23 жастағы отандасымыз осыдан алты жыл бұрын жоғары ойын мәнерімен және өз сұлулығымен Азия құрлығын тамсандырған болатын. 2014 жылы Тайпейде өткен жасөспірімдер арасындағы волейболдан 17-ші Азия чемпионатында қандасымызды жергілікті БАҚ турнирдің ең сұлу спортшысы деп таныды. Сол-ақ екен Тайвань, Жапония және тағы басқа Азия елдерінің телеарналары Сәбина Алтынбекова туралы арнайы репортаж жасап, әп-сәтте бүкіл әлемге танымал болды. Сол жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия біріншілігінде 6-орын алды.
Осы чемпионаттан бастап Алтынбекованың жұлдызы жанды десек, артық айтқандық емес шығар. 2015 жылы ол Жапонияның «GSS Sunbeams» командасында бір жыл өнер көрсетіп, кейіннен елге оралды. 2016-2019 жылдар аралығында Алтынбекова «Алматы» клубында ойнаса, былтыр БАӘ-нің
«Al wasl» командасының намысын қорғады. Енді міне, күні кеше кәріқұрлықты бағындырды. Алдағы екі жылда отандасымыз Италия чемпионатында бақ сынайды.