Руханият • 08 Шілде, 2020

Екі ақынның жырындағы елорда

1032 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Республика даңғылында орналасқан, қазіргі әскери музейге айналып кеткен көк күмбезді әсем ғимарат ол кезде Президенттік мәдениет орталығы деп аталатын. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде жаңа елорданың әдеби-мәдени ортасын қалыптастыруда осы үйдің көп ықпалы болды. Оны басқарған мемлекет қайраткері, атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков апта аралатып түрлі кештер өткізуді үрдіске айналдырғаны есімізде.

Екі ақынның жырындағы елорда

Біз елордалық зиялы қауым өкілдерінің көпшілігін ең алғаш осы орталықтан көрдік. Мұн­да мемлекеттік дәрежедегі ірі жиындардан бастап ақын-жазу­шылардың, ғалымдардың, ән­ші­лер мен жыршылардың кештері, суретшілердің көрмелері ұйым­дас­тырылатын. Бірақ, бір қызығы, сол кештердің көбінде қалам­гер­лер қауымының қаймағы бұ­зыл­май, бір қатарға кеп жай­ғасар еді. Алдымен кеш иесінің ерекшелігін бір айтып өтіп, со­ңы­нан елдік мүддеге ауысатын, сөйтіп құлағыңның құры­шын қандыратын телегей теңіз әңгімелердің соңы елорданы көркейтуге келіп тіреліп жататын. Мәдениет орталығының сахнасына көтерілген шешеннің арасында осалы жоқ-тын. Оларды тыңдап отыратын көрермендердің де рухани әлемге деген қызы­ғу­шылығы мен сұранысы басым түсіп жататын. Солайша қалам­гер мен оқырманның арасында онлайн емес, «жанды байланыс» орна­ғанына талай рет куә бол­ған­быз.

Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсын, Рымғали Нұрғали, Кәкімбек Салықов, Төлен Әбдік, Әлібек Асқар, Қойшығара Салғара, Дүкенбай Досжан, Нұрғожа Ораз... Бұл тізімді тағы да жалғай беруге болады. Бір өкініштісі, алғашқылардың қатарында елордаға қоныс аударып, осында шығармашылықтарын шың­даған, әдеби-мәдени орта­лар­дың негізін қалаған, соң­да­­рынан ерген ізбасарларына қам­қорлық көрсеткен аға буын қаламгерлердің көпшілігі қазір арамызда жоқ. Аяулы бейнелері сағынышқа айналып, алыстап кетті. Олар енді сахнаға шығып елдік мұрат, ұлттық мүдде, отаншылдық туралы ойларын ортаға салмайды, «ел ордасын мәдени астанаға айналдыру керек» деп ақыл айтпайды, еш­кімнің шығармашылығын талқы­ламайды, өлең оқымайды. Өлең демекші, бірде нағыз қара сөздің қаймағын қалқыған шешен Ақселеу Сейдімбек өлең оқыды. Талай жерде, талайлардың өзінің болсын, өзгенің болсын өлеңін оқығанын көріп жүрміз ғой, бірақ сол кісінің дәл сол жолы сахнада: «Әлі талай көктемдерге қонғым бар. Әлі талай келеді әнді тыңдағым. Неге маған сонша қатал болдыңдар. Жылдарым», деп тіп-тік қалпында мұңайып тұрған бейнесі, қоңыр даусы көкейімізде қалды.

 

* * *

Елорда жайлы осы уақытқа дейін жазылған шығармаларды жинақтаса, кем дегенде бес том болатын шығар. Оның ішін­де өлең-жырлардың үлес салмағы көбірек екеніне бәс тігеміз. Ақынжанды халықпыз ғой, қара сөзден гөрі өлең сөзді ішіміз қалап тұрады. Жыл са­йын елорданың құрметіне арнайы ұйымдастырылып келген мүшәйраларда да өлеңдердің сал­мағы басым түсіп жатты. Жалпы, білуімше, астанаға өлең арнамаған ақын кемде-кем. Бір өлеңмен шектелгендері бар, сондай-ақ поэма, баллада, өлең­дер циклін арнаған ақындар да бар. Олар солайша ел орда­сы­ның көркем әдебиеттегі образын қа­лып­­­тас­тыр­ды. Өз басымыз жаңа аста­наны жырлауда ерекше көзге түскен ақындар деп Кәкімбек Салықов пен Несіпбек Айтұлын атар едік.

Ақмола маңын, осындағы тарихи тұлғаларды, көзі тірі атақты адамдарды, жаңа астананы жырлауда, меніңше, марқұм Кәкімбек ақынның алдына ешкім шыққан жоқ сияқты. Ол тіпті қалада жаңадан бой көтерген «Қазақ елі» монументіне, Бейбітшілік пен келісім сарайына, «Әзірет сұлтан» мешітіне, «Хан шатырға», «Мәңгілік ел» қақпасына, «Астана опера» сарайына, Ақордаға жеке-жеке жыр арнап, оларды елдің жеті кереметіне теңегені есімізде. Сондай-ақ оның көзі тірісінде тек қана Астана туралы өлеңдері топтастырылған «Астана – елдің ажары» атты кітабы да жарық көрді. Сол кітаптағы бір өлеңінде ақын астананы Азияның ару қызына теңейді.

«Ай қабақ, жайма шуақ

жүзі қандай.

Ақ гүлдей сүйгің келер

үзіп алмай.

Астана – Азияның

жас қаласы,

Ажарын көрген адам

қызы­ғар­дай»,

– деп басталатын өлең жолдарында «Есілдің жағалауын жарқыратқан, Аққудың ұясындай әсем қала», «Бой жазған Сары­арқа­ның самалында. Астана – Азияның ару қызы» дейтін сәтті теңеулер баршылық. Негізі Кәкім­бек ақынның жаңа астана жайлы жырларын оқитын болсаңыз, қалай болғанда да олардың шын тебіреністен туған өлеңдер екенін түсінер едіңіз.

Ақын Несіпбек Айтұлының елордаға тікелей қатысты үш поэ­масы бар. Олар – «Ақмола шай­қасы», «Жер – жаннан қым­бат» және «Бәйтерек» поэмала­ры. Соның ішінде көпшілік жаңа астананың дәулеті мен сәу­ле­­тін кескіндеген «Бәйтерек» поэ­ма­сынан көбірек хабардар. «Бәйтерек» ақынның жырла­уын­да тек астананың емес, тәуел­сіз­дігіміздің символы. Жаңа ас­та­намен жаңа дәуірге қадам бас­қан қазақ елінің еркіндігін, тәуелсіздігін, осы жолда тер төккен тұлғаларды айшықтаған поэманың тілі шұрайлы, мазмұны терең. Бұл тек шаттық жыры емес, ақынның ел ертеңіне деген алаң көңілін де тануға болатындай. «Тіршілік түзегенде көркін жаңа. Сұрапыл соқпаса екен толқын жара. Армысың, азаттықтың Аста­насы – Талпынған арманына еркін қала!», деп жырлаған ақын оқырмандарын «Туыңдай қанат кер­ген желді күнгі, Танытты кең әлемге теңдігіңді. Тұрғанда Бәйтерегің көкке шырқап, Ұстай біл асқақтатып Елдігіңді», деген жолдармен жігерлендіреді.

Жалпы, біздің мақсатымыз – бұл поэманы талдау емес. Тек елорданы жырға қосуда ақын­дар­дың кемдігі болмағанын айту. Соның ішінде жарқырай көзге түскен қос ақын жайлы аз болса да жазба арнауды жөн санадық.