Сұхбат • 20 Шілде, 2020

«Жүз томдық фольклор шығарған жалғыз ұлт – қазақ»

92 рет көрсетілді

Ұлт руханиятының асыл арна­ларының бірі – сөз өнері. Көр­кем­өнердің басқа салалары се­кілді, сөз өнерін оқытуда да даму үдерістері жүріп жатыр. Филологияның бүгінгі ба­ғыт-бағдары, зерттелуі мен зер­деленуі төңірегінде Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасының мең­ге­рушісі, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбекпен сұх­баттасқан едік.

– Биылғы оқу жылы коронавирус пандемиясымен есте қалайын деп тұр. Көктемде енген қашықтан білім беру қаншалықты тиімді болды?

– Қоғамның барша саласы, со­ның ішінде білім беру жүйесі де жер-жа­һан­ды жаулаған пандемия шең­беріне ен­гені анық. Рас, оқытудың дәстүрлі үлгісі саптан шығып, оның орнын қа­шық­тан білім беру жүйесі алмастырды. Еліміздің білім беру жүйесі пандемия жағдайында әлемдік тәжірибелерге ден қойғаны белгілі. Оқытудың балама және бейнесабақ, аудиотрансляциялау, электронды пошта қызметін пайдалану сияқты қосымша түрлері таңдалып, оқу­шылар мен студенттер қолжетімді жол­дармен білім алды. Осы реттен кел­­генде, оқу мен оқыту ісіндегі жаңа фор­мат – қашықтан білім беру орта мек­теп пен ЖОО-ларға жеңіл тиді деп еш­кім де айтпас еді. Жасыратыны жоқ, елі­міздің ІТ-платформасы, цифрлы бі­лім беру мен интернет жүйесі негі­зін­де сабақ өткізу тәжірибесінің әлсіз­­ді­гі, төмендігі байқалды. Бұған дайын бағ­­дар­ламалардың, бағалау ере­­же­лері мен негізгі және көмекші нұсқау­лық­тар­дың болмауы, бас­тысы интернет плат­формалардың дұрыс жолға қо­йылмауы да кедергі кел­тірді. Қысқасы, ауыл мен қалаға интернет жүйесі мен цифр­лы технология толық жетпегені, өз дең­гейінде қамтылмағаны анық аңға­рыл­ды.

Гуманитарлық бағыттағы маман­дық­тар бойынша білім беру технологияларын тиімді пайдалану үшін бастапқы кезде платформалардың (ZOOM, MS Teams, т.т.) бірқатар жүйе, үлгі, сервис түрлері ұсынылды. Оқытушы-профессорлар құрамына (ОПҚ) әлеуметтік желілерді тиім­ді пайдалануға, компьютермен жұ­­мыс кезінде қарапайым қауіп­сіз­дік­ті сақтауға, оқу мен оқыту ісін­де кре­а­тивті болуға, цифрлы фор­мат­қа батыл қадам жасауға, жаңа педа­го­гикалық тех­нологияларды жан-жақты меңгеруге, маңыздысы білім беру мен оның сапасын арттыруға кең жол ашылды. «Platonus» жүйесіндегі оқу-әдіс­темелік кешендер мен силлабус­тар қатаң тексеріліп, қо­йылған талаптар өз деңгейінде орындалды. Бағдар­ламалық модульдер жүзеге асы­рылды. МАК төрағалары, техникалық хат­­шыларға да оқыту технологиялары туралы бейненұсқаулық, вебинар, семинар­лар жедел де жүйелі өтті.

– Қазақ әдебиеті кафедрасының бас­ты бағыттары мен негізгі ұста­ны­мы, ал­дағы уақыттағы жоспар-жо­ба­лары қандай?

– Қазақ әдебиеті кафедрасы, оның басым бағыттары, басты ұста­нымы туралы айтқанда, алдымен бұ­ған дейін ҰҒА-ның екі академигі басқар­ға­нын ойға алған­ды асыл борышым деп білемін. Олар әри­не ұлт­тық әде­биет­тану ғылымының біре­гей ко­ри­фейлері– Р.Нұрғали мен С.Қасқабасов.

Кафедраның ОПҚ-да – 3 акаде­мик,
оннан астам ғы­лым докторлары мен кандидаттары бар. Бакалавр, магистратура және док­торантура бойынша дәрістер оқы­лып, таңдаулы пәндер өтеді. Білім беру бағдарламалары жаңарты­лып, бағыты мен мазмұны қазіргі кезеңнің даму үрдістеріне сай жүйе құрайды. Университеттің білім саясаты, оқу бағ­дар­ламалары басшылыққа алына­ды. Адам капиталының сапалық дең­гейі, маман дайындаудың жаңашыл бағыт­тары, бәсекелестік пен кәсібилік, дәстүр сабақтастығы мен нарық талаптары, өмір тағылымының үздік үлгілері бас­ты ұстаным етіледі. Маңыздысы, білім – ғы­лым – өндіріс сынды үштаған бағыты негізгі назарға алынады. Берік байланыс, сабақтастық болғанын қалар едік.

Бастысы, ЖОО-ның заңнамалық дең­гейдегі тиісті нормативтік-құқық­тық базасы барынша қатаң сақталады. Білім беру бағдарламалары (БББ) мен оқу һәм оқыту ісіне жіті назар ауда­рылады. Білім беру сапасын арттыруға, бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуына, магистранттар мен докторанттардың дер кезінде оқу мерзімін аяқтап, бекітілген тақырып­тары бойынша қорғап, уақыт талабына сай маман болып шығуына әсер-ықпал етеміз. Білім-ғылым жүйе­сінде қалып, ұстаздық қызмет бағытында болғанына да жаңа жол, мол мүмкіндіктер аша­мыз. Ғылыми бағытта болып, зерт­теушілік іспен айналысуына да кең өрістер бар. Бұдан басқа, кафед­ра­дағы ОПҚ жеке жүктемесі, ондағы өзге­рістерді негіздеу, студенттер мен магистрант, докторанттардың тақы­рыптары мен жетекшілерін бекіту, шетелдік тағылымдама мен ондағы же­тек­­шілермен байланыс орнату да арнаулы кесте-жоспар бойынша жү­зеге асады. Сондай-ақ білім беру бағ­дарламаларын әзірлеп, алыс-жақын елдермен байланыс орнатып, білім-ғылым жүйесі, ондағы ұтқырлық ба­ғыты мен қос диплом жө­нін­де келі­сімшарт жасалады (мысалы, ЕҰУ мен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік пе­дагогикалық институт арасындағы ке­лісімшарт, 2019, 10-16 қараша).

Орта және жоғары мектеп арасын­дағы берік байланыс – №40, 48-мектептер арасында тұрақты орнағанын айту абзал. Кафедраның оқытушылары аталған мектеп ұжымдарында жиі бо­лып, арнаулы дәрістер оқиды. Ор­тақ мұраттар төңірегінде келелі ке­ңес өткізіп, дөңгелек үстел мен конфе­ренцияға қатысады. Орта және жоғары мектепте өтетін пән олимпиадалары, Әл-Фараби, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Фариза оқулары тұ­сында да ортақ іс – елдік мұраттар, ру­ха­­ният арналары төңірегінде жиі бас қосады.

Сондай-ақ Алаш одағы – атақты қа­ламгер Ж.Аймауытұлының – 130, ел әде­биетінің көрнекті өкілдері, ақын-қайраткер С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Дөнентаев, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, т.б. – 125 жылдық мерейтойлары конференция, ғылыми семинар, дөңгелек үстел, кеш-кездесу, сұхбат алаңы аясында аталып өтті. Осы тұста арнаулы кітап, жекелеген жинақтар мен конференция материалдары жарық көрді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, оның алдындағы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Ұлы да­ланың жеті қыры», т.с.с. бірқатар жоба туралы не айтасыз? Қазақ руха­ния­тына, оның ішінде әдебиетке бұл жобалар қаншалықты пайдалы болды?

– «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы­ның мән-маңызы зор. Меніңше, мұ­ның бастапқы кезеңі – 1980-жыл­дар­дың бел ортасында-ақ басталған. Сол кезеңде Мәскеудің идеологиялық бағы­тында бетбұрыс басталып, сая­си құр­бандарды ақтау мәселесі қоз­ғалды. «Та­рихта да, әдебиетте де ұмы­тылған есім­дер, ақтаңдақ орындар бол­мауға тиіс. Әйтпесе, бұл тарихта, әдебиетте емес, жасанды құбылғыш конструкциялар болып шығады» деген нұсқау көпке жет­ті («Социалистік Қазақстан», 1987, 15 ақпан).

Ғылыми-шығармашылық топтың жан­кешті ерен еңбегі мен жауапкершілік жүгі мол ізденіс, зерттеулері негізінде «Ақын Шәкәрімнің шығармашылық мұ­­расы жөнінде» қаулысы шықты («Социа­листік Қазақстан», 1988, 14 сәуір). Ақын өмірбаяны, шығар­ма­шы­лық мұ­расы көпке жетті. Қоғамды демо­кратия­лан­дыру бағыты кең өріс алды. Ал­ды­мен, Мәскеудің өзінде қуғын-сүргінге ұшы­рағандардың есімі мен еңбегі ақталып, қалың көпке жете бастады.

Алаш ақиқатының, руханият кеңіс­тігінің жарқын беттерінің бірі ҚҚП ОК-нің «Мағжан Жұмабаевтың, Ах­мет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Айма­уы­товтың шығармашылық мұ­расын зерттеу жөніндегі комис­сия­сының қоры­тындысы» баспасөз бе­тінде жарияланды («Социалистік Қазақстан», 1988, 28 желтоқсан).

Асылы, Алаш арыстарының өмір­бая­ны, қоғамдық қызметі мен шығар­ма­шылық мұрасының ақталу сыр-себептері – Ж.Әбділдин ( «Өмір-өзен» – 2014), С.Қирабаев («Ұлт тәуел­сіздігі және қазақ әдебиеті» – 2011), Р.Нұрғали («Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» – 2002), Ш.Елеукенов («Тәуелсіздік биігінен» – 2007), Т.Жұртбай («Ұраным – Алаш!..» – 2008, 2011), т.б. зерттеу ең­бектерінде кең орын алды. «Алаш қоз­ғалысы» атты энциклопедиялық анық­та­малығында да жан-жақты берілді (2014).

Ойға алар және бір жайт: «Жалпы­ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих» жылда­рының (1997-1998) тағылымы мол бол­ғанын айту абзал. Бұдан өзге: «Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң күшіне еніп, қызыл империя тұсында орын алған тоталитаризм, геноцид сыры ашылды. Еліміздің жер-жерінде жазықсыз жа­за­ланғандарды еске түсіретін мемо­риалдық ескерткіштер ашылды. Асыл да аяулы боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында алуан бағыттағы мәдени-рухани іс-шара­лар өтті. Көше аттары өзгертілді. Еңселі ескерткіштер бой көтерді. 31 мамыр – сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күні болып белгіленді.

 Еске алар және бір маңызды жоба – «Мәдени мұра» (2003) мемлекеттік бағ­дарламасы дер едік. Аталған бағ­дар­лама аясында ұлт тарихының арғы-бергі кезеңі қайта қаралып, архео­логия­лық қазба жұмыстары, ежел­гі ескерткіш, әде­би-мәдени жәді­герлер жіті зерттеліп, байыпты зер­деленді. Бастысы, «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында көптеген тари­хи-мәдени ескерткіштер, бірқатар ха­лыққа қажетті нысандар қайта жаң­ғы­рып, қолдануға берілді. Ойға алсақ, бағдарлама аясында – «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» қа­лың көпке жетті. Жүз томдық – «Бабалар сөзі» сериясы халқымыздың рухани байлығының ғажайып үлгісі, басты белгілерінің бірі болды. «Баба­лар сөзі» – қазақ фоль­к­лорының тең­дес­сіз жобасы ретінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханада, ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Майн­дағы Франк­фурт қаласындағы кітап көрме-жәр­мең­кесінде таныстырылымы өтті. «Фольклорын жүз томға жинап, бас­тырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ» екені айрықша аталды. Ұлт пен ұрпаққа үлгі етілді. Орта және жоғары мектеп кітапханасынан кең орын алды.

Бұдан басқа, «Халық – тарих тол­қы­нында» (2013), «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» (2017), «Ұлы да­ланың жеті қыры» (2018) сынды маңызды жобалар аясында ұлт мұраты айқындалып, елдік мүддеге қызмет ететін мың сан жұмыстар қолға алынып, жүзеге асып келеді.

 Тараз, Түркістан қалаларының – 2000, 1500, Қазақ хандығының – 550 жыл­дықтары жалпыұлттық дең­гей­де өтті. Атақты хан, белгілі би-шешендер мен танымал тұлғалардың мерейтойлары аталды. «Алыптар тобы» С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Май­лин, С.Мұқанов, М.Әуезов, т.б. мен Алаштың қайраткер-қаламгер­лерінің (мысалы, Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Қожанов, Т.Рыс­құлов, М.Шоқай, т.б.) есімі мен еңбек­тері де кең түрде сөз етіліп, зерттеу жүйе­сіне айналды. Орта және жоғары мектеп бағ­дарламасына енді. Оқулық пен хрестоматиялардан лайықты орын алды.

– Биылғы Жолдаудың маңызды тұ­с­­тарын еске алсаңыз? Ол жерде өзі­ңіз бас­қаратын кафедраға тиісті жер­лері бар ма?

– Қазақстан халқына арналған – «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен өркен­деуі­нің негізі» атты жолдаумен оқып-танысқанда, ел дамуының жаңа кезеңдері мен өркендеу өрістеріне жетудің мол мүмкіндіктері байқалды. Әсіресе Ұлт жоспарын жүзеге асыру­дың қажеттілігі басты назарға алы­­нады. Заман талабына қатысты мем­ле­кеттік мүдделер, қоғамдық-саяси өмір­ді жаңғырту жайы, экономикалық рефор­маларды іске асырудың мәні, басты қағи­даттары алға тартылады.

Жасыратыны жоқ, дипломды маман көп, десе де бос жұмыс орны бола тұра, кадр тапшылығы сезіледі. ЖОО-да ма­ман­дықтар қайталанатынын ешкім де жоқ­қа шығармайды. Керісінше, ІТ-мамандары, биотехнология, маши­на жасау, маркетинг, металлургия, тамақ өндірісі, радиотехника, логис­тика сын­ды мамандықтарға сұраныс жоға­ры екенін айтқан жөн. Бұл тұста, сөз жоқ еңбек нарығын зерттеп-зерделеу қажеттілігі, қоғамға, өмір-тұрмысқа аса зәру мамандықтарға грант санын еселеп арттыру мүмкіндігі терең танылады. Осы орайда Жолдауда: «...Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жо­ғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәсе­лесін қарау керек», деген тұстарға мән берген жөн.

Асылы, аталған жайттардың бәрі – ел дамуына, ұлттық мұратқа негіз­деліп, оны өркениет деңгейіне көтеру бағытына арналғаны көңілге қуаныш орнатады. Қысқасы, ел ертеңі мен кемел келешегіне қатысты нақты жұ­мыс­тар, маңызды мәселелер, сапалы өзгерістер мәнді де нанымды, жүйелі жеткізіледі. Бұдан сөз жоқ, ел еңсесі көтеріледі. Ұлт мұраты айқындалады. Жасампаздыққа жол ашылады.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Теңге қымбаттайды

Қаржы • Кеше

Италияда тоғыз жүлде алдық

Спорт • 07 Наурыз, 2021

«Барыс» ұтылып қалды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Елдос Сметов күміс алды

Спорт • 06 Наурыз, 2021

Ұқсас жаңалықтар