17 Қазан, 2013

Аусылға қарсы ұйым – Астанада

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласында аусыл мал ауруы бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы жөніндегі ұйымның Үйлестіруші орталығын құруға арналған баспасөз мәслихаты болды.

Мәслихатта Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков аталған орталықтың қызметі мен мақсаты туралы әңгімеледі.

Кеше Астана қаласында аусыл мал ауруы бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы жөніндегі ұйымның Үйлестіруші орталығын құруға арналған баспасөз мәслихаты болды.

Мәслихатта Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков аталған орталықтың қызметі мен мақсаты туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ, орталықтың аймақтық офисі неге Астанада ашылып отырғаны туралы да айтты. «Халықаралық эпизоотикалық бюроның Орталық Азиядағы аймақты бақылау офисінің Астанада ашылғаны біз үшін өте маңызды. Себебі, ертеңгі күні Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі отырған Қазақстанға ет өнімін алыс-жақын шетелдерге экспорттау кезінде аталған ұйымның ықпалы болады. Сонымен қатар, жақын көршілердегі туындаған аусыл аурулары туралы дер кезінде ақпарат алып тұрамыз. Сондай-ақ, аусыл ауруына қарсы шараларды жүргізуге халықаралық ұйымдардың қаржысын тартуға да мүмкіндік туады. Өйткені, 1924 жылы құрылған ұйымның халықаралық қауымдастықта беделі зор. Бүгінгі таңда ұйымға 178 мемлекет мүше. Ал бюроның Орталық Азия аймағы бойынша бақылау жүргізетін офисінің Астана қаласында ашылуын көрші туыстас елдер қолдап отыр. Осының алдында ғана Қырғыз және Тәжік елдерінің өкілдері бізде болып, игі істің ертерек жүзеге асуын асыға күтіп жүргендерін жеткізді. Себебі, олар да алыс шетелдерге өздерінің ет өнімін саудаға шығаруды қалайды», деді А.Мамытбеков.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева офистің қайда, қалай құрылатыны туралы әңгімеледі. Бұйыртса, офис жыл соңына дейін құрылып, іске қосылады екен. Бірақ оған басшылық жасайтын адамды таңдау Халықаралық эпизоотикалық орталығы бас директорының құзырында екен. Орталықтың бас директоры Бернард Валла еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі мен оның салаға жауапты мамандарына риза көңілін білдірді. Себебі, ұйымға мүшелікке өту шарасын бұдан 3-4 жыл бұрын бастаған министрлік, осы уақыт аралығында тиянақты жұмыс тындырған. Халықаралық талаптарға сай іс жүргізіп, нәтижесінде орталықтың аймақтық офисін Астанада ашуға мұрындық болған. Сөйтіп, бүгіннің өзінде қызмет орны белгіленген офис жоғары деңгейде жабдықталғанын айтты.

Баспасөз мәслихатына дейін Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков Халықаралық эпизоотикалық бюросының бас директоры доктор Б.Валламен Астана қаласында аусыл бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы жөніндегі ұйымның Үйлестіруші орталығын құру жөніндегі келісімге қол қойған. Б. Валла Үйлестіруші орталықтың таңдалған орнының кездейсоқ емес екендігіне тоқталды. Сөйтіп, Қазақстан жануарлардың аса қауіпті ауруларымен нәтижелі күрес жүргізіп келеді, деп оң баға берді. ХЭБ Үйлестіруші орталығын құрудың мақсаты – Орталық Азия елдерінде және оған шекаралас аудандардағы аусылды бақылауды күшейту үшін аймақтағы құзырлы ветеринарлық қызмет әрекеттерін үйлестіру. Атап айтқанда, бұл елдерге эпизоотикалық ахуалдарды бақылаудағы ветеринариялық жүйелердің халықаралық стандарттарын енгізу бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылады.

Мұнымен бірге, аймақтағы ветеринарлық қызмет Халықаралық эпизоотикалық бюро өкілдерімен бірігіп, аусылға қарсы күрес бойынша бірыңғай стратегия мен амалдарды жүзеге асырады. Бұл игі шаралар осы өңірлердегі аталған індеттерді жұқтырудың қауіп-қатерін де едәуір төмендетеді.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,        

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар