Экономика • 12 Шілде, 2020

“Қарапайым заттар экономикасы” жобасының қаржысы қайда бөлінген?

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы әзірленіп, өткен жылдың ақпан айынан іске аса бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

“Қарапайым заттар экономикасы” жобасының қаржысы қайда бөлінген?

Бірақ, тұрғындардың көбі өзінің жеке бизнесін бастауды қаласа да, қайда бару керектігін білмейді.

Егер жергілікті жердегі кәсіпкерлік палатасына бару керектігін білсе, бизнес-жоспар жасаудан қаржы алғанға дейін кеңес алар еді.

Екіншіден, екінші деңгейлі банктердің филиалдарына барып, заңды тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің көмегіне жүгінесіз. Осы орайда кез келген банктің қояр ішкі талаптары барын да ескеру керек.

Осы кезеңнен өткеннен кейін ғана "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының толыққанды қатысушысы атанып, бизнес жоспарыңызды жүзеге асыра алады.

Бағдарлама барысында тамақ өнімдері, киім-кешек, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары,жиһаздар шығаратын кәсіпорындарға тиімді тетіктерді пайдалануға мүмкіндік берілді.

Бұл 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, оны кәсіпті бастауға, кеңейтуге, қаржы айналымын толтыруға пайдалану деген сөз.

Мысалы, өңірімізде өткен жылы жалпы құны 14,7 млрд. теңге болатын 66 жоба мақұлданған.  

Бірақ, 66 жобаның 57-сі мал басын көбейту, агроөнеркәсіптік кешенді кеңейту мақсатында қаржыландырылған.

Ал, тамақ өнімдерін өндіру, туризм, көлік, құрылыс, жиһаз жасау сияқты басқа да салаларғақатысты жобалар болмаған.  

Өкінішке қарай, қаржының барлығы дерлік "Еңбек", "Сыбаға" сынды бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығына бөлінген.

Сондай-ақ, Төтенше жағдай режимінде кәсіпкерлердің біразы қиындыққа тап болғанын ескере келе, "Қарапайым заттар экономикасының" кепілдендіруге қатысты бағытына өзгерістер де енгізілді.

Бұған дейін құны 3-5 млрд. теңгелік жобалардың 20 пайызына кепілдік берілсе, енді 30 пайызға дейін кепілдік берілетіні хабарланды.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, бұдан былай күріш өсіретін, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерді пісіретін, жеңіл металл құрылымдарын шығаратын, кран, лифтілер сияқты көтеру құралдарын дайындайтын, агроөнеркәсіптік кешен саласында қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар да бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Бұған дейін аталмыш бағыттар өзге бағдарламалар аясында аз көлемдегі жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз қаржыларды ғана алып келген еді.

- Тұрғындар "Қарапайым заттар экономикасының" тиімділігін түсінген болуы керек, қатысуға ниеттілер қатары артып келеді. Жыл басынан бері жалпы сомасы 4,4 млрд. теңге болатын 16 жоба мақұлданды. Екінші деңгейлі банктердің қарауында тағы 20-дан астам жоба бар. Одан бөлек, жобалық кеңсе 193 жобаны жан-жақты талқылап, әзірлеуде, - дейді Ж.Хасанов.

Бірақ, мәселенің бәрі сөз , есеп  жүзінде ғана жақсы сияқты. Нақты іс барысы әлі байқалмайды.

 Павлодар облысы