Әлем • 17 Шілде, 2020

Қап тауындағы қақтығыс

848 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан мен Армения шекарасында, яғни Товуз аймағында тағы атыс болды. Оқиғаның бұлай өршуіне Баку билігі де, ресми Ереван да бір-бірін кінәлап отыр. Әзербайжан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Армения қарулы күштері елді мекендерге оқ жау­дырған.

Қап тауындағы қақтығыс

«Армения қарулы күштерінің бөлім­шелері 16 шілде күні таңер­тең Товуз ай­ма­ғындағы позиция­ларымызға ша­буылдауға тағы бір мәрте талпынды. Сон­дай-ақ Агдам, Дондар Гушчу және Вахидли ауылдарына ірі калибрлі қа­ру­лар мен минометтерден оқ жау­дырды. Тұр­ғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда жағ­дай әскерлеріміздің бақылауында. Ха­лық­қа қосымша ақпарат беріледі», деді Әзер­байжан қорғаныс министрлігі бас­пасөз қызметінің жетек­шісі, полковник Вагиф Даргяхлы.

Өз кезегінде Армения тарапы қақ­тығыс­тың қайта өршуіне көршілерін кінәлайды. Армения қорғаныс минис­трлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян әлеуметтік желіде шекара маңын­дағы Ай­гепар ауылы­ның атыстан кейінгі кө­рінісінің суреттері мен видеоларын жариялады.

Естеріңізде болса, 12 шілдеде Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс туындап, атыс екі күнге созылған-ды. Екі ел де жан­жалды бастады деп бір-бірін айыптады.

Әзербайжан президенті Иль­хам Әлиев оқиғаға байланыс­ты мәлімдеме жасап, оған Арме­ния­ның бүкіл саяси және әске­ри бас­шылығы толық жауапты еке­ніне назар аударды.

Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанды «арандату жасады» деп айыптап, мұндай әрекетке жауап қайтарылатынын жеткізді.

Қазірге дейін оқиға салдарынан бір­неше сарбаз қаза тапты. Әзербайжан қорғаныс министрлігі шамамен 11 әскери бақиға аттанып, бесеуі жараланғанын мә­лім­деді. Армения қорғаныс министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, бұл елдің үш сарбазы мен екі полиция офицері жара­ланған.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Сыртқы істер ми­нис­трлігі де мәлімдеме жасап, та­раптарды мәмілеге келуге ш­ақырды. «Достас Әзер­бай­жан Рес­публикасы мен Арме­ния Республикасын даулы мәселелерді шешуде ұстамдылық танытуға және күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға шақы­рамыз. COVID-19 пандемия­сы мен әлемдегі әлеуметтік-эконо­мика­лық жағдайдың нашарлауы аясында қақты­ғыстың одан әрі өршуі күтпеген теріс салдарға әкелуі мүмкін» делінген Қазақстан Сырт­қы істер министрлігінің мәлім­демесінде.