15 Қазан, 2013

Футбол: Ирландия – Қазақстан 3:1

443 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
15-10-13-futbol-irlandia-kazakhstan-2 Бүгін, қазанның 15-інен 16-сына қараған түні Дублинде Қазақстан құрамасы Ирландия командасымен 2014 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің қорытынды матчын өткізді. Ойын Ирландия құрамасының жеңісімен аяқталды. Есеп – 3:1. Командалар мына құрамдарда ойнады: Ирландия – Дэвид Форд, Симус Коулмэн, Марк Уилсон, Джон О’Ши, Джеймс Маккарти, Робби Кин, Энтони Стоукс (Уэс Хулахан, 87), Даррон Гибсон (Грин Уилан, 37), Ричард Данн, Энди Рид (Эйден Макгиди, 75), Кевин Дойл. Қазақстан - Андрей Сидельников, Марк Гурман, Андрей Карпович (Павел Шабалин, 84), Александр Кислицын (Андрей Финонченко, 32), Виктор Дмитренко, Алексей Щеткин (Игорь Юрин, 61), Константин Энгель, Мақсат Байжанов, Дмитрий Шомко, Сергей Хижниченко, Валерий Коробкин. Матч біршама жайбарақат басталды. Оның 7-минутына дейін қарсыластар бір-бірлерінің қақпаларына пәлендей қауіп төндіре алған жоқ. Шамамен 10-минутқа қарай алаң иелері Андрей Сидельников қорғаған қақпаға бірінші тура соққы жасады. Атап айтқанда, Энди Ридтің басымен ұрған добын біздің голкипер оп-оңай қағып алды. Содан соң ирландиялықтар қақпасы алдында да сондай сәт туды. Бірақ Мақсат Байжановтың аяғынан ұшқан доп бағаннан биік кетті. Арада бар-жоғы үш минут өткенде қазақстандықтар тағы да жорыққа шықты. Өзіне тура келіп қалған допты біздің Дмитрий Шомко тоқтатпастан ұрды. Гол! Доп зырлаған бойда жолдан еш кедергі көрмей, жібек тордың бауларын сілкіп барып, құлап түсті. Өкінішке орай, тағы бір үш минуттан кейін біздің жігіттер тақыр жерде сүрінді. Дәлірегі, Александр Кислицын өз айып алаңы ішінде допты қолымен ұстай алды. Сосын латвиялық төреші Владимир Директоренко ойланбастан, нүктені нұсқады. Пеналтиді Робин Кин теуіп, допты қақпаның төрінен бір-ақ шығарды. Сосын ойын тағы да қалыпты ақырын ағымға түсті. Бірақ доп көбіне алаң иелерінен шықпай тұр. Кенет, 26 минутта олар күтпеген жерден тағы бір гол соғып кетті. Алдымен Ричард Данн соққы жасады. Оны Сидельников қайтарды. Бірақ доп шабуылшы О'Ши Джон аяғына дөп келе қалды. Мұндай қолайлы сәтті ирланд футболшысы құр жіберген жоқ. Бұдан кейін екі жақ та ойыншылар алмастырды. Әуелі Кислицынның орнына Андрей Финонченко шықты. Арада 5 минутты өткізіп, 37-минутта алаң иелерінен Уиланның орнын Гибсон басты. Екінші тайм да жайбарақат өрбіп жатты. Қарсыластар бір-бірін көпке дейін айрықша бір мазалай қоймады. Тек екі жақтан бір-бір соққы жасалғаны ғана есте қалды. Бізден Щеткинді Юрин алмастырды. Жаңағы соққының бірін де сол орындады. Шамамен, таймның ортасына қарай қазақстандықтар алға ұмтылып көрді. Олар жылдам ойнамақшы болып біраз талаптанды. Алайда, одан пәлендей жақсы нәтиже шығара алмады. Кенет күтпеген жағдай орын алды. Кездесудің 78-минутында осы ойында есеп ашқан Шомко өз қақпасына гол салып алды. Автогол! Есеп – 1:3. Руслан Игілік. Тағы мынадай ойындардың нәтижелері белгілі: Әзербайжан – Ресей 1:1 Португалия – Люксембург 3:0 Литва – Босния және Герцоговина 0:1 Грекия – Лихтенштейн 2:0 Кипр – Албания 0:0 Израиль – Солтүстік Ирланлдия 1:1 Швейцария – Словения 1:0 Норвегия – Исландия 1:1 Венгрия – Андорра 2:0 Түркия – Голландия 0:2 Румыния – Эстония 2:0 Латвия – Словакия 2:2 Англия – Польша 1:0 Сан-Марино – Украина 0:8   Суретті түсірген Әнуар Абдрахманов.
Соңғы жаңалықтар