Қызылорда облысы бойынша коронавирус пандемиясына қарсы күреске медицина саласының 3396 маманы жұмылдырылыпты. Олардың 67,8 пайызы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері. Мемлекет басшысының дәрігерлер еңбегін лайықты бағалау туралы бастамасынан кейін облыста алдыңғы шепте науқастарға медициналық қызмет көрсеткен 15 маман мемлекеттік наградаларға ие болды. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 55 медицина қызметкері Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан марапатталды.
Дәл қазіргі кезеңде олардың еңбегін бағалау, күні-түні қауіптің өтінде жүрген мамандық иелеріне көрсетілер құрмет ерекше болуы тиіс. Саулығы сыр берген адамның алдымен дәрігерге жүгінетіні анық. Ал өз басын қатерге тігіп, науқастарды аурудан арашалап алмаққа асыққан ақ халат иесінің жайын ойладық па?..
Өкінішке қарай, аймақ медицинасы осы дерттің бетін қайтармаққа жанталасып жүрген бес бірдей маманынан айырылды. Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сындарлы сәтте антынан айнымай, демі үзілгенше ел саулығын сақтауға қызмет еткен осы жандар алуға тиісті мемлекеттік наградаларды олардың жақындарына табыс етті.
Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасы – індетке шалдыққан алғашқы науқасты қабылдаған емдеу мекемесі. Әрине, бастапқыда бұрын-соңды кездеспеген кеселдің атынан-ақ адам үркетін еді. Бірақ мамандар алғашқы сәттен-ақ жағдайды тез бағамдап, төсек тартқан жанға жәрдемге асықты.
– Алғашқыда үстімізге сақтық үшін киген киімнің де салмағы әжептәуір сезілетін еді. Бірақ көмек күтіп жатқан науқасты көргенде бәрін ұмыттық. Үйге қайтпай жұмыс істеген әріптестеріме тәнтімін. Олардың барлығы қандай да құрметке лайық жандар, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі, жуырда ғана «Құрмет» орденімен марапатталған Райхан Нұрымбетова.
Райхан Қасымқызының осы емдеу мекемесінде жұмыс істегеніне биыл тура 40 жыл толыпты. Қызылорда қаласындағы медициналық училищені бітірген жылы алғаш табалдырығын аттаған осы аурухананың әр кезеңі көз алдында. Бірақ биылғыдай қарбалас көбейген сәті есінде жоқ.
Алғашқы сәттен-ақ жергілікті билік жұртты дерттен сақтандырумен қатар дәрігерлердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етті. Жергілікті кәсіпкерлер коронавируспен күреске жұмылдырылған мамандар үшін қонақүйлерін босатып беріп, азаматтық жасады. Дәрігерлер жұмыстан кейін үйлеріне қайтпай, барлық жағдайы жасалған осы жайларға тұрақтады. Мемлекет жасап жатқан қолдаудан бөлек, іскер азаматтар дәрігерлер үшін қаржылай демеу де ұйымдастырып жатыр.
– Бұл біздің қоғамның қиындыққа қарсы біріге алатындығын көрсетті. Ауруханада жатқандарға көмек көрсетуден еріктілер де сырт қалып жатқан жоқ. Бәрінің тілегі – індетті тоқтатып, төсекке таңылған жандарға жәрдем беру. Осылайша жұмыла білген жұрттан дерт те жеңіледі. Амандық болса, бұл қиындықтан да өтеміз. Біздің салаға жасалып жатқан қолдауға ризамыз. Мемлекет тарапынан еңбегіміздің еленгені ерекше серпін береді, – дейді Райхан Қасымқызы.
Қазір өршіген дерттің беті біртіндеп қайтып келе жатыр. Ел саулығы сақшыларының жұмысы сонда да саябыр табар емес. Олар төсекке таңылған соңғы науқас ауруынан айығып, үйіне шыққанша тыным таппайды. Бұл айтуға ғана оңай, әрине. Осындай үлкен істе біздің кейіпкеріміз секілді мыңдаған маманның үлесі бар.
Қызылорда облысы