Статистика комитетінің 2020 жылғы 1 мамырдағы дерегіне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында 1 млн 150 мың адам тұрады екен. 1-2 пайыздық айырмашылықты есепке алмасақ, ерлер мен әйелдердің үлесін тең деп айтуға болады. Ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 60 пайыздан асады.
Жалпы, дамудың даңғыл жолына түскен кез келген мемлекет жастарға ерекше басымдық береді. Қазақстан да осы бағытты ұстанатыны белгілі. 2019 жыл – Жастар жылы болды. Биылғы 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланды. Осының барлығы мемлекет тарапынан елдің ертеңін қолдау үшін жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясымен Ұлы дала төсінде әлем мойындаған шаһар құрылды. Есілдің жағасында бой көтерген қала өркениет көшіне ілесті. Оған ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берілді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас шаһардың авторы әрі бас сәулетшісінің ерен еңбегін ерекше бағалап, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім Елбасы мен елорда егіз ұғым екенін көрсетті.
Елордада не жасалса да, жастар үшін және жастардың болашағы үшін жасалады. Себебі жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы жастардың біліміне, күш-қуаты мен патриотизміне байланысты.
Елбасы айтқандай: «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз».
Бас шаһарда 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті, 2011 жылы Астана, Алматы қалаларында Қысқы Азия ойындары, 2017 жылы елордада ЭКСПО ха-лықаралық көрмесі зор табыспен өтті. Атап көрсетерлігі, байырқалы басқосулардың барлығына жастар жұмылдырылды.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жастарға барынша қолдау көрсетіп келеді. Волонтер жылы аясында жастар ерекше қырынан танылды. Тұтас әлемді шарпыған пандемия жағдайында ел жастары елгезектік танытып, қиын кезеңде қайырлы бастамалардың басынан табылды. Мәселен, жастар карантинге жабылған үйлердің тұрғындарына азық-түлік таратып, қайырымдылық шараларына қатысты. Мұндай игі істен Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Жастар қанаты да қалыс қалған жоқ.
Болашағын елордамен байланыстырған жастарға екі бірдей есік ашық. Бірі – ғылым-білімге деген құштарлық, екіншісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналада жанталасып, жағаласып жүрген адамдар, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде алға жылжу, даму бар.
Жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Бүгінгі таңда елордамыздың әлем алдындағы беделі күн санап артып келеді. Қазақ ұлтының ұлы тұғыры – ару астана жиырма жылда дамушы елдердің елулігіне енді, келесі меже дамыған отыздықтың қатарына қосылу. Ең бастысы, өркениет көшіндегі озық технологиялармен тыныстап, болашақтың қаласын бірге жасай білсек болғаны. Сонда ғана Елбасы іргесін қалаған «Мәңгілік елге» айналатынымыз хақ. Бір сөзбен айтқанда, астана – ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанмен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ.
Нұр-Сұлтан қаласының бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыру ләзім. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән. Бейбітшілік қаласының келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал оның еңсесін көтеретін бүгінгі жастар. Оларға ерінбей еңбек етіп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет ету қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Болашағы зор азаматтар ел игілігі үшін экономикамызды дамыту жолында қызмет етуі қажет. Әрине, ең алдымен біз оларға қажетті жағдай жасауға тиіспіз. Дарынды жастарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпей, алдыңғы қатарлы зияткер мемлекет қатарына қосылу қиын екенін мойындауымыз керек», деген болатын. Жастарға жасалып жатқан қазіргі жағдайдың астарында осындай ой жатыр. Демек жастарға салынған инвестицияның қызығын көрер күн алда.
Бұл – қала қалғымауы, жастар қалғытпауы тиіс деген сөз.
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Халық коммунистері» парламенттік фракциясының жетекшісі