Руханият • 15 Шілде, 2020

Қамшы философиясы

1127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қолымда бір қамшы бар сәліңгірдей,

Атандым елге тентек кәдімгідей.

Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,

Соңыма неге түстің бәрің бірдей?»

Кеңес билігімен бітісе алмай, банды атанған Аманғалидің әні осылай басталады. Қазақтың қара өлеңінде алғашқы жолдар кейінгі жолдарға ұйқас болуы үшін әшейін ұйқас үшін айта салғандай көрінуі мүмкін. Алайда мазмұны жағынан жанама қатысы болып, кейінгі жолдардағы айтылған ойды сүйемелдеп тұрады.

 

Қамшы философиясы

Бұл туралы әдебиеттанушы ғалымдар айтқан. «Сәліңгірдей» деген сөз үлкен, дәу дегенді білдіреді. Білегінің күші мол, өзіне сенімді азамат болмаса, жөпшеңді адам сәліңгірдей қамшы ұстамасы түсінікті. Яғни «Қолымда бір қамшы бар сәліңгірдей» деген жалқы жолдың өзінен ақын, сері, бо­йында бұла күші тасыған азаматтың портреті сұлбаланып көрінері хақ.

Қамшы демекші, жаһанданудың көшіне ілескен қазақ бағзы тұрмыстық салт-дәстүрлерінен біртіндеп алшақтап, біразын мүлде жадынан шығарған. Ұмытпаған, қолынан түспеген бір құнды дүние болса, ол осы қамшы. Бүгінде қалаға көшкендер бүкіл ат әбзелдерін арқалап жүрмесе де, қамшысын қалдырмай ала келді. Төрінде қамшы, домбыра ілулі тұратыны сол. Аталарымыз дауға да, жауға да, малға да ұстаған қамшының қазіргі орны – төр. Наурыз сияқты ұлттық мейрамдарға ғана жаяу жүрсек те қамшымызды бүктеп ұстап бұтқа толғанның кейпін жасап жүретін әдетіміз.

Жас өлшемін «өрімдей», уақыт өлшемін «қамшыөрім уақыт» десе, өмірдің өзін «қамшы сабына» теңейді. Оң қапталын «қамшылар жақ» дейтіні де бар. «Қамшы салдырмайды», «Қазанат қамшы тигізбес», «Қатын өлді – қамшының сабы сынды» деген тіркестер де құлаққа әбден сіңісті болған. Тауешкінің мүйізінен, еліктің сирағынан, тобылғыдан сап жасап, біреуге жол көрсеткенде қолмен емес, қамшысының ұшымен нұсқаған.

Ертеректе дау-дамайдың алдында сөз сөйлейтін адам алдымен қамшысын көтеретін, не болмаса қамшысын алқа-қотан отырған топтың ортасына тастай салатын дәстүр болған екен. Хан алдына қамшы тастаған адам – дат айтуға оқталғаны. Павлодар облысы Ақсу қаласында тұратын үлгілі ұстаз, қамшы өрудің қыр-сырын жастарға үйретіп жүрген шебер өрімші Жиенхан Қаманайұлының айтуынша, хандық дәуірде хан ордасына мәжіліске келген батырлар мен билер қару-жарақсыз кірсе де, қамшысы мен бәкісін ала кіреді екен. Қамшысын алып қалса, мәжіліс үстінде сөйлеуге құқы жоқ дегенді білдіреді екен. Қамшысы жоқ адам ханға да, басқаға да қарап сөйлей алмайды. Дәрежесінің төмендігі – аузына қақпақ. Осы салтты естігенде, бүгінде өзінің шамасына қарамай, әркімге ұрынып сөйлейтін кей замандас еске түсті. Әсіресе әлеуметтік желіде желігіп отыратындар көп қазір. Қарапайым әдеп-ибаны сырып қойып, «Әй, Үкімет», «Әй, министр!» деп ат үстінде тұрғандай айқайлау әдетке айналғандай. Елге сыйлы ақын-жазушы да, ғалым да, жан-жағын жарылқап жүрген атымтай жомарт – меценат та әлгіндей оспадардың айқайлағанын тыңдап, төзуге мәжбүр. Аргументпен әдіптелген, дәлелмен дәйектелген сын болса, бір жөн. Жоқ, шала-шарпы білетін ақпаратын жалаулату ғана. Оппонентінің жасы үлкен, көрген-білгені көп, тындырған ісі толымды, дәрежесі жоғары екен деп жатпайды. Мәдениетті түрде тіл қату да ойына кіріп-шықпайды. Қарсыласының кісілігін кішілік деп қабылдай ма, әйтеуір әй-шайға қарамай «әй, өй»-ге басып әкіреңдейтіндер бар.

Қолында қамшысы бар ма, яғни, адыраң­дап айқайға басуға моральдық құқы жеткілікті ме? Оны «дат айтқыштың» өзі де, оның шашбауын көтерген оқырмандары да ойлап жатпайды. Неғұрлым қаттырақ жекірсе, соғұрлым ел алдында жалым күдірейіп көрі­не­­ді деп ойлайтын болу керек.

Төлеген Айбергеновтің «Қисықтығын өзгенің, түзу тұрып дәлелде» деген өлеңі бар. Біреудің қисықтығын көрсетіп, мінін теру үшін де адамның өзінің түзу болмағы керек емес пе? Жоқ, кеше былықтырған тірлігін бүгін естен шығарып, желідегі желіккен жұрттың алдында желпініп отырғанына мәз.

Әлеуметтік желі де – мінбер. Аккаунты барлар жарыссөзге шыққан шолақ белсенділер құсап, бірінен кейін бірі тамағы жыртылардай күшеніп жатады. Айтсын. Біреудің аузына қақпақ болатын заман емес қазір. Көресің, төзесің, басқа амал да жоқ. Тек, қамшысы жоқтардың аузына қақпақ қойған бағзыдағы бабаларымыздың дана дәстүрі еске түседі. Қамшы төрімізде тұрса да, қамшы философиясы ұмытылғаны ғой...