Бізге бүгін, яғни әлемдік кеңістікте тәуелсіз дамудың тарихи тұрғысынан алғанда, ұлттық кодымыз барынша сақталған өз жолымызды айқындап алудың маңызы ерекше. Ұрыс даласында да, бейбіт майданда да еңсесін ерлерше асқақ ұстаған қыздарымыздың ерлігі, нәзік те қуатты рухани мәдениеті, отбасылық үйлесімнің шебер ұйымдастырушысы болған тағылымдық тұлғасы енді үдерісті дамыған заманның талабына орай жаңа қырымен сомдалуда.
Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев гендерлік саясаттың бүгіні мен болашағына айрықша назар аударды. Қазір Қазақстан – адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында теңдікті қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған бірқатар маңызды шарттар мен конвенцияларға қатысушы. Осы бағытта бірқатар заң қабылданып, мемлекет тарапынан тиісті шаралар әзірленді.
Мәселен, Президент жанындағы әйелдер мүддесін көздейтін, мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар арасын байланыстыратын Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия 22 жыл бойы толассыз жұмыс істеп келеді.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда.
Президент Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған гендерлік саясатқа сәйкес, қазақстандық даму жағдайында еліміздегі әйелдер қауымына саяси және белсенді азаматтық ұстаным тұрғысынан барынша басымдық беріліп келеді.
Өз кезегінде, Қазақстанның гендерлік мәселелерді шешудегі үдемелі қозғалысын халықаралық сарапшылар да атап өтуде. Сонымен бірге медиа, ғаламтор және білім беру жүйелері де халқымыздың гендерлік саясат хақындағы сауатының өсуіне зор ықпал етуде.
Заманауи әлемде мемлекеттік қызметте, жеке кәсіпкерлікте болсын, әскери істе, ғылымда және өзге де өмірлік маңызды салаларда болсын әйелдердің орны айрықша екені белгілі. Сондықтан бүгінгідей даму жағдайында теңсіздіктің негізгі себептерінің бірі болып келген еңбекті бөлу жүйесі өзгеріп, ерлер мен әйелдер мамандығы арасындағы айырмашылықтар жойылуда.
Жасыратыны жоқ, әйел мүмкіндігін оның отбасындағы рөлімен байланыстыру көзқарасының әлі де басымдығына қарамастан, әйелдер қауымының саяси, экономикалық және қоғамдық өмірде тиімді шешімдер қабылдаудағы белсенділігі ұдайы артып келеді. Мәселен, елімізде өткізілген сайлау науқандарының нәтижелері әйелдер сайлау процесінің маңызды қатысушылары екенін де көрсетті. Тіпті 2019 жылы өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ел тарихында тұңғыш рет президенттікке кандидат ретінде Дания Еспаева ұсынылды.
Жуырда Мемлекет басшысының Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің екінші отырысында партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы керектігі жөніндегі бастамасы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заңда жүзеге асты. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің саны – 26. Бұл көрсеткіштен гендерлік теңдік мәселесінде мемлекеттік қызметшілер арасында айтарлықтай ілгерілеудің бар екенін байқаймыз. Мемлекеттік саясатты табысты іске асыруда әйелдер министрліктер мен әкімдіктерде де айтарлықтай өз үлестерін қосып жүр.
Ел бойынша 50 мыңға жуық әйел мемлекеттік қызметті өздерінің кәсіби қасиеттері мен мансаптық үміттерін іске асыру саласы ретінде таңдап отыр. Аталған көрсеткіш мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55,7 пайызын құрайды. Бұл Италия, Бельгия немесе Испания сияқты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің ұқсас көрсеткішінен асып түседі. Ал, басшы лауазымындағы тұлғалар арасында әйелдердің үлесі 40 пайызды құрайды, яғни басқарушы лауазымдарда 9,5 мыңнан астам әйел қызмет етуде. Жоғары басқарушылық қызметтердегі белсенділігі олардың бәсекеге қабілетті, көшбасшылық қасиеттері жоғары екендігін көрсетеді.
Бір қуантарлығы, мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтердегі тұлғалар арасында әйелдер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет облыс әкімі лауазымына әйелдер өкілі тағайындалды. Бүгінгі күні саяси мемлекеттік қызметшілердің 49-ы әйелдер. Оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағалары, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрлері бар. Бұл ғана емес, әйел азаматтар сала және елді мекендер аясындағы шешімдер қабылдаумен байланысты 500-ден астам басқарушы әкімшілік лауазымдарды атқаруда.
Мұның бәрі гендерлік саясатты заңнамалық деңгейде де, іс жүзінде де дәйекті іске асырудың арқасында мүмкін болды. Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңында мемлекеттік қызметке кіру кезінде қандай да бір, соның ішінде жынысына немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты кемсітушілікке жол берілмейді. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларынан туындайды.
Сонымен бірге агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуде, бұл – мемлекеттік қызметке түсуге тең мүмкіндік жасаудың маңызды алғышарты болып табылады.
Бес жылдан бері елімізде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істейді, оған көшу әйелдердің, оның ішінде бәсекелес және тең жағдайларда басшы лауазымдарға орналасу мүмкіндігін арттырды. Мемлекеттік қызметке орналасудың рәсімін одан әрі жеңілдету, оның ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру үшін биыл агенттік бастамасымен осы бағыттағы ережелерге өзгерістер енгізілді.
Өзгерістерге сәйкес, енді үміткерлер мемлекеттік бос орындарға жарияланған байқауларға қажеттілік бойынша үйден шықпай-ақ қатыса алады. Ол үшін құжаттарды электронды пошта арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді және ұсынылатын құжаттар тізімі біршама қысқартылды.
Цифрлы технологиялар заманының талаптарына сәйкес, кандидаттар үшін әңгімелесуден өтуді қашықтықтан бейне байланыс құралдары арқылы жүргізу мүмкіндігі де қарастырылды. Әлеуетті бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді. Енді әрбір кәмелеттік жасқа толған, әрекетке қабілетті азамат әңгімелесу барысында бақылаушы бола алады.
Жалпы 2019 жылы жүргізілген конкурстарға 50 мыңнан астам адам қатысса, оның шамамен жартысын – 46,1 пайызын әйелдер құрады. Конкурс нәтижесінде тағайындалған әйелдердің үлесі – 46,2 пайыз. «Б» корпусының басқарушы лауазымдарына 10 мыңға жуық үміткердің 32,5 пайызы әйелдер болған және конкурс нәтижелері бойынша тағайындалғандар 32,1 пайызды құрады.
Мемлекеттік қызметшілердің отбасылық және мансаптық міндеттерді қатар атқарып, бос уақытын тиімді пайдалануына кең мүмкіндіктер қарастырылды. Бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдарда икемді жұмыс кестесі енгізілді, әкелер үшін декреттік демалыстарды танымал етуге назар аударылуда. Мемлекеттік қызметте еңбек уақытынан тыс жұмыс істеу айтарлықтай қысқарды.
2015 жылдан бастап қызметтік этиканы сақтау бойынша мониторинг жүргізу мен бақылауды іске асыратын Әдеп жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді. Олардың қызметі заңнаманы бұзудың алдын алуға және барлық мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға бағытталған. Мемлекеттік қызметтің қолданыстағы моделі қызметшілерді дамыту және олардың біліктілігін, қажетті білімі мен дағдыларын арттыру үшін ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады.
Даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру институттары белсенді жұмыс істеуде. Бұл ретте гендерлік тақырыпқа да назар аударылады.
Мемлекеттік органдардың кадрлар бөлімдерінің басшыларын оқыту жүйесіне халықаралық оң тәжірибе негізінде әзірленген жұмыс пен отбасын байланыстыру бойынша тақырыптық сабақтар енгізілді.
Сондай-ақ өңірлерде «Қазақстан Республикасындағы Отбасылық және гендерлік саясатты іске асырудың тұжырымдамасы», «Гендерлік және жастар саясатының іске асырылуы», «Отбасы және гендерлік саясат: өңірлік саясат» тақырыптары бойынша мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары да жүргізілді.
Әрине дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет әзірге ерлер мен әйелдер арасындағы толық теңдікке қол жеткізе алмай келеді. Дегенмен, бұл бағытта, сөз жоқ, игі қадамдар жасалуда.
Қазіргі әлемде гендерлік проблема және әйелдердің ерлермен тең құқығы жолындағы күрес арнаулы топтардың ғана емес, сондай-ақ жалпы қоғамда да белсенді талқылануы тиіс. Мұның қозғаушы күші – бүгінгі әйелдердің белсенді позициясы.
Халықаралық конвенциялар гендерлік жүйедегі кедергілерді еңсеру бойынша көптеген шараны ұсынады, ең бастысы олардың бар екендігін мойындау. Дамыған елдердің тәжірибесі кешенді тәсіл пайдаланылатын елдердегі гендерлік саясат неғұрлым тиімді екенін көрсетеді.
Ең алдымен, гендерлік теңсіздік – тарихи қалыптасқан дәстүр деген пікірден алшақтау қажет. Бұл ретте қоғамдық сананы жаңғырту, адами көзқарас пен қабылдауды өзгерту маңызды болмақ. Қазақ халқы әрқашан әйел затын қадірлеп, құрмет тұтып қана қоймай, олардың қоғамдағы айрықша рөлін де атап көрсетеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында жазушы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында адамзат қоғамының өркендеуіндегі әйелдің мол үлесін, жас ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне ең алдымен қоғамдағы әйелдің хал-жағдайын түзеп, оңалту арқылы елдің гүлденуіне қол жеткізуге болатынын атап көрсеткен еді.
Көп жағдайда әйелдер туралы қалыптасқан теріс бағыттағы көзқарастар олардың арасында өздерінің мүмкіндіктеріне деген сенімсіздікті тудыруы мүмкін. Дегенмен жаһандану, ақпараттың ашықтығы, ғылым санадағы кедергілерді жоюда жаңа мүмкіндіктерге жетелеп келеді. Бүгінде әйелдердің қоғамдағы рөлі ең алдымен өзінің таңдауымен, білімі мен қабілетін көрсете алуымен көрінеді. Ал ерлер мен әйелдердің тең құқықтары, әйелдерді қоғам өміріне белсенді тарту жолында қоғам мен билік тиісінше қолдау көрсетуге, адами әділдік ұстанымын жақтауға тиісті деп білемін. Әйел құқықтарын жүзеге асыруда кедергі болатын қауіп-қатерлерді еңсеру үшін мемлекеттік органдар қоғамның басым бөлігін тарта отырып, бейресми, ашық пікірталас алаңдарында, форумдарда барынша кең талқылау керек.
Қазіргі таңда, ашық және бәсекелестік тәртібінде мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін пайдаланып, өзіне өзі өте сенімді және өз әлеуетін толыққанды іске асыру үшін көптеген қыздарымыз және тәжірибелі әйел азаматшаларымыз мемлекеттік органдарда жігерлі қызмет атқаруда.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы