Коронавирус • 10 Шілде, 2020

Дертке дерт жамап алмаңыз (Әсіресарапшылардан сақ болу ескертіліп отыр)

892 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде бірімізге тән ауырып, бірімізге тән ауырмаса да жан ауырып тұрған күрделі кезең болып тұр. Қысылтаяң кезеңде қос өкпеден қысқан індет ағайындасып, әркімнің әріптесі мен сыйлас жамағайынын, жақын-жұрағатын, алты Алаштың айтулы азаматтарын да арамыздан алып кетіп жатыр.

Дертке дерт жамап алмаңыз (Әсіресарапшылардан сақ болу ескертіліп отыр)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай халыққа арнаған үндеуінде батпандап кірген ауру мыс­қалдап шығатынын айтып, қалың бұқараға мемлекет тарапынан барлық қолдаудың бола­тынын жеткізді, күллі қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Әсіресе әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау саласына қатысты әртүрлі арандату мен ауырған науқастарды адастыратын ақыл-кеңестің көбейіп кеткені де алаңдатпай қоймайды.

Бұл ретте қазақтың «тәуіптің жақ­сы­сы – ауруға ауру қоспағаны» деген дана сөзі еске түседі. Дәріханадан да, дә­рігерден де іздегені мен сұрағанын тап­пай дағдарған сырқатқа дәл қа­зір­гі сыни уақытта әрбір дұрыс бе­ріл­ген кеңес – үлкен демеу. Өйткені тіл­дің ұшында науқасқа жасалатын ем­нің пайдасы мен зияны, ең бас­ты­сы адам өмірі тұр. Бұл орайда әлем­ді әбігерге салған вирустың емі де то­лық қалыптаспағанын, халықаралық ұйым­дардың хаттамасына сәйкес қол­да­нылып жүргенін де ескерген абзал. Сондай-ақ адам ағзасының жеке тұлға ретіндегі ерекшеліктері де есте болуы тиіс. Осыған орай еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ жыл­ғы өтілі бар дәрігерлер мен білікті маман­дар­дың, ғылым өкілдерінің ақыл-кеңесіне сәйкес қазіргі уақытта айтылып жатқан емдеу түрлері мен дәрі-дәрмектің кез кел­ген түрінің кері және жанама әсері бо­латынын ескертеді.

«Алайда адамдар түрлі таблетка ішер кезде немесе антибиотик салдырар алдында бұл мәселе төңірегінде көп ойлана бермейді. Біз науқастар ең көп қолданатын препараттарды қарап шығып, олардың пайдасы мен зия­нын түсінуге тырыстық» дейді сала мамандары. Яғни министрліктің мә­лім­деуінше, кез келген дәрілік препаратты науқастың денсаулығына, оның симптомдарына байланысты және анамнезіндегі гипертонияны, қант диабеті немесе жүрек-қан та­мыр­ларының патологиясы сынды қа­уіп­­­ті факторларды ескере отырып, дәрігер ғана жазып беруі керек. Егер өзіңізге өзіңіз дәрігер болсаңыз және қорапты ашқанда, тіпті, нұсқаулығын оқы­май қоқысқа тастай салсаңыз, онда төмен­де­гі ақпаратты білгеніңіз дұрыс.

 

Қызуды түсіретін дәрілер

Мемлекеттік дәрілік заттар тізімін­де халықаралық патенті жоқ парацетамол және құрамында парацетамол бар таблетка, суспензия, суппозиторий, отандық және шетелдік зауыттар өндірген ұнтақ сынды 86 препараттың атауы тіркелген. Яғни таңдау көп. Бұл жерде сіз қандай шешім қабылдайсыз, міне, сол маңызды. Мысалы, бәріміз жиі қолданатын парацетамол өте улы, әсіресе, бауыр мен бүйрекке зиян. Оны бақылаусыз және негізсіз ішкен­де аллергиялық аурулар мен бронх демік­песі күшеюі мүмкін.15 жасқа толмаған ба­ла­ларға беруге тыйым салынған ас­пи­риннің салдарынан ішектен қан кетуі мүмкін. Егер бұл препарат тұмау немесе қызылшаға қарсы қабылданса, Рея синдромы немесе соңы өліммен аяқ­та­латын бауыр ауруы өршуі мүмкін. Ал анальгин қан жасушаларының тү­зіл­уін бұзады және ішкі қан кету, ауыр аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Ибупрофен – қызуды түсіретін дәрі­лер­дің арасындағы ең қауіпсізі саналады, бірақ жүректі айнытып, құстыратын гастропатикалық әсері де бар. Бұл препаратты бақылаусыз қабылдаған жағдайда созылмалы гастрит, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы өршіп, қан кету, бронхтың түйілуі, ағзадағы сұйықтықтың кешігуі, көру қабілетінің бұзылуы мүмкін. Оны парацетамолмен бірге ішуге болмайды.

Қазақстандағы коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттамада қызуды төмендететін осы екі препарат ұсынылды, бірақ шектеулі дозада және температура 38 градус­тан жоғары болғанда ғана қолдануға кеңес берілген. Парацетамолдың дозасы 500 мг немесе ибупрофен – 200-400 мг, бірақ тәулігіне 4 таблеткадан артық емес. Сонымен қатар безгектің жұқпалы-қабыну процесіне ағзаның қорғаныш реакциясы бар екенін ескер­геніңіз жөн.

Температура жоғарылағанда инфекция қоздырғыштары баяу көбейеді, ал иммундық жүйенің белсенділігі артады – иммуноглобулин мен интерферон пайда болады. Сондықтан температураны үнемі төмендетпеу керек. 38 градусқа дейінгі қызу, керісінше, ағза­ның дертке қарсы күресуіне көмек­те­седі.

 

Вирусқа қарсы препараттар

Денсаулық сақтау министрлігі ви­рус­қа қарсы сипаттағы 29 препа­рат­тың ішінде ЖРВИ мен ЖРВИ кешенді емдеуге арналған 23 дәрілік затты ғана ұсы­нады. Оның арасында Арпефлю, Ре­мантадин, Эргоферон, Ингавирин, Арби­дол және Кагоцел бар.

Біріншіден, COVID-19 емдейтіндей оның тиімділігі дәлелденбеген және кли­никалық хаттамада амбулаториялық жағ­дайда вирусқа қарсы препараттар қабылдау туралы ештеңе айтыл­ма­ған. Екіншіден, иммунитет осы препараттардың көмегімен жасанды түрде сақталады және адам оны тоқ­татқаннан кейін, ағза толығымен қор­ғал­маған, яғни аурудың қайталану қауіпі бірнеше есе артады.

 

Антибиотиктер

Вирусқа қарсы препараттармен қатар антибиотик те көп қолданылуда. Антибиотикпен вирустық инфекцияны емдемейді және оның пайдасы да жоқ. Ұзақ қолданған жағдайда оған ағза үйреніп кетеді. Демек, шынымен қажет болғанда немесе қиын жағдайда дәрігердің дәрі-дәрмек таңдауы қиын бо­лады. Сонымен қатар бауыр мен бүй­ректі химиялық заттармен улау қаупі өте жоғары, және жанама әсері көп – асқазан-ішек жолдарының функциясының бұзылуынан жүйке жүйесі тарапынан теріс реакцияларға дейін болуы ықтимал.

Аталған терапияны қабылдар кезде немесе дәрігер тағайындағанда мына ере­желерді есте сақтаңыз: анти­био­тик­тер­ді пробиотиктермен қабылдау керек, оларды курспен ішу керек; бірінші инъекция алдында, егер препарат бұ­рын қолданылмаса, сезімталдыққа тест жасау қажет; балалар мен жүкті әйел­дерге көрсетілімдер бойынша және дұрыс режімде қабылданса ғана ұсы­нылмайды; таблеткадан инъекция жақ­сы; антибиотиктер алкогольмен үй­лес­пей­тінін есте ұстаған абзал.

Сондай-ақ отандық дәрігерлер Қазнетте пациенттерге қауіпті вирусқа қар­сы күресте айтылып жүрген ең зиян­ды алты кеңесті түзіп алған екен. Оның қатарында ингаляциялық бумен емдеуді алсақ, бұл қан қысымы жоға­ры, жүрек-қан тамырлары ауруы­на қарсы әсер беріп, бүйрек қыз­ме­ті­нің бұзылуына алып келеді. Ал усарым­сақты аш қарынға қолдану асқа­зан-ішек жолдарының ауруы бар адамдарға кері әсер береді. Сол сияқ­ты арақты мөлшерден артық қол­дану немесе спирттің буымен де­зин­фек­ция жасау иммундық жүйені әлсі­ретіп, вирусты тез қабылдауға ықпал етеді. Өкпенің жұмысын «жан­дан­дыруға» байланысты шектен тыс салмақ түсіру де оның қызметін әлсі­ре­теді. Сондай-ақ дәрігерлер хижама жа­саудың да пайдасынан зияны мол болуы мүмкін екенін жеткізеді. Және ан­тибиотиктердің қауіпсіз болмайтынын, әсіресарапшылардан сақ болуды ескертеді.