Қазақстан • 07 Шілде, 2020

Шекарада шектеу бар

333 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүние жүзін дүрліктірген пандемияның кесірінен көптеген кәсіпкердің қолы байланып, шет мемлекеттерде білім іздеген жастарымыздың жүріп-тұруы, елге қатынауы қиындай түсті. Иә, Қазақстанда төтенше жағдай режімі аяқталғанымен карантиндік шектеулер кезінде ел шекарасын кесіп өту мәселесі өзектілігін жойған жоқ.

Шекарада шектеу бар

Отандастарымызды ойландырған осы мәселенің мән-жайын еліміздегі құзырлы органдардың қызметкерлері түсіндіріп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Осылайша Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихаты көптің көкейінде жүрген сауалдар мен сұрақтардың түйінін тарқатты. Оған ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Ғани Ағаділов, ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Олег Фисенко, ІІМ көші-қон қызметі комитетінің басқарма бастығы полиция полковнигі Асқар Алдоңғаров қатысты.

– Әлемде орын алған пандемия жағдайына байланысты еліміздің, шет ел азаматтарының, сонымен қатар мекемелер мен ұйымдардың тарапынан мемлекеттік шекарадан өту бойынша түрлі сұрақтар келіп түсуде. Өздеріңіз білетіндей, биыл 11 мамырда Қазақстандағы Төтенше жағдай режімі тоқтатылды. Алайда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін карантиндік іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл іс-шаралардың аясында коронавирустың таралып кетпеуі мақсатында алдын алу шаралары қарастырылған ведомстовоаралық комиссиясының хаттамасымен мемлекеттік шекараны өту тәртібі бекітілді, – деді Ғ.Ағаділов. Оның айтуынша, тәртіптік талаптарға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін шекарадан өтуге уақытша шектеулер енгізіліпті. Алайда Қазақстан азаматтарының ел аумағына кедергісіз қайтып келуіне және шетел азаматтарына елден шығуына рұқсат берілген. Шектеулер дипломаттарға, ұшақ пен теңіз кемелерінің экипаждарына, пойыз бригадаларына, жүк автокөлігі мен трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсетуші персоналдарға қолданылмайды. Шектеулерге қатысты толық тізбемен ҰҚК-нің knb.gov.kz сайтында shekaraknb.kz интернет ресурстарында танысуға болады.

Нарық жағдайы мен халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып (Төтенше жағдайлар кезінде, яғни 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында, 11 мамырдан бастап қойылып отырған карантиндік кезеңде де) мемлекетаралық жүк тасымалдауға Қазақстан шекарасын кесіп өтуге ешқандай шектеулер қойылған жоқ. Шекара қызметінің бөлімшелері карантин кезеңінде 100-ден аса тұрақты, чартерлік, әскери-көліктің және жүк-аваициялық ұшақтармен, автобуспен елге оралған Қазақстанның 14 000-нан аса азаматын бақылауды қамтамасыз етті.

Еліміз құрлықта Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерімен шекараласады. Бұл көршілес елдермен арадағы шекарада автокөлік және теміржол өткізу пунктері бар. Өткізу пункттерінің жалпы саны 100-ге жетіп отыр. Көліктің барлық түрлері бойынша халықаралық жолаушылар қатынасы тоқтатылды. Қазіргі уақытта 51 автокөлік өткізу бекеттерінің 39-ы жұмыс істеп тұр. Ал қалған 12-сі (10-ны – қазақ-ресей шекарасында, 2-еуі – қазақ-өзбек шекарасында) пандемияға байланысты уақытша жабылған.

Өз кезегінде О.Фисенко шет мемлекеттердің елшіліктерінен келіп түскен ресми өтініштер бойынша ел аумағы арқылы Өзбекстанның 2500-ден астам азаматының және Қырғызстанның 1000-нан аса азаматының ұйымдасқан транзиті жүргізілгенін алға тартты.

Алайда жолаушылар легінің едәуір азайғанына, дүниежүзіндегі пандемияға қарамастан, шекараны жалған құжат арқылы кесіп өту, бақылаудан тауар-материалдық құндылықтарды жасыру, тыйым салулар мен шектеулер қойылған азық-түлік тауарларын өткізу, қорғаныш құралдары және медициналық бұйымдарды заңсыз шығару фактілері анықталуда. Мәселен, 7 млн бетперде, 20340-тан астам респиратор, 3 мыңға жуық қорғаныс киімдерін, 4 млн қорғаныс қолғаптарын ел аумағынан заңсыз шығармақ болған азаматтардың жолын кестік, – дейді О.Фисенко.

Оның айтуынша шекараны ашу және бұрынғы өткізу тәртібін қалпына келтіру мәселесі тәуекелдерді талдау негізінде және үш негізгі көрсеткішті ескере отырып, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ең алдымен елдегі эпидемиологиялық жағдай жақсаруы, екіншіден, халықаралық әуе, автобус және темір жол қатынастарын жаңарту мүмкіндігі мен шарттары қолға алынуы, үшіншіден, сапар жоспарланған елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы керек. Бүгінде осындай шешімдерге Түркия мен Оңтүстік Корея елдері жүгініп отырған көрінеді.

2020 жылдың 10 шілдесіне дейін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар қандай да бір қосымша құжаттарды ресімдемей республикадан тыс жерлерге шыға алады. Бұл туралы А.Алдоңғаров мәлімдеді. Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай режімі аяқталған күні ел аумағында мәртебесі реттелмеген 145 мыңға жуық шетел азаматы болған еді. Бүгінде олардың 33 441-і Қазақстаннан кетіп, 4 мың шетелдік азамат виза алып үлгерді. 17 205 шетелдікке уақытша тұруға рұқсат берілсе, 78525 еңбек мигрантының әлі де өз жұмысын жалғастыруына болады.

– Көші-қон бөлімшелерінде түсінбеушілік туындамауы үшін шет ел азаматтарын Қазақстанда болу мәртебесін тезірек заңдастыруды, кейінге қалдырмауды сұраймын. Алдағы уақытта өз мәртебесін реттемеген шетелдіктер мен оларды қабылдайтын тараптарға құқықтық ықпал ету шаралары қолданылатынын ескертемін, – деді А.Алдоңғаров.