Адам әлеуетін ашудың, білім алушыларға жақсы тәрбие берудің және әлеуметтік тәжірибені дамытудың ең тиімді және мақсатты құралдарының бірі – волонтерлік қызмет. Волонтерлік оқыту мен тәрбиелеудегі инновациялық тәрбиелік тәсіл саналады. Осы арада «Azamat» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында ауыл мектептерінің 200-ге жуық жоғары сынып оқушысына ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылығын арттыру бойынша курстар ұйымдастырылып, кешенді жұмыс жүргізілуде.
Компьютерлер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Қазір технологиялар қолданылмайтын қандай да бір салаларды елестету қиын. Осы себепті жоба аясында ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларына компьютерлік сауаттылық арттыру бойынша оқыту курстары ұйымдастырылды. Курс барысында оқушылар «Жасанды интеллект», «Ғылыми техникалық жобалар», «Photoshop», «Сапалы видео жасау», «Киберқауіпсіздік» тақырыптарында білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдайды. Жазғы демалыс кезінде оқушыларға пайдалы ақпарат беріп, болашақта қажет машық үйреткен волонтер, «Smart zhardem» жобасының авторы Болат Бабек курс жүргізді.
Одан бөлек ХХІ ғасырдағы тағы бір негізгі талапқа айналған ағылшын тілі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, қазір ағылшын тілі тек шетелде жұмыс істеп, өмір сүру үшін емес, елде отырып та қажет ақпарат оқып, ғаламдық тенденциялардан хабардар болуға жол ашады. Дереккөздерден ақпарат алып, оқиғаның мән-жайын түсінуге де ағылшын тілі қажет. Жастардың ана тілімен бірге шетел тілін білуі де бүгінгі заманның басты талабына айналды. Сол себепті «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілі курсын өткізуді жөн көрдік. Ағылшын тілін үйретуші – жас ұстаз, жобаның волонтері Ботагөз Зайдуллина. Әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты сабақтар онлайн режімде өтті. Нәтиже жаман емес. Оқу бағдарламасы тез және оңай игеріледі. Сабақтар да соңғы технологияларға негізделіп, тың әдістемелер қолданылып, қызықты өтті. Оқушылар бұрын-соңды түсінбеген тақырыптарын қайта қарап, мұғалімнен тыңғылықты жауап алды.
«Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Қарағанды облысы Білім басқармасының қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Бұл курстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, талай жастың арманына қол жеткізуіне септігін тигізеді деген сенімдеміз. Волонтер жылы шеңберінде белгіленген волонтерлік бағыттар бойынша басқа да іс-шаралар қолға алынып, рухани, мәдени мұраларды дәріптеу, жастар арасында таныту бойынша да кешенді жұмыстар атқарылуда.
«Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында курстар санын арттырып, қамтитын аудандар санын да көбейту жолға қойылған. Пандемия кезінде жастарға қашықтан оқыту дегеннің өзін-өзі дамытуға таптырмас мүмкіндік екенін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік ашылып отыр. Оларға онлайн оқудың қыр-сырын көрсетіп, келешекте халықаралық университеттер ұсынған шетелдік платформаларда да өздігінен білім алуға баулуды мақсат еттік. Расымен, адам үздіксіз білім алуы қажет. Ал ізденген, ниетті адамға қашанда жол табылары сөзсіз. Ауыл-аймақтағы балалардың мұнан хабары бола бермейтіні анық. Сондықтан ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылық курстарының осы орайда пайдасы мол екеніне күмәніміз жоқ.
Дәурен РАХЫМБЕК,
волонтер