­ге деген қамқорлықты байқай­мыз. «Біздің алдымызда жаңа тұжы­рым­­дама негізінде тегеурінді əскер қалыптастыру міндеті тұр» деген Мемлекет басшысы сөзін «Әскери қызметтің беделін арттырып, Қару­лы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет. Отанына адал, кəсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен əскери қызметшілері бар ар­миямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатер­лерге тойтарыс беруге дайын болу керек», деген оймен тұжы­рым­дады. Ел Президентінің отандық әскер мен күш құрылымдарына де­ген көзқарасы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Ұлттық әскерді құ­­­рудағы ұшан-теңіз еңбегінің жал­­ғасы. Елбасы Н.Назарбаев Қауіп­­­­­сіздік Кеңесінің Төрағасы ре­тін­­­де де әскердің даму мәселесін на­­зар­дан тыс қалдырмай, үнемі өз назарында ұстауы, отандық Қарулы Күш­теріміздің болашағына алаңдау оның ғаламдық деңгейдегі тұлға ретіндегі көрегендігінің белгісі деп білеміз.

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

генерал-лейтенант,

Парламент Мәжілісінің депутаты