17 Қазан, 2013

Партия – сенім биігінде

400 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ертең «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XV съезі өтпек. Мемлекеттің ұстанған саясатын қолдайтын партияның алқалы жиынында екі съезд аралығында атқарылған жұмыстармен қатар, халықтық партия ұсынып отырған саяси құжат – Доктрина жобасы да қабылданады. Осы орайда «Нұр Отан» ХДП ұсынып отырған Доктрина бізге не береді деген сауал төңірегінде біз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Мұрат ЖҰРЫНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Доктрина – еліміздегі заңдардың орындалуына кепіл

– Мұрат Жұрынұлы, қа­был­данғалы отырған саяси құ­жатта қандай құн­дылықтар қамтылған?

– «Нұр Отан» партиясы алдағы болар съезінің алдында ел болып, күллі қоғам болып талқыға салып отырған Саяси доктрина «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталатындығы белгілі. Аталған саяси құжат дайындалып жатқан тұста мен осы істің басы-қасында болған азаматтардың бірімін.

Ертең «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XV съезі өтпек. Мемлекеттің ұстанған саясатын қолдайтын партияның алқалы жиынында екі съезд аралығында атқарылған жұмыстармен қатар, халықтық партия ұсынып отырған саяси құжат – Доктрина жобасы да қабылданады. Осы орайда «Нұр Отан» ХДП ұсынып отырған Доктрина бізге не береді деген сауал төңірегінде біз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Мұрат ЖҰРЫНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

 

Доктрина – еліміздегі заңдардың орындалуына кепіл

– Мұрат Жұрынұлы, қа­был­данғалы отырған саяси құ­жатта қандай құн­дылықтар қамтылған?

– «Нұр Отан» партиясы алдағы болар съезінің алдында ел болып, күллі қоғам болып талқыға салып отырған Саяси доктрина «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталатындығы белгілі. Аталған саяси құжат дайындалып жатқан тұста мен осы істің басы-қасында болған азаматтардың бірімін. Арнайы комиссияның мүшесі ретінде біздер бірнеше рет жиналдық, арнайы коалиция құрылды. Мұнда тек «Нұр Отанның» ғана емес, елдегі барша партиялардың өкілдері тоқайласқан коалиция құрылды. Өйткені, бұл – тек бір партияның атқарар жұмысы емес, барша Қазақ елін мекен еткен қоғам мүшелерінің алдында тұрған зор жауапкершілік. Бұл Доктринаның арғы жағында жатқан түпкі мақсат – бүкіл Қазақстанның болашағы.

Осы Доктринаның жобасы жасалардың алдында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған еді. Олай болатыны, «Қазақстан-2030» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды, біз бәсекеге қабілетті әрі әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы 50 елдің құрамына кірдік. Ендігі мақсатымыз бәсекеге қабілетті, аса дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіміз керек. Сол межеге апарар бағдарымыз «Қазақстан-2050» деген мақсатты жоспармен нақтыланып отыр. Әрине, бұл жерде мақсат еткен межені нақтылау бір жұмыс та, енді соған жету жолында дұрыс қадам жасау басқа шаруа екені белгілі. Міне, «Нұр Отанның» ұсынып отырған Доктринасы әлгінде айтылған 30 елдің қатарына кіру жоспарының эволюциялық даму жолын, яғни бірте-бірте өсу жолын ұстанған саяси құжат болып табылады. Бұл «Нұр Отан» партиясының Қазақстанды тек қана дамыған ел етіп қоймай, елімізді дамыған алпауыт елдермен терезесі тең мемлекетке айналдыру миссиясын көздейтін жобасы дер едім.

Бұл Доктринаның ішінде барлық сала, барша мәселе қамтылған. Мәселен, «Біз­дің құндылығымыз не?» дейді, ол – Қазақ­станды өркендету идеясы. «Басты жетістігіміз не?» дейді, ол – еліміздің Тәуел­сіздігі. Сол сияқты елдігіміз бен өрлі­гімізді паш ететін, халқымыздың бірлігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін басты ұстанымдар қарас­тырылған.

– Осы ұстанымдарды кіш­кене тара­тыңқырап өтсеңіз.

– Менің ғалым ретінде айтып өткім келетін жеке пікірім, Қазақстанның алдында үлкен екі міндет тұр. Біріншісі – Алла тағала берген Тәуелсіздіктен айырылмау, ата-бабамыз аңсап өткен егемендігімізді нығайту. Екіншісі – мемлекеттік аумағымыз бойынша біз әлемде тоғызыншы орындамыз, алайда адам саны бойынша көрсеткішіміз тым төмен. Сондықтан осынау ұлан-ғайыр жерді игеру үшін біз өз ұлтымызды өсіру жолын қарастыруымыз керек. Осы екі мәселенің астарында көптеген ұлы мақсаттар жатқаны әрқайсымызға айтқызбай-ақ ұғынықты. Әсіресе, ауылды жерлердегі көпбалалы отбасыларына ерекше қамқорлық керек.

Мәселен, Тәуелсіздік деге­німіз не? Біз қалайша орыс тілінде сөйлеп жүріп, тәуелсіз ел боламыз? Қазақ баласының 37 пайызы орыс мектептерінде оқиды және басқа ұлттық мектептерді бітірген жастар 11 жыл бойы қазақ тілін оқып 11 сөз білмей шығады. Ал қазір қазақ тіліне бөлінген сағаттар азайтылып жатыр. Бұл не масқара? Яғни, ана тілімізді дамытуымыз керек! Бүкіл Қазақстан халқы үшін дамытуымыз керек. Оның сыртында «Дінсіз мемлекет деген жаман ат!», көп адамдар КСРО-ны дінсіз мемлекет болғандықтан құлады деп айтады. Дінсіз десеңіз, оның арғы жағынан парасатсыз, қасиетсіз ел деген түсінік өзінен өзі-ақ шыға келеді. Яғни, бізге өзіміздің ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Ислам дінін дамытуымыз керек.

Түрік мемлекетін Еуропаның неше түрлі миссионерлері шабуылдаса да, хақ діннің арқасында олар өздерінің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтап қала алды, біз өзіміздің бауырлас түрік елінің жақсы үлгісін сіңіре білуіміз қажет. Біз екі рет өз халқымыздың үштен екісін жоғалтқан елміз. Бірі – жоңғар шапқыншылығында, екіншісі – қолдан жасалған қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарында (1920, 1931-33 ж.ж.). Тарихи үдеріс бойынша өзінің үштен екісін жоғалтқан ел өзінен-өзі басқа ұлттармен ассимиляцияға ұшырап, жұтылып кетуі керек еді, бізді Құдай сақтап қалды. Сондықтан да бізге қазір ұлттың санын арттыру аса қажет.

– Дінді, этностарды айт­қанда, елімізге үлес қосудан гө­рі, үлес алғысы келіп тұратын кейбір пейілі бөлек топтардың да бар екендігін, елішілік тұ­рақ­тылық пен ұлтаралық қаты­насты реттейтін заңымыздың кемшін тұсы мен орындалу барысын да осы Доктрина қам­тамасыз етуі керек емес пе?

– Әрине, солай болуы керек. Қазақ – пейілі кең халық. Көптеген проблемаларды, шетін мәселелерді өзінің кең­дігімен жеңіп келе жатқан халық. Біздің бала күнімізде сырттан келген чешен, қарашай, кәріс ұлтының шалдары «Құдайға шүкір, қазақ халқы бізді өз бауырына басып, жарты нанын бөліп бермесе, біз баяғыда аштан қырылып қалатын едік», деп отыратын. Сол ақсақалдар сонау Сібір, Ресейдің солтүстігіне жер аударылып, аштан қырылған қандастарының жағдайын білетіндіктен солай дейтін.

«Нұр Отан» партия­сының ұсынған Доктрина жобасы келешекте біздің елішілік заңдарымыздың толысуы мен орындалуына жұмыс істейді деп сенім артамыз.

– Доктринаның жобасын жасау, талқылау барысында көптеген ұсыныс, тілектер «Нұр Отан» партиясына жол­данып жатты. Сіз өз тара­пыңыздан қандай ұсыныс жаса­дыңыз?

– Бізде мемлекет біреу, Отан біреу, Елбасы біреу. Сондықтан да Қазақстандағы барша ұлттың өкілдері заңға бағынуы тиіс. Ал заң мемлекет пен сол мемлекетті қалыптастыратын ұлттың сая­сатын, мүддесін қорғауы керек. Өткен жолы Алматы қаласындағы «Достық үйінде» болған Док­трина жобасын талқылау отырысында біз бұл құжатқа тіл, дін, ұлт мүд­десі деген жолдарды қосып жазу керек деген ұсынысымызды «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбекке жеткіздік.

– Құқықтық мемлекеттің құн­дылықтарын құрметтетуге және заңмен жүріп-тұруға Доктринаның ықпалы болады деп сенімді айта аламыз ғой.

– Заң бойынша өмір сүрсе, барлығы дұрыс болып, тұрақтылық сақталады. Ал заңды бір жағына бұрып жіберсе, ол жерден ши шығатыны әмбеге аян. Сондықтан да заң баршаға ортақ әрі бұлжытпай орындалуы керек.

Қазақ елінің Президенті ұстанып отырған саясат қай жағынан болса да мемлекет үшін өте тиімді саясат. Біз қазір АҚШ-пен де, Еуропамен де, жалпы әлемнің кез келген елімен де жақсымыз. Мұның бәрі біздің Тәуелсіздігіміздің мығым болуы үшін қажет. Қазақстан Елбасының саяси көрегендігімен өз еркімен ядролық қаруынан бас тартқан кезде басқа мемлекеттер оның аумақтық тұтастығына кепілдік берді. Неге біз осыны орынды пайдаланбаймыз? Мұны ұдайы айтып, елдің есіне салып тұруымыз керек. Қажет болса күніне екі рет айтып, Қазақстанның тұтастығына, елдің ішіне іріткі салғысы келетін кейбір жымысқы топтардың есіне салып, санасына шегелеп отыруымыз керек. Заңның күшімен және тиімді орындалуымен мемлекеттің тұтас­тығы мен тұрақтылығын сақтап қалу­ды ойла­суы­мыз керек, күллі Қазақстан халқы болып.

Қазақстанның бірлігі жолында өзін осы мемлекеттің азаматымын дейтін әрбір қазақстандық аянбай еңбектенгенде, үлес қосқанда ғана еліміз тыныш, ісіміз ілгері басады. Мынау қабылданғалы отырған Доктри­нада осындай мәселелер қам­тылған.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Іс тетігі – маманда

Жуырда Оңтүстік өңірінде болған сапарында Елбасы Н.Ә.На­зар­баев игі істерге куә болып, «Шым­кент қаласы Астана мен Алма­тыдан кейінгі үшінші қалаға айналуы тиіс», деген еді. Бұл Оңтүстік өңірінің алдына қойған тап­сырмаларының өзегі болып табылатыны сөзсіз. Бүгінде осы аймақтағы кәсіпкерлердің жұ­мысына дем берген Шымкент қала­сынан құрылған индустриялық аймақта көптеген жобалар сәтті іске асырылып, өңіріміздің эконо­микасының қарқынды дамуымен қатар, халықты жұмыс орындары­мен де қамтып отыр. Осы салада Елбасы атқарылып жатқан жұ­мыстарға сәйкес, шағын және орта бизнес­ке әрі қарай да қолдау біл­діріп, көбейте беру керектігін тапсырды.

Оңтүстіктің өрлетіп отыр­ған сала­сының бірі – ауыл шаруа­шылығы. Тек республика көле­мін­де ғана емес, соңғы кездері өздерінің табиғи таза өнімдерімен көрші елдерді де қамтуға шама-шарқы жетіп отырған Оңтүстік өлкесі көкөніс пен бау-бақша өнімдерін өндіруде еселі жұмыс жасауды қолға алуда.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облы­сы Мәскеу облысында сау­да логис­тикалық орталығын құруға 250 млн. АҚШ долларына дейін инвес­ти­ция құяды. Бұл келісімге Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясының өкілдері Мәскеуге барған арнайы сапары барысында қол жеткізді.

Былтыр облыста көкөніс пен бау-бақшадан 1 млн. тонна өнім жиналса, биыл 2,2 млн. тонна өнім алынып, былтырғыдан 250 мың тонна артық болды. Сон­дықтан да республиканың басқа аймақтарына кең көлемде нарық­тық бағадан төмен жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Мал азығын дайындауда өңір шаруалары биылғы жылы 3,6 млн. тонна жем-шөп жинап, ол былтырғы жылмен салыстырғанда, 1 млн. тоннаға өсіп, жақсы нәтиже көрсетті. Жылыжайлардың көлемі ұлғайып, тамшылатып суару әдісі тереңінен меңгеріліп, республикадағы үлесі 72 пайызды құрады. Елбасы білім беру, денсаулық сақтау, оның ішінде ана мен балаға жасалып жатқан қамқорлыққа оң бағасын берді.

«Оңтүстік Қазақстан облы­сы көлік-логистикалық зор әлеу­ет­ке ие, бұл жерден автомобиль жолдары мен темір жолдар, газ құбырлары өтеді, Көксарай су қоймасы салынды. Облыста Қа­зақ­стан халқының 15 пайызы тұрады. Мұнда бала туу көрсеткіші жоғары және тиісінше кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі де баса назар аударуды қажет етеді», деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің оңтүстіктермен кездесуінде.

Бүгінгі таңда біз елімізді ғана емес, сонымен қатар, партиямызды да жаңғырту стратегиясын іске асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Ертең «Нұр Отан» партиясының талқылауға ұсынған жаңа Саяси доктринасы қабылданса, ол партия дамуындағы жаңа кезеңнің бас­тамасы болмақ. Доктринаның жоғары құндылықтары – адам, оның құқықтары мен бостандығы деп көрсетілген. Өз қызметінде біздің партиямыз адамның ар-намысына қолсұғылмаушылық қағидатын және әркімнің жеке тұлға ретінде дамуын, сондай-ақ, халық алдында жауапкершілікті құрметтеуді басшылыққа алады. Азаматтардың барлығы үшін мүмкіндіктердің тең болуын сақтау Доктринаның басты қағидаты болып бел­гіленген. Әрбір азамат үшін өзінің қоғамға пай­далы дарыны мен қабілетін еркін дамытып, іске асыруына тең мүмкіндіктер жасалатынына кепілдік беріледі. Әркімге өзінің жасампаз адал еңбегінің, өз кәсіпқойлығының, ада­ми, ізгілікті қасиеттерінің негізінде қо­ғамда лайықты орын алуына мүмкіндігі зор.

Біз адам құқықтары мен заңдылықтың мінсіз сақталуын, ақысыз білім алу және мәдени даму құқығын, еңбек ету және лайықты еңбекақы алу құқығын, ақысыз денсаулық сақтау, демалу құқығын, лайықты өмір сүріп, әлеуметтік қорғалу құқығын қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз. Еліміздің табысты дамуының жеті факторы да осы Доктринада белгіленген.

Қазақстан бүгінде дүние жүзі бойынша беделді, абыройы жоғары мемлекеттердің қатарына қосылды. Халқымыз тұрмысының жақсаруы мен еліміздің экономикасының нығаюы нәтижесінде халықаралық қоғам­дастық бізбен санасып отыр. Әлемнің да­мыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақ­сатқа қол жеткізу қабілеті тек эконо­ми­калық даму ғана емес, әлеуметтік көр­сет­кіштердің жақсаруына да байланыс­ты. Ол күнделікті қажырлы еңбекті де қа­жет етеді. Инновациялық экономиканы қа­лып­тастыру үшін отандық кадрларды даяр­лаудың маңыздылығын атап өту жөн. Білімді, тәжірибелі, мықты мамандар жұмыс­ты ілге­рілетіп, кез келген мәселені шешеді. Сон­дықтан бізге бәсекеге қабілетті білім мен ғылымды дамыту қажет.

Уәлихан БИШІМБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің

депутаты.

АСТАНА.

Бірауыздан қолдаймыз!

Мен 1999 жылдың 1 науры­зын­да Алматыда, Қазақстан Рес­пуб­ликасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен «Отан» – «От­чизна» республикалық саяси пар­тиясының (қазіргі «Нұр Отан» партиясы) бірінші құрылтай съезіне делегат болып қатысқандығымды зор мақтаныш санаймын.

Павлодар облысынан барған жиырма шақты делегаттың бірі ретінде, партияның алғашқы мін­дет­терін айқындайтын тұғыр­намаларды қабылдау, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты партия­ның Төрағасы етіп сайлау рәсім­деріне қатыстым. Президент атқа­рып отырған қызметіне байла­нысты, партия Төрағасының мін­детін атқарушылыққа Сергей Тере­щенконы ұсынғандығын съезд делегаттары бірауыздан қолдаған еді.

Содан бергі өткен 15 жылға жуық мерзімде партия экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келеді. Осы жылдарда партия халықтық атанып, құрылымы кемелденіп, Елбасының барлық стратегиялық бастамаларын іске асыру жолындағы тірегі, басты көмекшісі болуда.

Ата Заңымыз – Конституцияны басшылыққа ала отырып, атқа­рылған істердің нәтижесінде жа­қында жасалған «Нұр Отан. Нұр­лы болашақ жолында!» атты партияның нақты қағидаттары мен бағытын айқындайтын бірегей Саяси доктринаның жобасында «Біздің негізгі құндылықтарымыз: Адам. Бостандық, Бірлік, Әді­лет­тілік, Заңның үстемдігі, Отбасы және дәстүр, Болашаққа ұмтылыс» деп ерекше атап айтылған.

Еліміздің ХХІ ғасырдағы даму мүмкіндігін айқындайтын, «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын тиімді іске асыру жолындағы партия­ның рөлі талқылауға ұсынылып отырған осы жобада айқын көрі­ніс тапқан. Жақында біз, Ақтоғай ауданының ардагерлері аудандық Мәдениет үйінде өткен партияның аудандық кезектен тыс ХІІІ конференциясында осы Доктринаның жобасын талқылап, бірауыздан қолдау көрсеттік. Конференция жұмысына Мәжіліс депутаты Гүл­жан Қарағұсова қатысып, Док­трина жобасын елдің дамуы­мен байланыстыра отырып, әң­гімеледі. Ол делегаттар мен ша­қырылғандардың көптеген сұ­рақтарына жауап берді.

Салиқалы отырыста «Нұр Отан» ХДП-ның Ақтоғай аудан­дық филиа­лының төрағасы, аудан әкімі Мұрат Сейтахметов фи­лиалдың биылғы жылғы атқарған жұмыстарына шолу жасады.

Сындарлы пікір алмасу және ой бөлісу, өзара тиімді ынтымақтастық – қоғамның өркендеуінің кепілі екендігін ескерсек, біздер, ардагерлер еліміздің болашағы жолындағы ұзақ мерзімді толағай міндеттерді атқаратын өскелең ұрпаққа, партия ұсынып отырған міндеттерді, осы жолдағы басымдықтарды өткен тарихпен байланыстыра отырып, әңгімелеуге белсене атсалысуымыз керек.

Ауданда осы бағытта жи­нақ­талған тәжірибелер баршылық. Олар: аудандық ақсақалдар алқасы (төрағасы ауданның құрметті азаматы Қайыржан Ғалымов), ау­дандық соғыс және еңбек ар­дагерлері ұйымы (төрағасы Бә­ри Қуатов) мүшелерінің мектеп оқушыларымен, жастармен кез­десулері, кітапханалардағы дөң­гелек үстелдер, тоқсаныншы жылдардан бастау алатын аудандық, ауылдық мәдениет үйлері жанынан құрылған қазақ, орыс, украин, белорус, татар, неміс, болгар, чешен-ингуш этно-мәдени бірлестіктері.

Осы қоғамдық ұйымдардың бірлік, келісім және халықтың топтасуы жолындағы атқарып отырған игілікті істері өз құлашын одан әрі кең сермесе екен дегім келеді.

Мұның бәрінің ортақ түйіні – елдің одан әрі өркендеуі әрбір азаматтың еңбекқорлығына тікелей байланысты екендігін де тілге тиек еткен жөн.

Ұзақ мерзімді осы стратегияны іске асыру жолында бүгінгі жастардың өзі ертең кемел жасқа жетеді. Сондықтан да ұрпақтар сабақтастығын ескере отырып, тәрбиенің балабақшадан, мектептен бас­тау алатындығын, бүгінгі бүлдіршіндер – алдағы елуінші жылдардың азамат, азаматшалары болатындығын әрдайым назарда ұстауымыз керек.

Жобада ерекше атап ай­тыл­ған: «Біз, Елбасының саяси бағы­тының сабақ­тастығы мен тұ­рақ­тылығын қолдаймыз», деген тұ­жырымдаманы біздің ардагерлер де толығымен қолдайды десем, ар­тық айтқандық болмас деймін.

Бәкібай РАМАЗАНОВ,

партия мүшесі, еңбек ардагері,

Ақтоғай ауданының

құрметті азаматы.

Павлодар облысы.

Соңғы жаңалықтар