17 Қазан, 2013

Кешегің – бар, бүгінің – нар, Ақжайық

430 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Құт дарыған атамекен

Нұрлан НОҒАЕВ,

Батыс Қазақстан

облысының әкімі.

Сөз жоқ, бүгінгі Қазақстан келбеті кемел, экономикасы өрге басқан, халқы дәулетті, ел-жұрты сүттей ұйыған тату, қоғамы тұрақты мемлекет болып қалыптасты. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – осының бұлтартпас айғағы. «Қатты дауыл тұрғанда қабырға емес, диірмен орнату керек», – деген қағида ұстанған Елбасының көреген саясатының арқасында небір «тар жол, тайғақ кешу», дағдарыстардан аман-есен өтіп, ел осындай дәрежеге жетті.

Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуын барша халық тілейді, осы жолда бір кісідей жұмылып, бел шешіп, білек сыбанып еңбек етіп жатыр.

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Құт дарыған атамекен

Сөз жоқ, бүгінгі Қазақстан келбеті кемел, экономикасы өрге басқан, халқы дәулетті, ел-жұрты сүттей ұйыған тату, қоғамы тұрақты мемлекет болып қалыптасты. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – осының бұлтартпас айғағы. «Қатты дауыл тұрғанда қабырға емес, диірмен орнату керек», – деген қағида ұстанған Елбасының көреген саясатының арқасында небір «тар жол, тайғақ кешу», дағдарыстардан аман-есен өтіп, ел осындай дәрежеге жетті.

Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуын барша халық тілейді, осы жолда бір кісідей жұмылып, бел шешіп, білек сыбанып еңбек етіп жатыр.

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске! – деп желмая мініп, жерұйығын іздеген Асанқайғы бабамыз ауыз суы құрып тамсанған аралықта орналасқан Батыс Қазақстан облысының жерінің шұрайымен бірге елінің шырайы да бөлек бүгінде. Тарихы бай. Тым әріге бармай-ақ, бір ғана мысал келтірейін, осының өзі қазақ жерінің қаншалықты тарихи бай мұраға бөгіп жатқанының дәлелі бола алады деп ойлаймын. Тек соңғы он жылдың ішінде облыс аумағында 6000-нан астам жаңа археологиялық ескерткіштер анықталды. Бұл деген, турасын айтса, аяқ аттасаң тарих деген сөз.

Географиялық жағынан Еуразияның орталығынан оңтайлы орын теуіп, Ресей Федерациясының бес облысымен шектесіп жатыр (сыртқы шекараның ұзындығы 1,5 мың шақырымнан астам) және ел ішінде Ақтөбе, Атырау облыстарымен қоңсы қонған.

Республикадағы газ конденсатын өндіру көлемінің 99 пайызы, газ өндіру көлемінің 47 пайызы облыс үлесіне тиесілі. Жалпы аймақтық өнім (ЖАӨ) өсімінің орташа қарқыны соңғы үш жылда жыл сайын 3,8 пайызды құрап отыр. Жан басына шаққанда облыс бойынша ЖАӨ орташа республикалық деңгейден 1,5 есеге асады. Облыс экономикасының негізін өнеркәсіп өндірісі құрайды. Елдің өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлеміне қосқан облыс үлесі 9,7 пайызға дейін өсті. Жыл сайын көмірсутекті шикізатты өндіру ауқымы ұлғайтылуда. Табиғи газ өндіру 22,3 пайызға, газ конденсатын өндіру 10,8% пайызға артты.

Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі жөнінен республика бойынша 1-орындамыз, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бір адамға шаққанда 16,9 мың АҚШ долларын немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 160,5 пайызды құрады.

Индустрияландыру картасы шең­берінде 1750-ден астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 257,2 млрд. теңге сомасына 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2010-2012 жылдары 250,8 млрд. теңгеге 29 жоба іске асырылып, 1200-ге тарта тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жобалар негізінен құры­лыс индустриясы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, металлургия, мұнай өңдеу және энергетика сияқты салаларда іске асырылуда. 2014 жылға 4,2 млрд. теңгеге 2 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Табиғаты шұрайлы, кең жайлауы малға, ен қойнауы кенге, ел іші тұтас өнерге тұнған біздің облыс сонымен қатар республикадағы ірі өнеркәсіптік-аграрлық өңір болып табылады.

Мал тұқымын асылдандыру табыс­тың қайнар көзі болып табылатыны шы­ғар күндей шындық. Біздің облыс асыл тұқымды мал шаруашылығы бой­ынша қазақтың ақбас және герефорд тұқымдарының етті малының, етті-майлы бағыттағы еділбай тұқымы және ақжайықтық етті-жүнді қой тұқым­дарының, құнарлы бағыттағы жыл­қылардың көшімдік тұқымдарының жә­не түйелердің қазақ бактриан ерекше тұқы­мының құнды генетикалық қоры бар рес­публиканың ірі өңірлерінің бірі болып табылады.

Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуеті бағдарламасы шеңберінде облыс 2015 жылға дейін 5 мың тонна етті экспортқа шығару керек. Осыған байланысты, 4 бордақылау алаңын іске қосу, 200 шаруа қожалығын және шетелдік селекцияның 5,3 мың бас малын сатып алумен 5 репродуктор шаруашылық құру жоспарлануда. Қойылған міндеттер шеңберінде 9,6 мың басқа арналған дамыған инфрақұрылымы бар 2 бордақылау алаңы пайдалануға берілді.

Кеден одағы құрылуы отандық кәсіпорындарға жаңа нарыққа жол ашты. Біз Ресей, ТМД және Еуропа елдерінің нарықтарына ең аз көліктік шығындармен қолжетімділікті қамтамасыз ететін шекаралас өңір ретінде сыртқы экономикалық қызмет көрсетудің маңызды әлеуетіне ие болып отырмыз. Кедендік одақ елдерімен сауда жасау ұлғаюда. 2013 жылғы қаңтар-шілдеде Кедендік одақ елдерімен экспорт 38,7 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2012 жылғы қаңтар-шілдеден 35,2 пайызға көп, импорт 397,5 млн. АҚШ доллары болып 35,8 пайызға артты.

Былтыр өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресей Федера­ция­сының 5 шекаралас өңіріне бардық. Осы­лайша Ресейдің самаралық фирмасынан сатып алынған «Зекура», «Лиана», «Розара» элиталық картоп тұқымдары Зеленов ауданының шекаралас 20 көкөніс шаруашылығына егілді. Нәтижесінде гектарынан 160 центнерге дейін ең көп картоп түсімі алынды.

Тәуелсіздігіміз еліміздің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Батыс­қазақ­стандық ұстаздар бір жағынан абырой, екінші жағынан жауапкершілікті бұл істе лайықты атқарып келеді.

Соңғы төрт жылға жуық уақытта «Балапан» бағдарламасы аясында 23 балабақша ашылды, соның ішінде 9-ы жаңадан салынды.

Үш пен алты жас аралығындағы ба­ла­ларды мектепке дейінгі оқу және тәрбиемен қамту бойынша 95,3 көр­сеткішке қол жеткізіп, республика көле­мінде Қостанай, Қарағанды облыстарынан кейінгі үшінші орынды иеленді.  

Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша облыс Алматы және Астана қалаларынан кейін үшінші орынды еншіледі.

Ұлттың ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді», – деген сөзі әлі күнге өз мәнін еш жойған жоқ деп ойлаймын.

Бұл жердегі жақсы мұғалім деген сөз адами тұрғыдан айтылып тұрған жоқ, кісілік ірі келбетімен бірге білігі де, білімі де, дайындығы да мол болуы керек. Мәселенің осы жағына баса назар аударылып келеді. Жалпы білім беретін мектептердегі жоғары және бірінші санатты педагогтар үлесі 48,1 пайыз болып, республика орта көрсеткішінен асты. Әсіресе, жас мамандарды кеңінен тарту мен оларға қамқорлық мәселесі күн тәртібінен түспейді. Биыл білім беру ұйымдарына 225 жас маман келді, оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 203 адам ауылға барды. Тек биылдың өзінде 194 жас маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді, 403 маман көтерме жәрдемақыға ие болды.

Біз тұрақты даму үстіндегі мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті де бүгінгі таңда қазақстандықтардың, оның ішінде біздің өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында нақтылы қадамдар жасауға мүмкіндік туып отыр. 3 жыл ішінде денсаулық сақтаудың 15 нысаны, соның ішінде 5-еуі ауылдық жерде салынды.

Денсаулық сақтаудың 9 нысанының құрылысы жүргізілуде.

Биыл бір де бір ана өлімі тіркелген жоқ. Келген 126 жас маманның 62-сі ауыл­дарға жолданып, олар үшін аудан және қала әкімдіктерімен қызметтік тұр­­ғын үй мен көтерме ақы беру мүм­кін­діктері қарастырылып отыр.

«Тәні саудың – жаны сау», деп үйретеді халық даналығы, ұлтымыздың ұлықты, ұрпақтарымыздың сау-саламатты болуы, ең бірінші кезекте, спорт пен дене тәрбиесіне байланысты.

Сырым ауданында жасанды жабыннан жасалған көп жүйелі спорттық алаң салынды, Теректі және Казталов аудандарында спорт кешендерінің құрылысы аяқталды. Облыстағы спортпен шұғылданушылар санын 22 пайызға арттыру мақсатында студенттер мен жастарға спорт ғимараттарын 50 пайыз жеңілдікпен, ал мүгедек спортшылар мен мектеп оқушыларына тегін пайдалану жағдайы жасалды.

Орал қаласының стадиондары негіз­гі жұмыстан тыс уақытта спортпен шұ­ғыл­дануға ниет білдірген барлық санаттағы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.

Соңғы 3 жылда және үстіміздегі жылдың 8 айында 30 спорттық нысан салынған.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Облыс тұрғындарын сумен қамту 82 пайызға жетті, соның ішінде ауыл тұрғындары 69 пайыз қамтамасыз етілді.

Облыс халқын газбен қамту 86 пайызға, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту 72 пайызға жеткізді.

Облыстың барлық 12 ауданына желі­лік газ тарту жүргізіліп, облыстың елді мекендерінің 47 пайызға жуығы эколо­гиялық таза және экономикалық тиімді отын түрін қолдануға мүмкіндік алды.

Осылайша, облыс экономикасына тұрақты даму ағымы тән болып отыр.

Жалпы айтқанда, осы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты Елбасымыздың тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін мүлтіксіз орындау болып табылады. Оған толық мүмкіндігіміз бар.

Нұрлан НОҒАЕВ,

Батыс Қазақстан

облысының әкімі.

Сыни сұрақтарға сәтті жауаптар қайтарылды

Орталық коммуникациялар қызметінде кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, мемлекеттік сондай-ақ салалық бағдарламалардың іске асырылу барысы және басқа да мәселелер айтылды.

Апта сайын өтіп жатқан дәс­түрлі шара бұл жолы барша мұ­сыл­ман қауымының қасиетті мере­кесі Құрбан айтқа дөп келіп отыр. Осыған орай облыс әкімі Н.Но­ғаев баяндамасының басында ша­раға қатысушыларды алды­мен Құрбан айт мерекесімен құттықтап өтті. Одан әрі облыстың тыныс-тіршілігін тізбектей отырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Ресейдің бес облысымен көр­ші­лес орналасқан Батыс Қазақстан облысы экономикасының басым ба­ғыттары – ауыл шаруашылығы, газ өңдеп-өндіру, шағын және орта кәсіпкерлік, көлік және транзит, электр қуатын өндіру және басқа да салалар. Сондай-ақ, бұл облыс еліміздің еуропалық бөлігінде орналасқандықтан географиялық рөлі де өңірдің экономикалық ерек­шелігі саналады.

«Елбасымыздың тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы іс-шаралар өзге облыстардағыдай Батыс Қазақстан облысында да жарасымды жал­ғасын тауып келе жатыр», дей келе, өз баяндамасында Н.Ноғаев еліміз­дің ішкі жалпы өніміндегі Батыс Қазақстан облысының үлесі 5,6 пайыз екендігін жеткізді. Ал өнер­кәсіп өнімдерінің үлесі 9 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімдері 4,7 пайызды құрайды екен.

Облыстың барлық саладағы ахуалын қамтыған әкімнің ауызша әңгімесі біраз уақытқа созылды. Газетіміздің осы санында Н.Ноғаевтың мақаласы қоса беріліп отырғанын ескеріп, біз оның барлығын толықтай тізбектеуді жөн көрмедік.

Баспасөз мәслихатының екінші бөлігі әдеттегідей сұрақ-жауап түрінде өтті. Тілшілер тарапынан түскен алғашқы сауалдың төркіні жергілікті спорт ведомствосын басқарған бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің бюджет қара­жатын ысырапқа салғандығы, бұған облыс әкімдігі тарапынан қалайша жол берілгендігі төңірегінде өрбіді.

– Біз – құқықтық мемлекет құруға бағыт ұстап отырған елміз. Бұл мәселелер дәл осы шеңберде шешімін табуға тиіс. Егер кінәлі болса, ешкім де жазасыз қалмайды. Аталған жайтқа орай бүгінде сот мәжілістері басталды. Оның түпкілікті шешімі мен нүктесін әділ сот қояды деген сенімдемін, – деді аталған сауалға жауап қайтарған облыс басшысы.

Геосаяси мәні мен маңызы жоғары шекаралас облыс басшысына Кеден одағына қатысты да сұрақтар қойылды. Әкім бұл ұйымның Батыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды екендігін айта келе, бүгінде көршілес елмен сауда-саттық артып келе жатқанын тілге тиек етті. Басында біраз түсінбеушіліктер болғанын да жасырмаған облыс басшысы қазіргі таңда кәсіпкерлер арасында бәсекелестік жоғарылап, алыс-берісті жандандыратын бірлескен кәсіпорындар санының артып отырғанын айтып өтті. Ал Кеден одағы аясында сауда айналымы 400 миллион АҚШ долларын құраған.

Орыс және қазақ тілінде түрлі бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан аталмыш баспасөз мәслихатында сауалдардың да сипаты сан түрлі болды. Шешімін таппай жүрген әлеуметтік саладағы проблемалар ашық айтылып, түйткілдерді тұспалдаған сыни сұрақтар да тосыннан қойылды. Әкім Н.Ноғаев облыстың күрделі мәселелер түйінін тарқатуға талпыныс танытып жатқанын, еңсерілген жұмыстармен қатар, алда атқарылар сан алуан шаруалардың да жетіп-артылатынын айтты. Сонымен қатар, бірқатар сұраққа ұтымды жауап қайтарды. Мәселен, мына бір «Сіз соңғы кезде облыс әкімдері арасында жасалған рейтингіде оныншы орында тұр екенсіз. Осы мәселе сізді мазаламай ма? Неге соңғы орындардың біріне түсіп қалдым деп ойлайсыз ба?» деген сауалға да облыс басшысы іркілген жоқ. «Оныншы ма, тіпті он төртінші орында тұрмын ба, бұған соншалықты үлкен мән беріп, күйгелектеніп, уақытымды босқа жойғым келмейді. Менің алдымда Елбасы мен облыс тұрғындары қойған жауапты да күрделі міндеттер тұр. Басты мақсатым – соған сай іс-қимыл қарқынын тоқтатпау. Көрсетілген міндеттер үдесінен шығу», деп жауап берді Н.Ноғаев.

Иә, әкімдерге қашанда талап та, жауапкершілік те жоғары. Оны өткен аптада ғана Үкіметтің кеңейтілген жалпы отырысында Елбасы тағы бір еске салған болатын. Өңірдің барлық тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты облыс басшыларына тапсырылған міндет зор. Олардың осылайша бүкіл республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шағып, есеп беруі де ел алдындағы жауапкершілігін айқындай түседі. Ендеше, кешегідей сұрақ-жауаптар сәтінде әкімдер сыни сұрақтарға сәтті жауап тауып қана қоймай, онымен қоса, өзі басқарған өңірдің өзекті мәселелеріне басқаша қырынан көз тастап, тағы бір талқылап, пысықтап алары анық.

Кешегі баспасөз мәслихаты барысында, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы көрініс тапқан арнайы көрме ұйымдастырылды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Өндірістік дәстүр жаңашылдықпен жалғасуда

Бүгінгі заманғы машина жасау ісінің қыры да, сыры да көп. Оның буындары мен тармақтары жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, қазіргі күні мұнай-газ секторы мен энергетикалық салаға арналған бағыттың орны айрықша. Біз осы өміршең жолды таңдадық. Соған сай бірінші кезекте жүзеге асырылатын жобалар тізбегі іріктеліп алынды. Бүгінде мұнай-газ шикізатын өндіру мен тасымалдау үшін жылутехникалық қондырғыларды жасау мен жөндеу ісі кезек күттірмейді. Сондықтан да бұл іс басым жоба ретінде белгіленіп, соған сай арнаулы мамандандырылған желі мен жаңа өндірістік цех бой көтерді.

Мұндағы басты мақсат – тиімді де іркіліссіз өндірісті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге оны ұдайы жетілдіру болып отыр. Қолға алған жобамыздың алғашқы нәтижесі де тәп-тәуір. Яғни, жоғарыда аталған өнім бойынша біз ішкі рыноктағы импорттың үлесін толықтай жабуға мүмкіндік алдық. Инновациялық жобаларға қойылатын талаптар мей­лінше жоғары. Егер біздің жетілдірдік деген қондырғыларымыз жоғары пайда­лы коэффициентке теңесе алмаса, қауіпсіздік деңгейіне сәйкес келме­се, сапалық көрсеткіші әлемдік өлшем­дерден олқы түсіп жатса – есіл еңбек зая кетті дей беріңіз. Бір сүйсі­нер­лігі, отандық конструкторлар мен инженер-техниктер тобы мұндай олқы­лыққа жол берген жоқ.

Сондай-ақ, Елбасы Орал өңіріне келген сапарларының бірінде компания базасында газ турбинді агрегаттар мен осы тектес электр стансаларды жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету жөнінде тапсырма берген еді. Өз кезегінде бұл өте жоғары, әрі өте күрделі технологиялық үдеріс болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы тапсырмасын орындау бізден өндірісті түбегейлі жақсарту мен кәсіпорынның инфрақұрылымын жан-жақты жетілдіруді талап етті. Осы­лайша, газ турбиналарының негіз­гі бөлшектерін жөндеу үшін ең соң­ғы үлгідегі бүгінгі заманғы техноло­гиялық қондырғылар алынды. Аз уақыттың ішінде қол жеткен табыстарды тек бір ғана Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы ұжымының ғана емес, барлық қазақстандық машина құрастырушылардың ортақ жеңісі мен жемісі дей аламыз. Әрі бұл жоба еліміздің индустрияландыру картасының бел ортасынан ойып тұрып орын алды.

Әрине, мұндай тамаша табысқа тек өз күшімізбен ие болдық десек шын­дыққа қиянат. Мұндай жоба аталған салада өз дәстүрі мен бай тәжірибесі қалыптасқан «General Elektrik» компаниясымен өзара келісім жасау мен ынтымақтасу арқылы мәреге жетті. Жасыратын несі бар, кей жағдайларда шетелдік әріптестер өте кінәмшіл, сауысқаннан сақ, қоятын талаптары өте жоғары болып келеді. Тұтастай Қазақстан мен Орталық Азия рес­публикалары үшін маңызы жоғары бұл келісімге қол қояр алдында олар біздің компанияның әлеуеті және қазіргі жай-күйімен мұқият әрі жан-жақты танысты. Шетелдік мамандар тобы кәсіпорынға техникалық аудит жұмыстарын жүргізді.

Оның қорытындысы бойын­ша жасалған есепте былай делін­ген: Қазақстандық зауыт күрделі тех­ни­калық сұраныстарды орындауға толық қабілетті. Әрі оның мүмкіндіктері халықаралық нормаларға толықтай сәйкес келеді. Машина жасаудың жаңа түрі – турбиналы қондырғылар Қазақ­стан үшін бұған дейін беттесіп көр­меген тың жаңа сала. Соған қарамастан мұндағы сервистік орталықтың қызметі бұл істе тәжірибесі мол мемлекеттерден бір де кем емес.

Біздің кәсіпорында ресейлік машина құрастырушылармен біріге отырып авиациялық газ турбиналар қозғалтқыштарын жөндейтін жаңа жоба жүзеге асырылуда. ҚР Қорғаныс министрлігінің сұранысына сәйкес СУ-27 ұшағының қозғалтқышын жөндеу ісі де бір мезгілде қолға алынды. Қазіргі күні елімізде отандық авиа­ция мен кіші әуе кемелерін жөндеу әрі дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Бұл іс елді-мекендер арасындағы өте алыс қашықтықтарды тез аралап өту үшін қажет болып отыр. Сондай-ақ, республикамызда өзге көлік түрлерімен жетуге қиын соғатын аймақтар да бар. Міне, біздің компания осы жобаға да қатысуда. Қазірдің өзінде моторы жеңіл төрт адамдық шағын ұшақтың үлгісі жасалды. Көп кешікпей оны сынақ алаңына жолдау тетіктері алынбақ. Бұл іс бірыңғай үлгідегі сертификатқа ие болу арқылы жүргізілмек.

Түйіп айтқанда, біздің отандық кәсіпорынның басты ерекшелігі – қателесуге құқымыздың мүлдем жоқ екендігінде. Сондықтан да инже­нер-техникалық кадрлар мен жұмыс­шыларға қойылатын талап өте жоғары. Олар өз мамандықтары мен кәсіби шеберліктерін Қазақстан мен Украи­наның техникалық сипаттағы жоғары оқу орындарында көтеріп отырады. Оған негізінен кәсіпорын жолдамасы бойынша болашағы мол жас мамандар жіберіледі. Әсіресе, Харьков аэроғарыш университетімен жасалған келісімнің орны бөлек. Компания жанында «Энергетик» атты оқу орталығы жұмыс істейді. Мұнда негізінен жұ­мысшы мамандар әзірленеді.

Біз бүгінгі биік деңгейімізге бір күнде, бір жылда жете қалған жоқпыз. Кәсіпорынның құрылғанына биыл табаны күректей елу жыл толды. Содан бері ұжым өзінің өндірістік дәстүрі мен тарихын қалыптастыра білді. Бүгінгі күні осы дәстүрді жаңашылдық көзқараспен жалғастыруға ұмтылып келеміз. Ал алдағы басты міндетіміз – бә­секеге қабілеттілік деңгейі мен қазақ­стандық үлесті одан әрі көтеру болып қала бермек.

Әліби АХМЕДЖАНОВ,

Батыс Қазақстан машина құрастыру компаниясы

директорлар кеңесінің төрағасы.

ОРАЛ.

Мақсат – бұқарамен біте қайнасу

Ауылға деген қолдау мен қамқорлық Елбасымыздың ұдайы назарында болып келеді. Оның нақты мысалын шалғайдағы Тайпақ ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігінен де көруге болады. Бүгінгі ауыл тұрғындарының арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдау көріністері, ертеңгі күнге деген сергек сенім айқын байқалады.

Ауыл тұрғындары, әсіресе, егемен елімізде жасалған әкімшілік реформаларға терең түсіністік танытуда. Мұнда жергілікті басқару тетіктерін тереңдету мен дамытуға қатысты іргелі қадамдар жасалғаны белгілі. Мұны әлеумет түптей келгенде өмір сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған тұғырнама ретінде ұғынады. Осындай өміршең көзқарастың бір көрінісіндей – бүгінде ауыл тұрғындары арасында мемлекет қамқорлығына жауап ретінде оған қайтарым жасауға, жәрдемдесуге деген ахуал орныға түсуде. Мұны елжандылықтың бір көрінісі деп түсінуге әбден болады.

Бір сүйсінерлігі, кешегі өтпелі кезеңнің қиындықтары тұсында да ауылдастарым өз еңбектерінің арқасында еңселерін түсірмей, тік ұстай білді. Айналасын іске ұршықтай иіре білген марғасқа, мәрт, атпал азаматтарды көргенде, мұндай жандар бар жерде алынбайтын асу жоқ деген ойға еріксіз берілемін. Әрі одан әрі қанаттана түсемін. Егер дерек пен дәйекке сүйенер болсақ, ел-жұртымызға игілік болып келген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша тек биылғы жылдың өзінде он екі адам жиырма миллион теңгеге жуық несиеге қол жеткізіпті.

Бұл кәсіпкерліктің құлақ күйін келтірудің бір мысалы бола алатыны анық. Сондай-ақ, алдағы күндер де біз үшін нағыз жаңалықтар мен өзгерістерге толы шақ болғалы тұр. Атап айтқанда, жеке инвестициялық қаражаттар есебінен автокөліктерді жөндейтін техникалық станса, мал өнімдерін сатып алатын орталық, тойхана және жанармай бекеті салынып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Міне, осындай нақты бағдармен алтын бесік – атажұртымыздың айбыны асқақтап, ажары аса берері кәміл. Тағы бір қуанышымыз – біздің ауылымыз Тайпақ тірек елді мекендердің қатарында тұр. Айталық, өңірлік даму министрлігі арқылы бөлінген қаражатқа ауылды абаттандыру мен көріктендіру жөніндегі қозғалыс өткен жылдың өзінде басталып кеткен еді. Биыл осы мақсатқа қосымша тағы да жеті миллион теңге қарастырылды.

Сондай-ақ, жоғарғы атқарушы органдарға жолдаған ұсыныс-тілектеріміз де қолдау тауып келеді. Мәселен, Мәдениет үйіне күрделі жөн­деу жүргізу үшін оның жобалау-сметалық құжат­тарының әзірленуі алдыңғы пікіріміздің айғағы.

Сонымен бірге, республика Парламенті қа­был­даған заңға сәйкес ауыл әкімдеріне көпте­ген қосымша өкілеттіліктер берілгені де қыз­метімізге жаңа серпін туғызғанын риза­шы­лық­пен айтқым келеді. Ең бастысы, қаржы­лық-экономикалық дербестігіміздің кеңейтілуі кіріс көздерін қалыптастыруға негіз қалайды. Мұн­дай жағымды жайттардың бәрі ауылдағы ағайынның сүйіспеншілік сезімін туғызып отыр.

Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдерінің төл міндеті – бұқараның өз тағдырына деген жауапкершілігін одан әрі күшейту, төменнен туындаған әр істі іліп әкетіп, олармен біте қайнасу деп түсінемін.

Боранбай ҚЫДЫРҒОЖИН,

Тайпақ ауылдық округінің әкімі.

Ақжайық ауданы,

Тайпақ ауылы.

Мәскеуге Оралдан ет жөнелтілді

Таяуда Орал өңіріндегі бордақылау алаңынан Ресейдің мәскеулік нарығына қазақстандық еттің алғашқы партиясы – 20 тонна ірі қара мал еті жөнелтілді. Қазақстандық өндірісші мен сауда индустриясында жұмыс істейтін ресейлік компания – Москворецкий сауда үйі арасында жылдың соңына дейін 500 тонна ет жеткізу жөніндегі өткен аптада жасалған келісімшарттың орындалуы осылайша басталып кетті.

Еліміздің батыс өңірінде орналас­қан Қазақстаннан ет экспорттаушы «Grown батыс» ЖШС-нің қазіргі заман­ғы бордақылау алаңы, дамыған инфра­құ­ры­лымы бар. Нысанда 8640 ірі қараны ұс­тайтын мал өсіру кешені, тоңазытқыш жаб­дықтары, ет комбинаты, астық сақ­тау қоймасымен құрама жем зауыты жұмыс істейді. Құны 3571,9 млн. теңгені құрайтын жоба «ҚазАгро» ұлттық холдингі құрамындағы еншілес компания «ҚазАгроӨнім» АҚ-тың қатысуымен мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «жанданды». Айта кетерлігі, биыл­ғы шілде айында «ҚазАгро» басшысы Дулат Айтжановтың ресейлік импорт­таушы өкілдерімен кездесуінде қазақ­стандық ет өндірушілердің Мәскеу сауда жүйелеріне кіруінің өзекті мәселелері талқыланған болатын. Кездесу барысында ресейліктер отандық еттің құнарлы сипаттары мен дәмдік қасиеттері арқасында Ресейдің мәскеулік нарығында премиум-класс өнімі ретінде жайғаса алатынын айтқан еді.

Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 4 мыңнан астам ірі қара мал бағылуда. Мал басы жоспарлы түрде көбейтілуде. «Grown батыс» ЖШС-нің директоры Ев­гений Алиев өз өнімдерінің сапасына сенімді, сондықтан оны кез келген нарыққа ұялмай шығаруға әзір. Мәскеулік әріптеспен арадағы келісімшарттың шек­теу­лі мерзімі жоқ, бірақ жеткізілуі тиіс еттің көлемі аз емес. Қойылатын талап та жоғары. Компания Орал, Атырау базар­лары­нан бөлек Ресейдің орталық аймақ­тарына да ет жеткізеді. Биылғы көктемнен бері келісімшартқа сәйкес ресейлік логистикалық компанияның бірімен Самара облысына 40 тоннаға жуық ет жөнелтілді.

– Ең басты кедергі ресейлік малдә­рі­гер­­лік бақылау дерекқорында Батыс Қазақстаннан әкелінетін ет өнімдерін кіргізуге шектеу салынуы болды. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің жауапты бөлімдерінің жұмыстануы арқасында бұл шектеулер жуырда ғана алынды. Логистикалық, техникалық түйткілдер бар, бірақ олар ретімен шешілуде. Басты түйін шешіліп, енді Ресейге ет шығару әлдеқайда жеңілдеді, – деді Евгений Алиев. Оның айтуынша, Мәскеуге жет­кі­зілетін еттің бағасы 170 рубль болғаны­мен, кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуде. Әрине, баға көңілден шықпағанымен, ет­тің сапасына және өнім жеткізудің тұ­рақ­тылығына кірпияз мәскеуліктердің кө­зін жеткізіп алған маңызды. Үлкен істер осын­дай кішкентай қадамнан бастал­са керек.

– Қазақстанның ет экспорттау әлеу­етін арттыру бағдарламасының жүзе­ге асырылуының бір көрінісі ретінде Қазақ­стан еті Ресейдің нарығына қадам басты. Кедендік кеңістік жағдайында біздің нарыққа Ресейден, Белоруссиядан арзан ет әкелінуде. Мәскеу нарығына сапалы ет ұсынатын «Grown батыс» компаниясынан өзге құрылым жоқ. Бүгінде қазақстандық еттің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын арттыру және өзге нарықтарға шығу бағытында жұмыстанудамыз, – деді «ҚазАгроӨнім» АҚ-тың Оралдағы өкілі Киікбай Айдаралиев.

«Grown батыс» ЖШС-нің директоры Евгений Алиев жыл соңына дейін Мәс­кеуге апта сайын 20 тонна ет өнімдері тоңа­зытылған және боршаланған түрде вакуум­дық орамада жеткізілетінін айтты. Евгений Алиев өздері өндіріп отырған өнімнің сапасына кепілдік бере отырып, Мәскеудің Кремліне премиум-класс ет өнім­дерін жеткізуге дайын екендерін мәлімдеді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

журналист.

Дерек пен дәйек

● Биыл Орал өңірінде индустрия­ландыру картасы аясында 1750-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Отыз бес инвестициялық жоба жүзеге асуда, оның жиырма төрті Орал қаласының үлесіне тисе, қалған он бірі ауылдардың еншісінде.

● Облыста осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы кешенін дамыту үшін іргелі қадамдар жасалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына облыстық және республикалық бюджеттерден және «ҚазАгро» филиалынан бөлінген қаражат көлемі 22,3 пайызға артты.

● Өңір тұрғындарын жаңа піскен көкөністермен қамту үшін елу үш жылыжай салынып, пайдалануға берілді. Биыл сыйымдылығы 4,8 мың тонна пияз, көкөніс қоймасы салынды. Мұнда тамшылатып суару технологиясы бойынша жүз гектардан жиналған өнім сақталмақ.

● Биыл облыс аумағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге бағытталған бірқатар жаңа инвестициялық жобалармен толықты. Олардың қатарында «Жайық ет» ЖШС, кондитер өнімдері комбинаты, құс фабрикасы, тоңазыту қасапханасы, қозы етін өндіру кешені секілді құрылымдар бар.

● Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндер саны жыл сайын артып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы 76 жоба қолдау тапты. Соған сәйкес 1195 жаңа жұмыс орнын ашу жос­парланып отыр.

● Облыстағы 450 ауылдық елді мекеннің 62-сінде ғана қара жабынды жол бар. Алты аудан орталығы облыс орталығымен қара жабынды жол арқылы байланыстырылмаған. Бұл бүгінгі атқарушы орган жетекшілеріне кеңестік кезеңнен, одан бергі тәуелсіздік жылдарынан қалған «мұра». Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін кешенді жұмыстар қолға алынған.

● Орал өңірінде әлеуметтік сала деңгейін көтеру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Білім беру ісінде жаңа өміршең бастамалар жүзеге асты. Мұндағы мектептен тыс қосымша білім беру жүйелерінің іс-тәжірибесі үлгі тұтарлықтай. Облыстың барлық жалпы білім беретін мектептері интернет желісіне қосылды. Компьютерлік техникамен қамту орташа алғанда тоғыз оқушыға бір компьютерден келеді.

Облыстың денсаулық сақтау желісін 183 медициналық ұйым құрайды. Мұнда бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында кешенді іс-қимыл шаралары жүзеге асты. Ақжайық атырабы медицинаның әртүрлі салаларында әлемнің білікті дәрігерлері басқосып, тәжірибе алмасатын орталыққа айналып келеді. Тек биылғы жылы Орал қаласында халықаралық ауқымда бес басқосу өткізілді.

● Республика Үкіметінің моно­қалаларды дамыту бағдарламасының шеңберінде кеншілер қаласы – Ақсайды 2013-2015 жылдарға дамытудың кешенді жоспарының жобасы жасақталды. Мұның стратегиялық мақсаты – Ақсай қаласының орта және ұзақ мерзімді уақыт аралығында тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

 

Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»

Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН.

Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.

Соңғы жаңалықтар