09 Сәуір, 2010

“БІЗГЕ ЕТЕНЕ ТУЫС ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫН АЯЙМЫН”

558 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше “Евроньюс” телеарнасы­на берген сұхбатында Нұрсұлтан На­зарбаев Қырғызстанда болып жатқан соңғы оқиғаларға байла­ныс­ты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді. Мемлекет басшысы біз үшін туысқан елде тағы да тұрақсыздық орын алып, азаматтардың қаны тө­гілгеніне өкініш білдірді. Президент Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде республика Парламенті Мәжілі­сі­нің вице-спикері Ж.Кәрібжановты Қырғыз­стан бойынша арнаулы өкіл етіп тағайындағанын атап өтті. ЕҚЫҰ Хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ Хатшылығының Қақтығыс­тар­ды болдырмау жөніндегі орта­лы­ғы­ның директоры Г.Зальбер жі­берілген. Нұрсұлтан Назарбаев көрші рес­­публикада болып жатқан күш қол­дану мен тонаушылықты айып­тады. – Қырғыз Республикасы – біздің көршіміз. Осы оқиғаларды үлкен өкінішпен бақылап отыр­мын. Мен осындай тұңғиық иірімге үнемі тап болатын етене туыс қыр­ғыз халқын аяймын. Барлық сая­сатшылар бұл ретте халыққа қам­қор­лық жасайтынын, оларға жақ­сылық тілейтінін айтумен болады. Ал іс жүзінде екінші күн бүлінген­нен бүлдірге алушылық – тонау­шы­лық жүріп жатыр. Дүкендерді қиратып, өртеуде, банктер жабыл­ған, бизнес қалалардан безіп, Қыр­ғыз­станнан капитал кетуде. Тұрақ­ты­лық жоқ болса – ештеңе де бола ал­майды. Саясатпен, баррикадалар­мен айна­лыспау керек. Алдымен ха­лықты тойындыратын, оған жұ­мыс беретін нәрселермен айналысу керек. Осындай келеңсіздік салдарынан бүгінде Қырғызстан халқының жартысынан астамы кедейшілік деңгейінен төмен жағ­дайда тұрады. Жұмыссыздық өте көп. Жан басына келетін ІЖӨ, салыстырып көріңіз, Қырғыз­стан­да – 800 доллар, Қа­зақстанда – 8000 доллар. Қазақстан бүкіл осы жылдары бейбіт өмірдің ләззатын көруде, адамдар тыныш еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуде. Елде тұрақтылық бар. Көпұлт­тылығына қарамастан, адамдар бір-бірін құр­меттейді, толеранттылық өте жоғары. Осының өзі бізге даму мүмкіндігін береді, инвестиция тарту мүмкіндігін туғызады. Мұның бәрі тұрақтылық пен халықтың тыныш өмір сүруі – ең басты мәселе екенін көрсетеді, – деп қадап айтты Президент Нұрсұлтан Назарбаев.