Таным • 15 Шілде, 2020

Полуторка және көшкен аудан

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дарьинскіге барған сапарымда даңқты жазушы М.Шолоховтың мемориалдық музейінде болғанда, музей ауласындағы биік тұғырда тұрған шынжыр табанды «ДТ-54» тракторы мен полуторка машинасын көргенмін. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Правда» газетінің тілшісі ретінде жазушымыз осы полуторкамен майдан даласындағы әскери бөлімшелерді аралап, отты жылдардың шежіресін тарқатқаны күмәнсіз.

Полуторка және көшкен аудан

Полуторка кеңестік машина жасау өндірісінің алғашқы өнімі, төл туындысы десек, қателесе қоймаспыз. 1932 жылы көліктің алғашқы данасы конвейер­ден шығыпты. Оның төрт цилиндрлі двигателі бар, жылдамдығы –  42 шақырым, жүк көтеру мүмкіндігі – бір жарым тонна. Полуторка атануы оның көтеретін салмағына байланыс­ты болса керек. Бір кісінің салмағы орташа 70 кило десек, оған 20 кісі сыятынын болжау қиын емес. Полуторканы ағаш машина деуге болады. Оның тегершігі резеңкеден, моторы металдан, фарлары әйнектен, кабинасының төбесі дермантиннен, ал қалған басқа бөлшектері ағаштан жасалған. Әрине уақыт өте келе жетілдірілген тұстары аз емес. Ол стартермен емес қолмен, яғни рукояткамен бұрап оталған. 1932-1949 жылдары полуторка  «ГАЗ АА» маркасымен Горький қаласындағы машина жасау зауытынан шығарылса, 1949-1956 жылдары «ГАЗ ММ» маркасымен Ульяновск қаласындағы зауытта құрастырылыпты.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 150 мың полуторка жауынгерлік қызмет етті деген дерек кездеседі. Әсіресе бұл ма­шинаның даңқы 900 күн жау қоршауында болған Ленинград тарихымен тығыз байланысты. Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен байланысты тек Ладога көлі арқылы және әуе жолымен ғана жасай алды. Ладоганың  «тіршілік жолы» немесе «өмір жолы» аталуы заңды еді. Полу­торкалар осы өмір жолымен 900 күн бойы  күні-түні  не қажеттінің бәрін тасып, миллиондаған қала халқын ажал тыр­нағынан арашалады. Ажалға араша болған көліктеріміз  жау артиллериясының атқылауына, әуеден жау авиациясының бомбылауына ұшырады. Қыста бомбылау­дан мұз жарылып машина жүгімен суға кеткен жағдайлар да аз болмады. 357 машина су астына кетіп, артынша сүңгуірлердің көмегімен көтеріліп шығарылғаны туралы да деректер бар. Қыстың қысқа күні, ұзақ түнінің әбігері аз болмаған. Алайда адамнан айла артылған ба?! Шопырлар екі фардың тек біреуін қалдырып, оны да қаңылтырмен қалқалап бағдарлау үшін ортасынан жырық шығарған. Қауіп-қатер туғанда секіріп кету үшін машинаның екі есігін де ашып қойып айдаған. Соғыстан кейінгі жылдары полуторка орнын газондар (ГАЗ 51, 52, 53) алмастырды.

Бұл машинаны алғаш рет осыдан 67 жыл бұрын «тірідей» көргенім бар. Тек көргенім емес, оған еркімнен тыс мінгенім күні бүгінге дейін есімде. 1952 жылы Мәс­кеудегі ең жоғары биліктің пәрменімен Орда ауданы мәжбүрлі түрде таратылып, аудан тұрғындары жан-жаққа көшіріле бастады. 1953 жылы 11 жастамын. Шыжғырған шілде. Жиекқұм ауылдық кеңесіне қарасты бірнеше ұжымшардан біріктірілген «Қосшы» одағының 117 үйі  (шамамен 600 адам) Шымкент облысына көшірілетіні белгілі болды. Ел іші дүрбелең, жылап-сықтау, кімге айтып жатқаны бір құдайға аян, әйтеуір ашынған халық кінәлілерге лағнет жаудыруда. Біздерді сыйғанынша осы полуторкаға тиеп, Сайқынға әкеліп төкті. Неше рейс жасағанын кім білген. Әйтеуір жер аударған халықты алып кетуге күтіп тұрған 10-12 вагон тіркелген состав толғанша үсті-үстіне әкеліп жатыр, әкеліп жатыр. Вагон деп тұрғанымыз кәдімгі жолаушы отыратын жайлы орны бар бүгінгінің вагоны емес, мал, тауар тиейтін темір вагондар. Баратын жерге 12 тәулік жүріп бардық. Онда жол-жөнекей көрген қиындықты, қорлықты көзге елестетудің өзі қорқынышты. Еске алу – ауыр. Әрине ол басқа тақырып, бөлек әңгіме.

 

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы