Әлем • 20 Шілде, 2020

Науқастар саны 15 миллионға жақындады

208 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Коронавирус індетіне шалдыққандар саны күннен-күнге артып барады. Қазіргі таңда әлемде 14,5 миллион адам науқастанса, қауіпті дерттің құрбанына айналғандар саны 600 мыңнан асты.

Науқастар саны 15 миллионға жақындады

voanews.com

COVID-19-дың зардабын қатты тартып отырған елдің бірі – АҚШ. Бұл елді вирус меңдегелі бірнеше ай өткеніне қарамастан, жағдай күн өткен сайын қиындап бара жатыр. Бүгінде Құрама штаттарда індетке шалдыққандар саны 3,8 миллионнан асты. Ал жұма күні вирус жұқтырғандар саны бойынша бұл елде тағы да рекорд жаңартылып, бір тәулікте 77 мың адамнан COVID-19 анықталды.

Қауіпті дерттің құрбанына айналғандар саны жөнінен де АҚШ көш бастап тұр. Бүгінге дейін қай­тыс болғандардың саны 142 мыңнан асты. Күн сайын 900-ден астам науқас өмірімен қоштасады. Әсіресе, Техас пен Калифорния штаттарында жағдай мүшкіл. Нау­қастар саны сағат санап ар­тып, ауруханалар аузы-мұр­нына шыға толған. Осыған байланысты екі штатта да вирус жұқтырғандарға көмектесу үшін әскери дәрігерлер жұ­мыл­дырылды.

Техас штатында үшінші күн қатарынан індеттің шең­ге­ліне ілінгендер саны 10 мың­­нан азаймай тұр. Бұл аймақ­­та 322 мыңнан астам адам­ның тесті COVID-19-ға оң нәти­же көрсеткен. Кали­фор­ния­да науқастардың жалпы саны 374 мыңнан асты. Бұл штат АҚШ бойынша ви­рус жұқтыр­ған­дары ең көп екінші өңірге айналды. Сондай-ақ Флоридада да жағ­дай мәз емес. Бұл өңірде індет 327 мың адамды шарпыса, 5 мыңға жуығы қаза тапқан.

Оқиғаның бұлай өрбуіне байланысты Калифорния штатының губернаторы шектеу шараларын күшейтті. Соған сәйкес, мектептерді қайта ашу кезінде сақталуы тиіс міндеттер бекітілді.

1

Айта кетерлігі, коронавирустың жо­ғар­ғы қарқынмен таралуы Ақ үй басшысы Дональд Трамптың абыройына нұқсан келтірді. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жүргізген сауалнамаға сүйенсек, америкалықтардың 38 пайызы ғана АҚШ президентінің індетпен күресу әрекетін құптаған. Бұл көрсеткіш мамырда – 46 па­йыз, ал наурызда 51 пайызды құраған еді. Керісінше, Д.Трампты кінәлайтындар саны 60 пайызға бірден көтерілген.

Мұхиттың арғы бетіндегі тағы бір ел – Бразилияда да жағдай ушығып тұр. Күні кеше осы мемлекетте науқастар саны 2 миллионнан асты. Бразилия денсаулық сақтау министрінің хабарлауынша, соңғы тәулікте 45 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Бүгінгі күнге дейін 77 мыңға жуық адам қауіпті дерттің құрбанына айналды. Тәулік сайын Бразилияда мыңнан аса науқас о дүниеге аттанады.

Билік өкілдерінің айтуынша, өлімнің күрт көбеюіне байланысты елде жерлеу­ге арналған табыт пен мазарат орны тапшылыққа айналуы мүмкін. Сондықтан қайтыс болғандарды жерлеу үшін үлкен қабір қазып, мүрделерді сонда жерлеп жатыр.

Бұған дейін ел президенті Жаир Бол­сонару­дың COVID-19 жұқтырғанын ха­барлаған едік. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тәуір. Тыныс алуы қиындамаған,  дәм сезуі жоғалмаған. Ел президентінің өзі коронавирус қауіпсіз індет деуден танбай отыр. Бұған дейін ол гидроксихлорокиннің арқасында өзін жақсы сезінетінін мәлімдеген еді. Әйтсе де, Бразилия жұқпалы аурулар қоғамдастығы аталған дәріні мүлдем қол­данбау қажеттігін айтып дабыл қаға­ды. Олардың пайымдауынша, гидроксихлорокин коронавируспен ауырған науқастарды емдеу­ге жарамайды.

Үндістанда да індет қарқынмен таралып жатыр. Бүгінде бұл елде вирус жұқтырғандар саны миллионнан асты. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, өткен жұмада 35 мыңнан астам адамның дертке шалдыққаны анықталса, 687 науқас бақиға аттанған. Бұл екеуі де пандемия басталғалы бергі Үндістандағы рекордтық көрсеткіш.

Боливудтың отанында індеттің қарқынды таралуы мынадан-ақ анық байқалады. Мәселен, 13 шілдеде Үндістанда науқастар саны 900 мыңға жетеқабыл еді. Үш күн ішінде вирус жұқтырғандар миллионнан асып шыға келді. Осыған байланысты жер­гілікті провин­циялардың басшылығы шектеу шараларын қайта күшейтті. Ал Бихар штатында қайтадан екі апталық локдаун енгізілді.

Қызыл крест ұйымы Оңтүстік Азиядағы жағдайдың мүшкіл екенін айтып дабыл қағып отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, сары құрлықтың оңтүс­тігі вирусқа төтеп беруі неғайбыл. Әсіресе халқы көп Үндістан мен тұрғындар тығыз орна­ласқан Пәкістан және Бангладеш коронавирус індетінің келесі ошағына айналуы әбден мүмкін.

Ұйымның алаңдауына да негіз бар. Бұған дейін Үндістанда негізінен Мумбай және Нью-Делиде ғана COVID-19 тез тараған-ды. Алайда кейінгі уақытта халықтың 70 пайыздайы мекендеген шағын қалалар мен елді мекендерде індеттің шеңгеліне ілінгендер саны артып барады.

Қауіпті дерт адам таңдамайтынын Үндіс­тан­да тағы бір мәрте дәлелдеді. Боливуд жұл­дызы, бұрынғы әлем аруы Айшвария Рэй вирус жұқ­тырғаны анықталды. Сондай-ақ оның қызы мен күйеуінің тесті де оң нәтиже көр­сеткен. Қазір­гі таңда үш науқас та ауруханада ем алып жатыр.

Солтүстіктегі көршіміз – Ресейде де нау­­қастар саны көп. Бүгінге дейін бұл елде 765 мың тұрғынның вирус жұқтырғаны анықталса, 12 мыңнан астам адам көз жұмған. Күн сайын Ресейде шамамен алты мыңға жуық жаңа науқас анықталады.

Коронавирус салдарынан Ресей эконо­микасының өсімі төмендей бастады. Мәселен, сәуірде ішкі жалпы өнім көлемі 12 пайызға азай­са, маусымда бұл көрсеткіш 6,4 пайызды құрады. RBC агенттігі пандемия аяқталғанға дейін Ресей экономикасы 1999 жылғы жағдайға дейін түсіп кетуі мүмкін екенін болжайды.

Мексикада коронавирус жұқтырғандар саны 324 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің бас эпидемиологы Хосе Луис Аломияның мәлімдеуінше, өткен тәулікте елде 6149 жаңа жағдай анықталған.  Айта кетерлігі, Мексикада әдейі науқастанғандар да бар көрі­неді. Ел билігі мұндай қадамға барғандарға жазаны қатайтып отыр. Мәселен, Нуэво-Леон шта­тын­да қасақана вирус жұқтырғандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 35 мың песо (1,5 мың доллар) көлемінде айып­пұл төлейді.

Израиль денсаулық сақтау министрі Юлий Эдельштейн елді толықтай жапқанда ғана вирусты жеңуге болатынын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, ғайыптан тайып бір ғажайып келіп халықты құтқармаса, басқа жол жоқ.

Ю.Эдельштейннің бұлай деуінің өз себебі бар. Қазір Израильде жағдай қайта ушығып барады. Күн сайын екі мыңға жуық адамнан вирус анықталып отыр. Сондықтан елдегі бүкіл дәрігерлер вируспен күреске жұмылдырылған. Мамандар алдағы уақытта Израильде өкпені жасанды желдету аппараттарына мұқтаждық туатынын болжайды. Осыған орай, шектеу шаралары күшейтілді. Бұл ереже демалыс күндеріне қатысты. Енді сенбі, жексенбі күндері спорт залдары, фитнес орталықтары, мейрамханалар, жағажайлар, сауда орталықтары мен сән салондары толықтай жұмысын тоқтатады. Шектеу шілде айының соңына дейін жалғасады. Жабық ғимаратта 10 адамнан асатын, көшеде 20 адамнан асатын жиналыс өткізуге тыйым салынған.

Жапонияда бейсенбі күні 600-ден астам адам коронавирус жұқтырған. Бұл соңғы үш ай­дағы рекордтық көрсеткіш. Kyodo агенттігінің мәлімдеуінше, ел астанасы тек Токионың өзінде бір күнде 286 жағдай тіркелген.

Мамырда Жапонияда төтенше жағдай тоқтатылған-ды. Науқастардың күрт көбеюі бұл қадамның қате болғанын көрсетіп отыр. Қазірге дейін ниппондар елінде жалпы 23 600 тұрғынның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.

Токиода науқастар саны 8 мыңнан асты. Шаһар губернаторы Юрико Койкенің сөзіне сүйенсек, вирус жұқтырғандар санының артуы­на қалада жаппай тест жүргізілуі себеп болған.

Токионың айналасындағы үш префектура – Чиба, Канагава, Сайтамада, сонымен қатар Оса­ка префектурасында соңғы тәулікте нау­қастанғандар саны рекордтық деңгейге жетті. Осакада 66 адам коронавирус жұқтырса, Сай­там­да – 49, Канагавта – 48, Чибада 32 науқас тір­келген.

Коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты Тегеранда карантин тәртібі қайта күшейтілді. Сенбіден елдегі бар­л­ық мемлекеттік қызметкерлердің үштен бірі қашықтан жұмыс істеуге көшті.  Адам көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынып, мейрамханалар жұмысын тоқтатты. Айта кетейік, Иранда маусым айы­ның соңында бетперде тағу міндеттелген соң, карантин тәртібі жеңілдетілген еді. Бірақ соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы екі мыңнан аса адамнан анықталып, 183 науқас көз жұмды.

Коронавирус пандемиясы осылайша адамзат атаулыны әбігерге салып тұр. Төрт­күл дүниені шарпыған індет жеке адам­дар­дың жауапкершілігін күшейту арқылы ғана айналасындағы жандарды, жақын-жуық­тарын аман сақтап қалуға болатынын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың «Жақыныңа жанашыр бол!» ұстанымы – қазіргінің басты ұраны іспеттес.