
14-26 қазан аралығындағы бұл додаға дүние жүзінің 111 елінен 457 былғары қолғап шебері қатысады
Қазанның 14-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионаты басталды. Бәсеке 26 қазанда мәреге жетеді. Осы біріншілікті қабылдау арқылы Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет спорттың олимпиялық түрі бойынша жаһандық жарыс өткізу құқығына қол жеткізді. Мұның өзі қазіргі таңда республика бокс федерациясының халықаралық деңгейдегі зор беделі мен еліміз боксшыларының әлемдік деңгейдегі ең биік турнирлерде қол жеткізіп келе жатқан елеулі жетістіктерінің арқасында мүмкін болды.
14-26 қазан аралығындағы бұл додаға дүние жүзінің 111 елінен 457 былғары қолғап шебері қатысады
Қазанның 14-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионаты басталды. Бәсеке 26 қазанда мәреге жетеді. Осы біріншілікті қабылдау арқылы Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет спорттың олимпиялық түрі бойынша жаһандық жарыс өткізу құқығына қол жеткізді. Мұның өзі қазіргі таңда республика бокс федерациясының халықаралық деңгейдегі зор беделі мен еліміз боксшыларының әлемдік деңгейдегі ең биік турнирлерде қол жеткізіп келе жатқан елеулі жетістіктерінің арқасында мүмкін болды.
Сындарлы сағат сыңғырлап соқты
Енді тікелей чемпионаттың өзі туралы. Әуелгіде Алматыдағы чемпионатқа бұрын-соңды болмаған мөлшерде сайыскерлердің қатысқалы тұрғаны біраз әңгіменің дерегіне айналған. Сол тұстары айтылған цифрлар мұнда 116 елдің 576 спортшысы төңірегінен өрбіген. Расында да бұл көрсеткіш тіркелсе, осының алдында, 2011 жылы Бакуде өткен чемпионаттағы 113 елдің 570 боксшысы деңгейінен сәл де болса артықшылық танылып, жаңа рекорд дүниеге келген болар еді. Бірақ, жеме-жемге келгенде, көрсетілген көлемдегі нәтиже жүзеге аспай қалды. Нәтижесінде Алматыда 111 елдің 457 боксшысы медальдарды сарапқа салушылар қатарынан табылды.
Бұл чемпионаттың тағы мынадай бір «құпиясы» бар. Оны өткізу жөніндегі шешім 2011 жылғы 1 тамызда Астанада кадеттер арасындағы әлем чемпионаты аяқталған бойда шақырылған Халықаралық бокс федерациясы (AIBA) Атқару комитетінің мәжілісінде қабылданды. Бірақ ол кездегі ұйғарымда Алматының емес, Астананың аты аталған болатын. Келесі, 2012 жылғы 12 сәуірде Астанада AIBA мен Қазақстан бокс федерациясы арасында 2013 жылғы әлем чемпионатын біздің елімізде қабылдау турасындағы келісімге қол қою рәсімі жасалды. Оның салтанатына AIBA президенті Чинг-Куо Ву мен Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев қатысты.
Кейінірек чемпионат Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткізілетін болып біржола бекіді. Шамасы, бұл жерде бір жарым миллионға жуық халқы бар әрі ертеден боксқа деген құштарлығы қалыптасқан оңтүстік астананың бұл жөніндегі әлеуеті жоғары екені де ескерілсе керек. Бұған қоса, жылдың осы уағында түстіктегі шаһардың ауа райы жағдайының тәуірлеу болатыны да қаперде болған сияқты. Осыған орай чемпионатты өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылып, оны басқару Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке жүктелді. Бірден айта кетейік, өздеріне берілген уақыт аралығында комитет өте жақсы жұмыс жасады. Бұл чемпионаттың ресми ашылуы салтанаты кезінде де атап өтілді. Сонымен бірге, әлемнің екі дүркін чемпионы, Лондон Олимпиялық ойындарының чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының спорттық директоры Серік Сәпиев бұдан бірнеше күн бұрын-ақ біріншіліктің жартылай финалдық және финалдық шайқастары билеттерінің түгел пышақ үстінен үлестіріліп кеткенін мәлімдеп қойды. Осының бәрі еліміздің тарихында алғаш рет өткізіліп отырған бұл чемпионат үшін Алматының бекер таңдалып алынбағанын көрсетеді.
«Алғаш рет» демекші, бокстан әлем чемпионатының шежіресінде Қазақстан оны қабылдап отырған кешегі кеңестік жүйенің үшінші елі болып отыр. Бізде бірінші рет ол әлі Кеңес Одағы тарамай тұрған кезде, 1989 жылы Мәскеуде өткен еді. Екіншісі 2011 жылы Әзербайжанның бас қаласында көген жазды. Енді, міне, үшінші ел ретінде Алматының аты шығып отыр. Ал, жалпы, бұл біріншілікті АҚШ (3) пен Германиядан (2) басқа елдер қайтара қабылдап көрген жоқ. Осы орайда Алматы рингінің тарихта қалатын айрықша бір орнықты тұсы болып тұр. Мұнда AIBA-ның шешімімен көп жылдардан бері бірінші рет боксшылар шлемсіз шайқасып жатыр. Осыдан бастап әлемдік деңгейдегі барлық ірі халықаралық жарыстар осылай өтетін болады. Бұл тәртіп тек әйелдер, жасөспірімдер мен жастар арасында өтетін байрақты бәсекелерге жүрмейді. Шындығы керек, көптеген мамандар 1986 жылы боксшылар шаршы алаңға қорғаныш бас киімін киіп шыққан кезден мұның бокстың көркемдігіне кедергі келтіретінін айтып, қарсылық білдіре бастаған еді. Ең алдымен, дәрігерлер үн қосып, шлемнің жұдырықшы жігіттерді жарақаттардан сақтап қала қоймайтынын, керісінше оның соққының ауқымы жайылып, ұлғайып тиюге бастайтынын уәжге тартқан. Кей жағдайда тіпті шлемнің пайдасынан гөрі зияны көп болып шығатыны да байқалды. Айталық, спортшылар оның қорғаныс қауқарына үміт артып, ұрыстар кезінде бастарын соққыға өздері төсей береді. Осылайша бұдан миға келетін залалдарды естен шығарып алады.


Алматыдағы екінші жаңалық, мұнда шайқастар ұпайларын есептеу де жаңа жүйе бойынша жүргізіле бастады. Ол кәсіпқой бокстағыдай он балдық өлшем бірлігіне көшті. Бұл жүйе ең алдымен, боксшыларды бұрын байқалып келген жалғыз-жарым соққылармен ұпай жинап алу, бірер рет күйрете ұрып өтіп, тас түйін қорғанысқа кете қою тактикасын ұмытуға жетелейді. Айналып келгенде, ол нақты жекпе-жектегі шын мықтыны анықтауға анағұрлым әділ жол ашып береді. Мұны дәл қазіргі күндері Алматы рингі де анық байқатып жатыр. Осының бәрі бокс өнерінің байырғы әдемілігі мен тартымдылығын қалпына келтіру мақсатында қолға алынуда. Бұл жайында 14 қазан күні, чемпионат басталуға бір сағат уақыт қалған шақта өткізілген баспасөз мәслихатында да біршама таратып айтылды. Онда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шыққан AIBA президенті Чинг-Куо Ву мен әлем чемпионатының супервайзері Хельмут Ранзе журналистердің осы өзгерістерге және біріншілікке қатысты басқа да көптеген сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Аталмыш мәселе осыдан екі күн бұрын, 12 қазанда шақырылған AIBA-ның техникалық кеңесінде де кеңінен сөз болған. Халықаралық ұйым президентінің айтуынша, конгресс өте жоғары деңгейде өтіп, ішкі ұйымдастыру жұмыстарын жолға қоюда, федерациялар өкілдерінің пікірлерін ортаға салуларына кеңінен жол ашуда үлкен ілгері жылжушылық бар екенін танытқан.
«Мен осы чемпионаттың өтуінің өзін революциялық және тарихи оқиға деп бағалаған болар едім, – деді баспасөз мәслихатында Чинг-Куо Ву. – Бұл – Қазақстанның AIBA эгидасы астында бірінші рет ірі халықаралық жарысты өткізуі емес. Ендеше, бұл чемпионат та сол кездердегідей тиісті деңгейде ұйымдастырылып өткізіледі деп ойлаймыз». Ұйым басшысы өзінің сөзінде осы байрақты бәсеке аясында үш түрлі шараны өткізу жоспарланғанын да айтып өтті. Олардың біріншісі – техникалық кеңес туралы әлгінде сөз етілді. Бұдан бөлек, онда AIBA-ға мүше елдер үшін жаңа есептегіш мәшинелер бөлініп берілген. Екінші шара чемпионаттың ашылу рәсімі болып табылады. Ал үшінші маңызды шаруа 24 қазан күні Алматыда ашылатын AIBA-ның Бүкіләлемдік бокс академиясы болмақ. Әзірге әлемде тап мұндай құрылым болған емес. Енді мұнда жер бетінде бірінші рет тек жаһанның түкпір-түкпірінен жиналған боксшылар ғана емес, сонымен қатар, жаттықтырушылар мен төрешілер, менеджерлер мен демеушілер бас біріктіріп тұрады.
Сөзінің соңында AIBA президенті чемпионатқа қатысты барлық тірліктерді осыншалықты ауқымды да жоғары деңгейде ұйымдастырып отырғаны үшін, Бокс академиясын дер кезінде қатарға қосқаны үшін Қазақстан боксының басшысы Тимур Құлыбаев арқылы бүкіл федерация ұжымына алғыс сезімін білдірді. «Мен осындай қамқорлықтың, осындай қамқор басшылардың арқасында Қазақстан өте жақын аралықта күллі әлемдегі бокстың орталығына айналады деп сенемін», – деді ол осы сөздің сыңайында.
Осы баспасөз мәслихатынан кейін шаршы алаңдағы шайқастардың да тиегі ағытылды. Ол 52 және 90 килоға дейінгі салмақтар дәрежелері бойынша 1/32 финалдық іріктеу ұрыстары түрінде қолға алынды. Ал чемпионаттың күндізгі және кешкі сессиялары арасындағы үзіліс сәтінде оның салтанатты ашылу рәсімі де керуен керді. Ол ерекше бір көріністерге толы қалыпта өтті. Лазерлі шоу, көне қобыздан тарқаған заманауи сипаттағы соны сарын, бокс туралы жаңа әннің тұсаукесері сынды бағдарлама арқылы көрермендерін баурап алған көріністер көрген жанның көз алды мен көкірегінде мәңгі қалып қоятыны күмәнсіз. Ең бастысы, ондағы негізгі идея Қазақстан боксының 80 жылдығын паш етуге арналды. Мұны өзінің сөзінде даңқты боксшы, AIBA Атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев та ерекше атады. «Әлем додасының елімізде бокстың өркен жайғанына 80 жыл толатын жылы өткізіліп отырғанында да символдық мән бар», – деді ол. Ал жиынды Ахметжан Есімов ашты. Ол мұндай әлемдік деңгейдегі жарысты өткізу қала басшылығы мен жұртына екі түрлі нәрсені артатынын жеткізді. Бұлардың біріншісі – мақтаныш сезімі, ол қазақ боксының әлемдегі бүгінгі орнын танытады, екіншісі – жауапкершілік сезімі, ол біріншілікті жоғары деңгейде өткізуді талап етеді. «Біз осының екеуінің де деңгейінен көрінуге ұмтыламыз», – деді ол. Бұдан кейін чемпионатқа қатысушы боксшылар атынан Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов сөз алып, шаршы алаңда адал шайқастың үлгісін ұстанатындары жөнінде ант берді. Келесі кезекте Чинг-Куо Ву әлем біріншілігіне келушілерді осы үлкен жарыспен құттықтады. Ал чемпионатты Серік Қонақбаев ашық деп жариялады.
Барлығының соңынан чемпионатқа қатысушылардың шеруі дүркіреп өтті. Онда ұйымдастырушылардың айрықша тауып кеткен жері шараны осы кезге дейін түрлі халықаралық ареналарда Қазақстанның даңқын шығарған байырғы былғары қолғап шеберлеріне құрмет көрсетуден өріс алдырғаны болды. Бұдан соң жаһандық жарысқа келген барлық атлет қаз-қатар сап түзеді. Олардың керуенін Қазақстанның аспан түстес байрағын желпілдетіп көтеріп шыққан Әділбек Ниязымбетов бастады.
Сонымен, Алматыда көптен күткен әлем чемпионатының тұсау кесуі де тарихи шындыққа айналды. Сындарлы сағат сыңғырлап соқты. Ол дүбірлі доданы ұйымдастырушылар үшін де, оған қатысып жатқан саңлақтарымыз үшін де нағыз сындарлы кезең болмақ.
Кешегі күннің бүгінгі әңгімесі
Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының тағы бір ерекше аталып өтетін жайы, ол Қазақстан боксына 80 жыл толып отырған биылғы кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздегі тұңғыш бокс секциясы бұдан тура 80 жыл бұрын, 1933 жылы тап осы Алматы қаласында өзінің іргесін көтеріп еді. Қазақ боксының шын мәніндегі атасы болып табылатын Шоқыр Бөлтекұлының арқалап келген қолғабының арқасында «Темп» деп аталатын спорт қоғамында бүр жарған сол шағын ұйым кейіндеу «Медик», «Динамо» болып кеңге қанатын жая бастады.
Содан бергі Қазақстан боксы ұдайы дүрмекті даму үстінде келеді. Кешегі кеңес заманында Махмұт Омаровтың 1947 жылы өткен Одақ біріншілігінде Қазақстан үшін тұңғыш қола медальды жеңіп алуынан басталған бұл ұзақ та ұлан жолдың жүлгесінде республика барлық деңгейде де ең биік белестерден көріне білді. Соның арқасында қазақ боксының өкілдері КСРО чемпионаттарында 35 алтын, 42 күміс және 80 қола медаль жеңіп алып, бұл жөніндегі бәсекеде өзінен халқының саны әлденеше есе көп Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға берік табан тіреді.
Арғы-бергі замандарды түгел сүзіп өткенде, Қазақстан боксшыларының Олимпиялық ойындарда 6 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль алғанына көз жеткізер едік. Әлем чемпионаттарында алған жүлделеріміз саны болса, 7 алтын, 8 күміс және 10 қола медальмен өлшенеді. Бастауын 1979 жылдан алған Әлем кубогы жолындағы сайыс осыдан бірнеше жыл бұрын командалық жарысқа ұласып кеткенге дейін біздің тарландарымыз 4 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль алып үлгерді. Кешегі Одақ кезеңінде республиканың боксшылары 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль алып келді.
Еліміз егемендікке жеткен жылдардан бастап біздің бағландарымыз Азия құрлығының барлық сайыстарында дерлік атой сала бастады. Соның арқасында жиырма жылға жетпейтін уақыттың ішінде Қазақстан былғары қолғап шеберлері Азия ойындарында 10 рет топ жарып, 9 рет финалда шайқасса, 9 мәрте үшінші орынға көтерілді. Ал континент біріншілігіндегі табыстарымыз бұдан да зор. Оларда біздің сайыпқыран жігіттеріміз 35 алтын, 11 күміс және 16 қола медальды қоржынға салды.
Енді, міне, сол даңқты ұландарымыздың алдында тағы да сол алған асулардан төмен түспеу міндеті тұр.
Алғашқы ұрыстар, алғашқы ұйғарымдар
Күні кешеге дейін Алматы рингінде үш күндік іріктеу шайқастары болып өтті. Оларда әзірге тек 91 килодан ауыр салмақтағы боксшылар ғана шаршы алаңға шыққан жоқ.
Жаһандық жарысты 14 қазан күні 52 және 91 килоға дейінгі салмақтылар бастады. Әлем біріншілігінің жаңа ережесіне сай, алаң иелері турнирдің бірінші айналымына қатысқан жоқ. Олар чемпионатқа екінші айналымнан қосылады. Ал ғаламдық шайқастар шымылдығын 52 килоға дейінгі салмақтағы анголалық Вивалдо Родригес пен америкалық Малик Джексон ашты. Бірақ ұрыс ұзаққа созылған жоқ. Ол екінші раундтың басында мұхиттың арғы жағынан келген саңлақ қарсыласын екі рет нокдаунға жібергесін тоқтады. Ал келесі рингте молдован Александр Рышкан чемпионатқа AIBA туы астында қатысушы үнді Мадан Лалды тізе бүктірді. Осы жерде біздің жанкүйерлер австралиялық Эндрю Молоней мен Шри-Ланка өкілі Дралика Паттиаччиге көбірек көңіл бөлді. Себебі, келесі айналымда бұлардың жеңгені біздің Ілияс Сүлейменовпен ұстасатын еді. Ұрыс біразға дейін тең жағдайда өтті. Алайда, уақыт ұзаған сайын құрлық-мемлекеттің спортшысы басым бола түсті.
Кешкі сессиядағы ұрыстар да аса тартысты өтті. Дегенмен, соның өзінде нақты жекпе-жекте кімнің ұтқанын білуге болатын еді. Мәселен, литван Тадас Тамашаускастың фин Томи Хонканың бір соққысына екі, кейде тіпті үш соққымен жауап бергенін көрмеу мүмкін емес еді. Болгар Александар Александровтың жеңгені де еш дау туғызған жоқ. Тәжік Шахриер Ахмедов те украин Александр Шепелюкті еркін жеңді. Ал венгер Норберт Калуза мен африкалық Юстин Грассаның шайқасы өте қиян-кескі деңгейде өрбіді. Мұнда сәл де болса мажар жігітінің артықшылығы байқалды.
Чемпионатта 15 қазан күні рингке 60 және 64 килоға дейінгі салмақтардағы былғары қолғап шеберлері көтерілді. Мұндағы қазақстандық жанкүйерлердің назары 64 килода төртінші жұп болып күш сынасқан шотланд Джош Тэйлор мен тринидадтық Акиел Оутарам арасындағы жекпе-жекке ауды. Нәтижесінде бұлардың алдыңғысы басым түсті – 3:0. Ол енді біздің Мерей Ақшаловқа қарсы шығады. Бұл күнгі ұрыстардың шымылдығын 60 кило салмақтағы нигериялық Ото Джозеф пен косоволық Лиридон Зекири ашты. Мұнда африкалық жігіттің дене күші басым екені байқалды. Алайда, қорғаныста көбірек көрінген албан атлетінің соққылары дәлірек тиіп жатты. Сондықтан төрешілер де жеңісті соған ұстатты. Израиль боксшысы Алмог Брига мен ирланд Шон МакКомб тайталасында ежелден бокс дәстүрі жақсы қалыптасқан Британия аралының арланы алымдылық танытты.
Әзірге әлдеқандай бір сенсация туралы айтуға ерте. Себебі, жарыстың бұл кезеңінде негізінен осалдау, тіпті бір-бірімен шамалас боксшылар кездесетін болғандықтан, кімдердің басым шығатынын алдын-ала болжай да аласың, ал тең деңгейлі шеберлер кездесуінде кім жеңсе де таң қала қоймайсың. Дегенмен, кешкі сессиядағы кейбір шайқастардың қорытынды нәтижелері ептеп таңданыс тудырып кеткенін де жасырмаймыз. Мысалы, Украинаның 2012 жылғы чемпионы Вячеслав Кислицынның Израильдің аты-жөні белгісіздеу Игорь Лазарев деген боксшысынан ұтылып қалғаны, онда да бірінші раундта екі рет нокдаунға түсіп қалғаны ойлантып тастады. Сол сияқты, түркімен Азат Бибитовтың қытайлық қазақ жігіті Туолевута Сайрикені сәл ғана басымдықпен жеңуі кішігірім ерлікке тән болды. Сол сияқты, екі раунд бойы итальян боксшысынан басым болып келе жатып, ағылшын Самуэль Максвеллдің соңғы кезеңде өрескел тәртіп бұзып, дисквалификацияға ұшырауы айтарлықтай өкініш туғызды.
Қалған шайқастардың денінде пәлендей оғаш қылықтар, түсініксіз шешімдер болған жоқ. Тіпті моңғол боксшысы Отгодалай Доржниямбуудың қарсыласы жарақат алып қалғаннан кейін ұтылуы да сондай бір таңғаларлық жайт болған жоқ. Не дегенде де, боксшылар алдымен өздерін кінәлаулары керек. Айталық, грузин Георгий Гогиташвили ұрысты өте қарқынды бастады. Бірақ екінші раундтан бастап, оның берген соққысынан гөрі алған соққысы көбейе берді. Бұл оның талассыз жеңілісіне әкелді. Міне, осы жұпта жеңіске жеткен Пуэрто-Рико шебері Даниеэлито де ла Роса келесі айналымда біздің Берік Әбдірахмановпен ұстаспақшы. Түркімен Фарух Йомудовты да бастапқыдағы қимылына қарап біз жеңіледі деп ойлаған жоқ едік. Сөйтсек, оның қарсыласы тіпті басқаша ниетте жүріпті. Ол біртіндеп тізгінді өз қолына алды. Соңынан словак Михал Заторскидің тактикасына қарсы ештеңе істей алмады.
Кеше 49, 69 және 81 килоға дейінгі салмақтағы боксшылар шаршы алаң төсін шайқалтты.
PS. Әлем чемпионаты туралы жедел жаңалықтар мен ондағы жекпе-жектердің техникалық мәліметтерімен сіздер газетіміздің тәулік бойы жұмыс жасайтын Egemennews.kz сайтынан таныса аласыздар.
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстанның»
әлем чемпионатындағы көшпелі редакциясы.