Таным • 20 Шілде, 2020

Талантты да тағылымды әулет

867 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Заманалар көшінде тарих дөңгелегі өз бетінше, стихиялы түрде алға жылжымайтыны, оған белгілі бір үлкен тұлғалар әсер ететіні айдан анық. Тіптен бір адамның өзі ескі қоғамның түп орнымен күйреп, жаңасының орнауына мұрындық болатынына адамзат басынан кешкен тарихи жайттар куә. Қазақ халқы жаттың табанында тапталып, уысында кетпей, өз алдына тәуелсіз, дербес ел болу үшін талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, ғасырлар бойы күресіп келгені мәлім.

Талантты да тағылымды әулет

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Жан алысып, жан беріскен мұндай күрестердің түп бастауында халқы мен елінің болашағына, ұлы мақсат-мұраттарына бүкіл ғұмырын арнаған, өз ортасынан асып туған тарланбоздар тұрғаны ақиқат. Солардың бірі – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қу­ғын-сүргін құрбаны, Алаш қай­раткері Қоңырқожа Қожықов. Бір ғажабы, оның кіндігінен тараған төрт ұлы, құдай қосқан қосағы, отбасының өзге де мүшелері ерекше дарын қонған жандар еді. Осы тамаша әулеттен Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірінде терең із қалдырған тұтас талант­тар шоғыры шықты. Бұл – шын мәнінде өмірде өте сирек кез­десетін құбылыс.

Әулет отағасы Қоңырқожа Қо­жықов (1880–1938) – XIX ға­сырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы айтулы қазақ зиялы­сының бірі, ағартушы, реформатор педагог, мәдениет тарихын зерттеуші ғалым, «Алаш» қозғалысының мүшесі, көрнекті саяси және қоғам қайраткері. 1880 жылы Перовск (бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда) қа­ласы түбіндегі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген ол алдымен ауыл молдасынан хат танып, қаладағы қазақ-орыс мектебінде оқиды, кейін Ташкенттегі Түркіс­тан мұғалімдер семинариясында білім алады. Семинария бас­шы­ларының жергілікті ұлт өкіл­де­­рінен бірен-саран шәкірт қа­был­­даудағы мақсаты империя мүддесіне қызмет ететін кадр­­лар даярлау болғанымен, Қоңырқожа бұл жолға түспей, ағар­ту­шылық қызметпен шұғыл­дануға ден қояды. Түркістан өлкесіндегі Қоғалыкөл мекте­бін­де, Перовскідегі темір жол жұ­мысшылары мектебінде сабақ береді. Қарнақ пен Әндіжан қалаларында орыс-түзем оқу орындарының мұғалімі, мектеп меңгеруші болып істейді. Ұстаздық қызметі барысында қазақ мектептеріне оқудың жәдидтік тәсілін енгізу мақса­тында мұғалімдер мен шәкірттер үшін араб-парсы әліпбиі негізінде әр қазақы дыбысты жеке әріп­пен таңбалайтын «Әліппе» жа­за­ды. Түркістан генерал-губер­наторлығы оқу бөлімінің рұқса­тымен жарыққа шыққан бұл оқу құралы өлкедегі ағарту ісін ілге­рілетуге зор септігін тигізді.

Патша өкіметі тұсында Қожы­қов ағартушылықпен қатар ұлт­тық қозғалысқа қатысып, қазақ мүддесін көздейтін қоғамдық қыз­метпен де белсене айналыс­ты. 1907 жылғы әйгілі патша ма­нифесі бойынша Түркістан өлке­сі қазақтары мен өзге де жер­гі­лікті халықтардың сайлау құқынан айрылып, Мемлекеттік Дума жұмысынан шеттетілуіне наразы болды. 1912 жылы кезекті сайлауда Мемдумаға қазақ өкілін өткізуде Орынборда Ахмет Бай­тұр­сыновпен бірге татар зиялыларымен келіссөз жүргізді. Түркіс­тандықтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде патша өкіметі жазалаушы отрядтарының жасаған қылмыстары жөнінде Думаға наразылық хаттарын жол­дап, қазақтардың саяси және қоғамдық өмірдегі құқтарын қор­ғауға атсалысты.

Ол Ақпан революциясынан кейін қоғамдық-саяси жұмыстарға біржолата ауысты. Ферғана өңі­рінде қазақтардың мүддесін қор­ғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, соған жетекшілік жасады. Қоқанда жарияланған Түр­кістан автономиясының күрес­керлері қатарында болды. Қоқан талқандалып, 1918 жылғы көк­темде Ресей құрамындағы Түркіс­тан Кеңестік Республикасы ша­ңырақ көтергенде, әуелі ұстаз­дық­пен шұғылданды. Ташкентте 1918 жылғы күзде ашылған қазақ педагогикалық курстарында, көп ұзамай, соның негізінде алдымен педучилище, кейіннен Қазақ халық ағарту институты (Киринпрос) болып құрылған оқу орнында қызмет істеп, қазақ мұғалім кадрларын даярлау ісі­мен нақтылы шұғылданды. 20-шы жылдары Түркістан Орта­лық Атқару Комитеті мен оның төралқасының мүшесі, ОАК-ның төтенше өкілетті мүшесі болды. Жер халық комиссариатының мүшесі, содан соң оның комис­сарының орынбасары қызметін атқарғанда жер реформасын жүргізу жөніндегі түрлі комис­сия­лардың жұмысына тікелей атсалысып, мұнда да бірқатар маңызды шаруа тындырды. Жеті­су облысында жер-су реформасын басқарып, осы және басқа да облыстарда қазақтарды жерге орналастыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін қолға алды. Ол бірнеше рет ТүркЦИК мүшелігі­не сайланды және Қосшы Орталық комитеті басшыларының бірі болды. 1924 жылы Орталық Азия­дағы ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны кезінде Қазақ республикасының шекарасын анықтау жөніндегі жұмыс комиссиясының құрамына сарапшы ретінде қатысты. Жер-суы мен халқы бірігуіне орай 1925 жылы өткен Кеңестер съезінде «киргиз» аталып келген қазақтардың тарихи төл атына ие болуына, сондай-ақ Ақмешітті «Қызылорда» деп атауды заңдастыруға үлес қосты.

Қ.Қожықовтың еліміздің қо­ғам­­дық-саяси өмірімен қатар мә­­де­ни саласына сіңірген еңбегі де өз алдына бір төбе. Негізін қа­лаушылардың бірі және ғалым хатшысы ретінде Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтында, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының тарих секторында қызмет істеді. Оның республикамызда тұңғыш өлкетану мұ­ражайы, көркемсурет галерея­сы мен өнер училищесінің ша­ңы­рақ көтеруіне бастамашы бол­ғанын, Жетісу өңіріндегі көне қор­ғандар мен ескерткіштерді зерт­теумен айналысып, тарих пен археологияға, соның ішінде Орхон жазуы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарларына қатысты ғылыми ең­бектерді жарыққа шығарғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ 1935–1936 жылдары профессор Санжар Асфендияровтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақстанның өт­кендегі тарихы туралы дерек­тер мен материалдар» атты екі том­дық тұңғыш тарихи еңбек­ті құ­растырушылардың бірі – Қо­ңыр­қожа Қожықов. Ол ұлттық көне ескерткіштерді қорғау комитетін ұйымдастырып, келешек үшін бірқатар сирек кітаптарды, заттық құндылықтарды сақтап қалу, көне сәулет ескерткіштерін мемлекет қарауына алу мәселелеріне кө­­ңіл бөлді, Қазақстандағы бағ­­­зы ескерткіштердің атлас-кар­­тасын жасады. Бүгінде бұл құн­­ды дүниелер адамзат игілі­гі­не айналып, ЮНЕСКО-ның тізі­міне еніп отыр. Сол кезде ұйым­­дастырылып жатқан көп­ші­­лік кітапханасының (қазіргі Ұлт­­тық кітапхана) жұмысын жол­­ға қоюда айтарлықтай істер тын­­дырды. Кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қо­рын­да қызмет істеген жылдары, шы­ғыстанушы маман ретінде, Қазақстан бойынша оларды жи­настырып, сипаттамаларын жазып қалдырды. Араб, парсы, ша­ғатай тілдеріндегі тарихи және әде­би шығармаларды қазақшаға аударды, көпшілік кітапхана қо­рына Сүлеймен Бақырғанидің «Хик­мет Хазірет Сұлтан әл-ғари­фин» атты қолжазба кітабын табыс етті.

Алайда сол кездегі қазақ арыс­­тарын жаппай жалмаған қу­ғын-сүргін нәубетінен ол да тыс қал­мады. Қ.Қожықов 1938 жылы 27 қаңтарда «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, 1938 жылы 15 ақпанда атылып кетті. Халқының дербес ел болып, ұлт ретінде қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген аяулы перзентінің есімі 1958 жылы ғана ақталды.

Қоңырқожа Қожықовтың зайыбы, әулет отанасы Ләтипа Мұ­­ңайтпасова-Қожықова (1893–1960) – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендіруші, ұлт­тық қолданбалы өнер шебері, халық ісмері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одақтарының мүшесі. Ол – текті жерден шық­қан, атақты Лапиндер әулетінің ұрпағы. Әкесі Мұңайтпас ел ара­сында беделді, озық ойлы адам болған, болыстық еткен кез­де ауыл балаларына арнап мектеп ашқан. Ал оның ұлы Серәлі Лапин – алғашқы заң­гер, шығыстанушы, Ресей Мемле­кеттік Думасы Мұсылман фракциясы Ұйымдастыру бюросының мүшесі болған, мұсылман қозға­лысында, Ташкенттегі ұлттық ұйым­дарда белсенді қызметтер атқарған қайраткер, тарихи тұлға.

Ләтипа Қожықова – Қазақ­стан­да жаңадан шаңырақ көтерген кәсіби сахна өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ұлттық киім-кешек үлгілерінің ісмер маманы 1925–1936 жылдары қазақ драма театрында, 1936–1958 жылдар аралығында Абай атындағы опера және балет театрында ең­бек еткен жылдары қазақтың сән­дік-қолданбалы өнерін қайта жаңғыртып, сахна төрінен жарқы­ратып көрсетуге күш салады. Опера театрында костюм және тігін цехының меңгерушісі бол­ған кезде алғашқы қазақ операларын дайындауға өзіндік үлес қосты. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндіктеріне қатысады. 1936 жылғы онкүндікте Ләтипа Мұңайтпасқызы арнайы тіккен киіммен қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітова Үлкен театр­ сахнасында Қыз Жібектің ария­сын шырқайды. 1944 жылы қа­зақ өкіметінің тапсырысымен Америка президенті Франклин Руз­вельтке сыйға тартуға арнап қазақы костюм – қымбат ба­ға­лы терілермен көмкерілген ша­пан, бөрік және шалбар тігеді. Осы сыйлық Алматыға келген америкалық делегацияға табыс етіледі.

Қолөнершінің шебер қолынан шыққан, сәнді ішкі жасаумен бе­зендірілген қазақ киіз үйін 1958 жылғы онкүндік кезінде ал­­­ғаш рет Мәскеу жұртшылығы та­ма­шалаған. Кейінірек бұл киіз үй номадтардың бірегей тұрақ­жайы ретінде шетелдердегі көп­теген көрмелерде көрсетілді, сон­­дай-ақ республикамыздың Ор­­та­лық мұражайынан тұрақты орын ал­ды. Ләтипа тіккен түрлі бұ­йым­дар бүгінде еліміздің басқа да мұра­жай қорларында сақтаулы тұр.

Халық өнерінің білгірі әрі на­си­хатшысы Ләтипа Ресейден кел­ген жас суретші Анатолий Ненашевке кеңесші болып, қазақ салт-дәстүрі мен ұлттық қолөнер ерекшеліктері туралы көптеген мағ­лұмат береді. Оның қазақ фольк­лоры мен ұлттық музыкасынан да хабары мол болған. Композитор Е.Брусиловский алғаш­қы қазақ операларына пай­да­ланған көптеген қазақ әндері мен әуендерін Ләтипаның айтуынан жазып алады. Қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет КСРО Суретшілер одағының мүшесі атануы – Ләтипаның туабітті та­лантының айқын айғағы.

1938 жылы отағасы Қоңыр­қожа жазықсыз жазаға ұшыра­ғанда, Ләтипа «халық жауының» жары ретінде тағдыр тауқыметін көп тартқанымен, балаларын азамат қатарына қосуға бар жанын салады. Халық шығармашылығы мен бейнелеу өнеріне деген сүйіс­пеншілігін перзенттері: Қожах­мет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтан­ах­меттің бойына ұялатып, оларды туған халқына қызмет етуге, өмір­лерін сол жолға сарп етуге баулиды.

Қожықовтар отбасының тұң­ғышы Қожахмет Қожықов (1910–1953) – қазақ суретшілері алғашқы буынының өкілі, тұңғыш суретші-график, плакат шебері, декоратор, кітап безендіруші. Талантты отбасында өмір есігін ашқан ол өнерге ерте араласады. 15 жасында анасы Ләтипа және інісі Құлахметпен бірге Ұлт театрының сахнасын­да қойылған алғашқы қазақ спек­такльдерінің бірі «Қарагөзді» көркемдеу жұмысына қатысады. 1926 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қазақстан Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен Мәскеудегі Жоғарғы көркемөнер-техникалық шеберханалары жа­нындағы курста оқыды. Бұдан ке­йін Қарақалпақстанның Төрткүл қаласындағы бейнелеу өнері техникумында сабақ берді. Өзінің дербес шығармашылығын алғаш график және кескіндемеші болып бастап, балалар кітаптары мен тарихи романдарды безендірді. Киностудияда декоратор болып қызмет істеді. 30-40-шы жылдары оның қаламынан туған акварельдер сериясына («Егін орағы», «Газет оқу», «Алқызыл моншақты келіншек», «Ақын толғанысы» (Ж.Жабаев бейнесі) жаңа заман, жаңа дәуір тынысы, еңбек адам­дарының өмірі арқау болды. Бұ­лар шын мәнінде ұлттық бейнелеу өнерінің бастауында тұрған туындылар деуге толық негіз бар.

Алайда суретші 1937 жылы тұт­қындалып, Поляр сырты айма­ғына он жылға жер аударылады. Сол жерде денсаулығының күрт нашарлауына байланысты алты жылдан соң, мерзімінен бұрын босап келгеннен кейін, шы­ғармашылығын қайта жалғас­тырды. Суретші бұдан кейін туған суреттеріне жайлау өмірін, тау пейзажын арқау етті. Тағдыр сынақ тезіне аяусыз салып бақ­қа­нымен, ол өз өмірі мен шығар­машылығында оптимистік рухын, суреткерлік шабытын сақтап қала білді. Суретші туындылары – өмірге, адамдарға, туған жерге деген сүйіспеншілікке толы, бояуы қанық, жарқын шығармалар. Тұңғыш график заман тынысын бейнелейтін жүзден астам акварельдік жұмыстар мен сатиралық плакат жазды. Қожахмет Қожықов іс жүзінде өнердің барлық түрлеріне үлкен үлес қосты. Қазақстан өнеріндегі жаңа бағыттың – карикатура мен плакат жанрларының негізін салушы, талантты кескіндемеші, график және иллюстратор ретінде есімі ұлттық көркемөнер тарихына енді. Өмір сапары соңғы нүктесіне жеткенде, Қожахмет бар-жоғы қамал бұзар қырықтан енді ғана асқан еді. Суреткер ғұ­мырының осылайша ерте үзіліп, құдай берген талантын бар қыры­нан жарқыратып көрсете алмай кеткені аса өкінішті-ақ...

Бүгінде Қожахмет Қожықов­тың жұмыстары Нөкіс қаласының мұражайларында, Ә.Қастеев атын­­­дағы мемлекеттік өнер мұ­ра­жа­йында, Қызылорданың облыс­тық өлкетану мұражайында және жеке коллекцияларда сақталған.

Қожықовтар отбасында дү­ниеге келген Құлахмет Қожықов (1914–1986) – ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, тұңғыш театр және кино суретшісі, кітап безен­діруші, акварельші, қондыр­ғылы графика шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қай­раткері (1966), КСРО Сурет­шілер одағының (1942) және КСРО Кинематографистер ода­ғы­ның мүшесі (1958), КСРО кинема­тографиясының үздігі (1970). Ұлы Отан соғысына қатысушы.

Тума талант Құлахмет Қожы­қовтың артына қалдырған мұра­сы алуан қырлы әрі өте бай. Шы­­ғармашылық жолын 1932 жы­­­лы қазақ драма театрында су­ретші-безендіруші болып бас­тағанда ол небәрі он сегіз жас­та екен. Тырнақалды жұмысы – «Еңлік-Кебек» спектаклі. 1933 жылдың мамыр айында сахнаға шыққан осы қойылымның декорациясы жас суретшінің шы­ғармашылық қуат-қарымы мен мүмкіндігін айқындаған алғаш­қы белесі еді. Ол 1934–1936 жыл­дары Ленинградтың М.Горь­кий атын­дағы Үлкен драма теат­рын­да тәжірибе жинақтап, Бүкіл­ресейлік көркемөнер академиясы жанындағы театр суретшілері студиясында оқыды. Ал Қызыл Армия қатарындағы міндетін өте­­геннен кейін, Алматыға қай­­­тып оралып, туған театр қа­быр­ғасында еңбек етті. Бұл жыл­да­ры ол ұлттық және клас­сика­лық тұрғыдағы жиырма шақ­ты спектакльді безендірді. Оның ішінде С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ш.Құсайынов, тағы басқа бел­гілі жа­зушы-драматургтердің пье­са­лары бар. Ұлы Отан соғысы бас­талғанда өз еркімен майданға ат­танған еді. Алайда республика өкіметінің шақыруымен тез арада кері оралып, Мәскеуден Алматыға көшірілген Орталық біріккен киностудияда (ЦОСК) киносуретшілік кәсібін бастады. Мұнда С.Эйзенштейн, Г.Ро­шаль, М.Левин сияқты кеңес­тік кино шеберлерімен қоян-қол­тық еңбек етіп, олардан осы өнер­дің қыр-сырына қанығады. Шы­ғыс тұрмысының білгірі бол­ған Құлахмет атақты Сергей Эйзен­штейннің «Иван Грозный» фильміне кеңесшілік жасайды. Әйгілі режиссер Григорий Рошаль түсірген «Абай әні» фильмін, өзге де алғашқы қазақ киноларын жа­сауға тікелей атсалысады.

Бұдан соң қоюшы-суретші өз қызметін деректі және көркем фильмдер киностудиясында, ке­йіннен «Қазақфильмде» жал­ғастырып, қазақ киносын аяққа қоюда Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Аб­долла Қарсақбаев, Шәріп Бейсем­баев тәрізді режиссерлермен тізе қоса жұмыс істеді. Қазақ кине­матографиясының алтын қорына енген «Біз Жетісуданбыз», «Ме­нің атым Қожа», «Алдар Көсе», «Атамекен», «Гауһартас» және тағы басқа фильмдердің дүниеге келуінде оның үлкен үлесі бар.

Құлахмет Қожықовтың шы­ғар­машылық дарыны тек театр мен кино саласында ғана емес, бей­нелеу өнерінде де жарқырай кө­рінді. Ол төлтума график, та­лант­ты кітап безендіруші де еді. Сызба суреттің бесаспап ше­бе­­рінің қаламынан қазақтың тұр­мыс­­-салтын, Абай поэзиясын, қа­­зақ эпосы мен әлемдік клас­си­ка­лық әдебиет тақырыбын бейне­лейтін тамаша ксилогравюралар туды.

Құлахмет Қожықов – ұлттық салт-дәстүрдің табиғаты мен шы­найы болмысын тереңінен се­зі­ніп, түйсінген шебер суреткер еді. Тарихи тақырыптарды арқау еткен суреттері (мәселен, «Ақ­табан шұбырынды» топтамасы) заман тынысын терең де дәл бейнелеуімен ерекшеленеді. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Тарас Шевченко, Мұхтар Әуе­зов шығармаларының, қазақ дас­тан­дарының («Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын») желісін негіз еткен иллюстрация­лары, театр спектакльдеріне («Ең­лік-Кебек», «Абай», «Арқа­лық батыр», «Октябрь үшін», «Шан­­шарлар», тағы басқа), ки­но­­фильм­дерге («Жамбыл» (1-ші нұсқасы), «Абай әндері», «Ал­мастан да қат­ты», «Менің атым Қожа», «Алдар көсе», «Ата­ме­кен», «Гауһартас») жасаған эскиз­дері – халық мәде­ниеті мен тарихын жан-жақты, терең білуі­нің нәтижесінде сәтті шыққан дүниелер.

Құлахметтің білімі мен білігі, суреткерлік шеберлігі алғашқы қоюшы-суретшісі болған кең форматты «Қыз Жібек» фильмі үшін салған кескіндемелерінен де айқын көрініс береді. Ол әкесі Қоңырқожа мен анасы Ләтипадан құлағына құйып өскен қазақ фольклоры мен эпостары, әсіресе «Қыз Жібек» жыры туралы әңгімелер желісінде 50-жылдары бірнеше иллюстрация салады. Кейіннен бұл тақырыпты кинофильм­ге жа­саған эскиздері арқылы да­мы­тып, байытты. Көшпелі ха­лық тұрмысының тынысын бейне­лейтін эскиздері, атап айтқанда, Сырлыбай мен Базарбай хан­дар­дың киіз үйлері, Жібектің көші, Қыз Жібек пен Төлегеннің неке­лесу көрінісі, ханның көші панорамасы, тағы басқа иллюстрация­лары суретшінің этнография­лық білімінің молдығы мен жаңа­­­шыл ізденістерін байқатты. Шын­ды­­­­­ғына келгенде, «Қыз Жібек» филь­­­мін түсіруді алғаш ойға алған Құ­лахмет Қожықов екенін айта кет­кен ләзім.

 

Балжан ХАБДИНА,

журналист-баспагер

 

Алматы

 

(Жалғасы бар)