Алматы қаласында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ҰБХ және іскер топ өкілдерінің қатысуымен ел Индустриялық-инновациялық дамуының екінші кезеңін қамтитын тұжырымдаманы даярлау бойынша жұмыс штабының отырысы болып өтті.
Алматы қаласында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ҰБХ және іскер топ өкілдерінің қатысуымен ел Индустриялық-инновациялық дамуының екінші кезеңін қамтитын тұжырымдаманы даярлау бойынша жұмыс штабының отырысы болып өтті.
Индустрия министрлігі өңірлердегі ең ірі индустриялық жобалардың уақытында іске қосылуы мен сапалы жүргізілуіне бақылау жасап отырғаны белгілі. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің басшылығымен жұмыс топтары еліміздің барлық аймақтарында болып, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жай-күйімен танысып, Индустрияландыру картасына енгізілген жаңа жобалардың құрылысын тексеруде.
Алматыда өткен алқалы жиын барысында Вице-премьер Әсет Исекешев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысушыларға жаңа кезеңнің маңыздылығы мен ерекше тоқтала кететін тұстарына көңіл аударта отырып, индустрияландырудың екінші кезеңінің тұжырымдамасын әзірлеу кезінде бизнес қауымдастықтардың ұсыныстарын ескеру қажет екенін ұғындырды. Сондай-ақ, аталмыш маңызды құжаттың қатысушы барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып даярлануы керектігіне баса назар аударды.
Алқалы жиында Вице-премьер «Индустрияландырудың бірінші бес жылдығының атқарылу барысы және екінші бесжылдық мақсаттары» деген тақырыпта сөз сөйлеп, одан әрі мамандандырылған топтың тең төрағасы А.Идрисов «2015-2019 жылдарға бағытталған Индустрияландырудың жаңа тұжырымдамасы туралы», «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі Басқарма төрағасының орынбасары А.Алдамберген «Қазақстан Индустрияландыру бағдарламасы моделін дамыту жобасының жүзеге асырылуы туралы» есептік баяндама жасады.
Еске сала кетсек, 2020 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығының тұжырымдамасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірлене бастағаны белгілі. Бұл мақсатта Премьер-Министрдің төрағалығымен Басқарушы комитет, жұмыс штабы және салалар мен кластерлер үшін, өндірістік күштерді орналастыру және өңірлік дамыту шарасы үшін, қаржы жүйесін дамыту және индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын қаржыландыру үлгісін әзірлеу үшін, өнеркәсіптік саясаттың құралдарын және іске асыру тетіктерін әзірлеу үшін жауапты төрт бірдей топ құрылып отыр. Осы аталған 4 жұмыс тобының құрамына тиісті мемлекеттік органдардың және даму институттарының өкілдері кіреді.
Премьер-Министрдің орынбасары Индустриялық-инновациялық дамуының екінші кезеңін қамтитын тұжырымдаманың ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданып, алдағы 2014 жылдың мамыр айында Индустрияландырудың екінші бес жылдығының бағдарламасы бекітілуі тиіс екендігін нақтылады.
Әсет Исекешев бастаған жұмыс тобы Алматы қаласындағы бірқатар жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына барды және «Алатау» инновациялық технология паркі арнайы экономикалық аймағының екінші кезеңдік құрылысымен танысты. Дәлірек айтқанда, «Эл Си Трэйд» ЖШС-нің (LogyCom) компьютерлік техниканың өндірісінде болып, жуырда ғана компания сұйық кристалды мониторларды жинау бойынша іске қосқан жаңа құрастыру бағытының жұмысын тамашалады. Бұл компанияның өндірістік қуаттылығы жылына 100 мың монитор жинаумен бірге, биылғы 2013 жылдың соңына дейін 5 мыңға жуық сұйық кристалды монитор жасау және сату ісін жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Вице-премьер күрделі-тұрмыстық электронды техниканы өндірумен және сатумен айналысып отырған «LG Electronics Almaty Kazakhstan» АҚ-тың басшылығымен кездесті. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорында 398 адам жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың бірінші 6 айында компания 9,1 млрд. теңгеге өнім шығарды. Оның ішінде 8 098 кір жуғыш машина, 9 270 тоңазытқыш және 120 669 теледидар құрастырып, халыққа ұсынғанын компания маманы алға тартты. Таяуда бұл компания «Алатау» ИТП АЭА аумағында екінші өндірістік алаңды ашуды көздеп отыр. Әсет Исекешев ИТП құрылыс алаңында болып, оның аумағындағы бірқатар кәсіпорындардың қызметімен де етене танысты. Айта кетерлігі, соңғы үш жылдың ішінде АЭА қатысушылардың саны 100-ден 150-ге дейін көбейген.
«Алатау» ИТП басшылығының болжамы бойынша, АЭА екінші кезегінің құрылысымен қатысушылар саны артады. Қазіргі уақытта тағы да 22 инвестициялық жоба қаралуда.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.