Атырау облысында дәрігерлерге қатысты дау шықты. Құлсары перзентханасында кесер тілігі арқылы босанған Сәуле Бапаева баламды ауыстырып жіберді деп жергілікті дәрігерлерді кінәлап отыр. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
С. Бапаеваның айтуынша, отадан кейін ақ халаттылар оған "перзентіңіз қыз, бірақ өлі туылды" депті. Алайда, қолына ер баланың мүрдесін ұстатқан. Тіпті оның да ішкі органдары мүлдем басқа сәбидікі болып шыққан. Осы бассыздыққа ашынған ерлі-зайыптылар баласын алып, жатырын кесіп тастаған дәрігерлерді сотқа бергенмен, қылмыстық іс 5 жылдан бері жүргізілмей келеді.
Осы дау шыға салысымен перзентханада шетінеп кеткен 10 сәбидің мүрдесі қазып алынып, тексеруден өткізілген. Бірақ, олардың бір де біреуі Сәуленің баласы болмай шыққан. Ал анасы нәрестенің тірі екеніне сенімді. Тіпті қызы дәрігерлердің бірінде болуы да мүмкін екенін айтады.«Менің күмәнді адамдарым – осы Жылой перзентханасының дәрігерлері Бейісова Балгүл, Мамбетова Сауле, тағы да бір күдік келтіретінім Мамбетова Сауле. Ол үйге келген сәтінде балдарыңыз қайда, кімге ұқсайды, сізге ұқсай ма, жолдасыңа ұқсай ма деп қайта- қайта сұрай берді. Не себепті ол сұрады? Мүмкін менің тірі қызымның қайда екенін біліп, өскенде осыларға ұқсап қалмас па екен деп сұрап отырған болар?», - дейді зардап шегуші С. Бапаева.
Қазір осы іске байланысты қозғалған қылмыстық іс 8 томға жетіпті. Дегенмен, 5 жылдан бері соңғы нүктесі қойылмай келеді. Ерлі-зайыптылар осы іске қатысы бар тергеушілерді де сотқа берген. «Бізге қоңырау шалған адам сендер бейітті ашпай ақ қойсаңдаршы деген уәж айтты. Одан да біз сендерге сізді бірінші қабылдаған дәрігерді жығып берейік деді. Кейін ол телефонның қайдан соғылғаны анықталды. Ол ДВД-ның тергеушілер бөлімінің бастығы Қашкенов Есмұқанның кабинетінен соғылған болып шықты», - дейді зардап шегуші Нұрлан Ашықбаев.
Осы оқиғаға орай, қазір істің қалай жүргізіліп жатқанын білмек болып құқық қорғау органдарына хабарластық.«Қазіргі кезде осы іске байланысты сот молекулярлық сараптама тағайындалды. Жалпы, прокуратура органдарымен іс зерделенуде», - дейді Атырау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Балнұр Есенгелдинов.
Сәуле мен Нұрлан былығы көп істің соңына жету үшін жатырды медициналық сараптамаға жіберген екен. «Егер жатыр менікі болып шықпаса, экспертизаны басқа жерге жасатамыз»,- дейді Сәуле.
Дәрігерлердің кесірінен жүйкесі жұқарған ана енді ақ халаттыларды сотқа бермек. Ал осы оқиғадағы басты кейіпкер -Жылой аудандық орталық ауруханасы перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Мәмбетова өзінің бірде отада екендігін, енді бірде қолының мүлде босамайтындығын айтып, сұхбат беруден бас тартты.
Бақытбек Кенешұлы.