Экономика • 20 Шілде, 2020

Индустрияландыру жобаларының басым бөлігі СҚО мен Шымкентте шоғырланған

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Индустрияландыру картасы аясында 1,1 трлн. теңгеге 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, - деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Индустрияландыру жобаларының басым бөлігі СҚО мен Шымкентте шоғырланған

Өндіріс ошақтарында 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылмақ.

Аталмыш жобалар АӨК (59 жоба), құрылыс индустриясы (47 жоба), металлургия (19 жоба), машина жасау (12 жоба), химия өнеркәсібі және фармацевтика (14 жоба), жеңіл өнеркәсіп (3 жоба), энергетика (3 жоба), экология (2 жоба) және цифрландыру (1 жоба) салаларында енгізілетін болады.

Жобалардың басым бөлігі Шымкент қаласында (19 жоба) және Солтүстік Қазақстан облысында (13 жоба) шоғырланған, ал инвестициялар көлемі бойынша Қарағанды (204 млрд.теңге), Жамбыл (166 млрд. теңге) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (123 млрд. теңге) жобалар басым.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бірнеше маңызды жоба іске асырылды. Мысалы, Алматы қаласында "HyundaiTransKazakhstan" зауытының бірінші кезеңі, атап айтқанда, Hyundai автомобильдері ірі тораптық құрастыру әдісімен жиналатын жинау цехы мен сынақ жолы пайдалануға берілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 45 мың бірлік көлікті құрайды. Бүгінде кәсіпорында 700 жұмыс орны ашылды.

Ақпан айында Алматы облысында «ЖетисуСоя» ЖШС байпас протеині мен соя майын өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 16 мың тонна шикізатты құрайды.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында "ГЕБА" ЖШС (1 млрд.теңге сомасына) мұздатылған жартылай фабрикаттар өндіретін зауыт және "AlinaHolding" ЖШС (1,5 млрд. теңге сомасына) қатты ұнтақты толтырғыш өндіретін цех пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ және ағымдағы жылдың соңына дейін мынадай жобалар енгізілмек: Шымкент қаласындағы "Шымкент химия компаниясы" ЖШС-нің метил-трет бутил эфирі мен полипропилен өндіру зауыты; Ақтөбе облысындағы "Көктас-Ақтөбе" АҚ-ның құрылыс материалдарын өндіру зауыты; Түркістан облысында "Standart Petroleum & Co" ЖШС-нің мұнай өңдеу зауытын салу; Қарағанды қаласында "Qaz Carbon" ЖШС құю өндірісін жаңғырту және көрме-офистік көпфункционалды кешені бар байыту фабрикасын салу және Қостанай облысында" BEEF EXPORT GROUP " ЖШС ет өңдеу зауытын салу.

Айта кету керек, елдегі карантиндік шаралар өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды жоспарланған мерзімде іске қосуға және инвестицияларды игеруге әсер еткені сөзсіз. Осыған байланысты көптеген жобаларды іске асыру мерзімі ағымдағы жылдың 3 және 4 тоқсандарына ауыстырылады. Ағымдағы жылдың 3 тоқсанында барлығы 59 жобаны, ал 4 тоқсанда – 97 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.