Аймақтар • 16 Шілде, 2020

Көп балалы ана науқастарға тегін саумал тасып беріп жүр

626 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде өкпе қабынуы өршіп тұр. Қуаныштысы, дәрігерлердің ем-шарасы шипа болып, жазылып шыққандар қатары да күн сайын көбейіп келеді. Ал ем-домнан кейін дерттен беті бері қараған  науқас үшін ағзаға қажетті дәрумен тұтыну басты қажеттілікке айналды,  - деп хабарлайды egemen.kz.

Көп балалы ана науқастарға тегін саумал тасып беріп жүр

Меңдеген сыртқаттың емін ұлттық сусыннан іздеген жұрт қымыз бен саумалға деген сұранысты арттырды. Қазір Алматы қаласының маңында саумал саудасы қызып тұр. Дерек бойынша соңғы аптада жаңа сауылған жылқы сүтінің әр литріне белгіленген 800 теңгеден 1200 теңгеге дейін қымбаттаған. Мұның өзінде саумал сату орындарына алдын ала жазылу арқылы тапсырыс қабылданады екен.

Ал бұл кезде Панфилов ауданының тұрғыны пневмониямен ауырған науқастарды тегін саумалмен емдеуде. Шолақай ауылының тұрғыны, көп балалы Мейрамгүл Мұқаева Панфилов аудандық аурухананың провизорлық бөлімде ауырып жатқан науқастарға тегін саумал әкелуде. Мейрамгүл апа күнде таңертең ауруханаға 10-15 литр саумал жеткізеді. Бұдан бөлек сауыншы апаның үйінен саумал ішетіндердің де қарасы көп екен. 1964 жылдан бері бие байлап, қымыз ашытатын ақ жауылқыт ана  саумалдың емдік қасиеті жоғары екенін айтады.

- Қазір еліміз қиын кезді бастан өткізіп жатыр. Жерлестерім, жақындарым аурып жатқанда менің қолымнан келетін көмегім осы. Саумал барлық ауруға шипа. Сондықтан ауруханаға көмек етейін деп шештім,- дейді көп балалы ана.