Елорда • 17 Шілде, 2020

Елорданың денсаулық сақтау мекемелерінде 360-тан астам жас маман жұмысын бастайды

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың медициналық оқу орындарының 360-тан астам студенті COVID-19 науқастары емделетін емханаларда жұмыс істей бастайды. Оларға елордалық дәрігерлермен бірдей еңбек және демалыс жағдайы қарастырылған. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Елорданың денсаулық сақтау мекемелерінде 360-тан астам жас маман жұмысын бастайды

Елорданың медициналық мекемелеріне 363 жас маман, оның ішінде 226 интерн, 113 резидент, 18 бакалавр, 5 магистрант және бір докторантура түлегі жұмысқа орналастырылды. Жас мамандар қалалық ауруханалар, емханалар, диспансерлер мен қалалық жедел жәрдем станциясына жұмысқа орналасады.

Қазіргі уақытта жас мамандардың 43-і қалалық жұқпалы аурулар орталығы мен "Рамада Плазадағы" провизорлық стационарда орта және кіші медицина қызметкерлері (маман сертификаты жоқ) ретінде жұмыс жасауда.

"Мен елордалық жаңа жұқпалы аурулар ауруханасында мейірбике болып істеймін. Біздің дәрігерлердің қатты күйзелгенін көріп отырмыз. Сондықтан, осы қиын күндерде біз жұмысқа шығып, коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға көмектесудеміз. Біз дәрігерлердің басшылығымен әртүрлі процедуралық тапсырмаларды орындаймыз. Біз дәрі тамызғыш қойып, екпе жасап, науқастардың жағдайын қадағалаймыз", дейді жас маман Жандос Насыбаев.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда медицина университеті мен колледжінің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуге оқытылды. Дәрігерлер жас әріптестерімен тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі уақытта олардың барлығы жұмысқа алынған және COVID-19-бен күресуге атсалысуда.

"Бүгінде барлық медицина қызметкері коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда. Жас мамандар, студенттер де шетте қалмай, біздің дәрігерлерге белсенді көмектесуде. Тәжірибелік сабақтың аясында олар коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға көмек көрсету үшін қаланың медициналық мекемелеріне барады. Жалпы, медицина университеті мен колледжінің 500-ден астам түлегі COVID-19-бен күресуге атсалысады", деді Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова.

Әр медицина ұйымында жас мамандарға кеңес беретін аға маман бар. Барлық мамандар қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі.