Руханият • 14 Шілде, 2020

Шертершілер құрған онлайн-ансамбль

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин уақыты өнер адамдарының өзгеше ізденісіне, тыңдармандармен жаңа байланыс орнатуына мүмкіндік ашуда. Оған дәлел елімізде алғаш рет онлайн жоба негізінде құрылған шертершілер ансамблі. Бұл ансамбль әр облыстан музыканттардың басын біріктіріп, қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аспабын насихаттауда.  

Шертершілер құрған онлайн-ансамбль

Шертер домбыраға ұқсас шағын ғана аспап. Онымен күй, ән орындаушылар аз болғандықтан да көпшілік бұл аспапты біле бермейді. Сондықтан да оны насихаттауды әрбір шертерші өзіне үлкен міндет санайды. Ал ансамбльді құру идеясын ұсынған Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының "Әлқисса" фольклорлы ансамблінің және Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық инструменталды оркестрінің солисі Татьяна Букирова. Бұл ой оған 2018 жылы Петропавл қаласында өткен, шертершілердің басы қосылған республикалық "Гаухар тас" фестивалінде туындаған еді. Оны жүзеге асыру дәл осы пандемия кезінде мүмкін болған.

Онлайн-ансамбльдің қалай құрылғандығы жөнінде Татьянаның өзі былайша әңгімелеп берді.

- Көктемнен бастап қашықтан жұмыс істеуге көштік. Осы кезде бекерге қарап жатамын ба деген оймен еліміздің түкпір-түкпіріндегі шертершілерге хабарласып, ансамбль құру туралы ойымды айттым. Бастапқы кезде жеті шертерші болып, Айбол Құдайбергеновтің "Желдірме" күйін орындап, көпшілікке тараттық. Бірте-бірте қатарымыз қосылып, қазір он адамға жетті,  – дейді ол.

Ансамбльге шығармасы арқау болған Алматы облыстық филармониясының "Сазген" фольклорлы-этнографиялық ансамблінің аспапшысы, сазгер Айбол Құдайбергенов:

- Маған хабарласып, ансамбльдің орындауына шығармамның ұсынылып отырғанын айтқанда таңданғанымды жасыра алмаймын. Шығармамның ел көлеміне кең таралғанын білмеппін. Оны 2003 жылы жазған едім. Кеңесіп бәрі бірауыздан осы күйді таңдаған соң, нотасын алып дайындалып, әркім өз үйінен орындап бейнежазбасын Татьянаға жіберді. Әр жазбаны біріктіріп, өңдеп, ансамбль құрау оңай болған жоқ. Бірақ, бұл Татьянаның қолынан келді, – дейді сазгер.

Бүгінде ансамбльдің құрамында Татьяна мен Айболдан басқа Павлодардан Аманжол Жұмалин, қызылордалық Бағдат Құдайбергенов, Нұр-Сұлтан қаласынан Ербол Мұхамедиев, көкшетаулық Әнуарбек Файзуллин, Өскеменнен Алуа Тәшенова, қостанайлық Берік Оразалин, Ақтаудан Бауыржан Көбенғалиев, шымкенттік Ерлан Дәуренбеков бар.

Жуырда өткен Ұлттық домбыра күнінде Абайдың "Торы жорға" күйін көпшілік назарына ұсынған ансамбль кезекті шығармасын жарыққа шығару үшін дайындық үстінде.