Таяуда күні елордада Жоғарғы қаржы бақылау органдары халықаралық ұйымының (ИНТОСАИ) маңызды ұлттық көрсеткіштер бойынша жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Аталған отырыста жұмыс тобы мүшелері жобаларды қарап, зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Ресей Есеп палатасы ТМД шеңберінде маңызды ұлттық көрсеткіштер бойынша қосалқы жобаның іске асырылуы туралы өз есебін хабарлады. “Бүгінгі таңда Қазақстанның Есеп комитеті халықаралық деңгейде өзіндік орны мен қызметі бар мемлекеттік орган болып саналады. Сондықтан “ҚР Есеп комитеті туралы” заңды қабылдаудың уақыты келді”, – деді өз сөзінде Ресей Есеп палатасының басшысы Сергей Степашин. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда Қазақстанда “Есеп комитеті туралы” заң аясында көптеген пікірталастар туындауда екенін және осы ретте өзінің қазақстандық әріптесі Омархан Өксікбаевты қолдайтындығын назардан тыс қалдырмады.
Еліміздің Есеп комитеті де мүше болып табылатын жұмыс тобы 2007 жылы Мехико қаласында өткен ИНТОСАИ ХІХ Конгресінің шешімімен құрылған. Ресей Федерациясының Есеп палатасы жұмыс тобының төрағасы болып табылады. Жұмыс тобының миссиясы – ұлттық және халықаралық деңгейде экономика, экология және әлеуметтік салаларда маңызды ұлттық көрсеткіштерді әзірлеп қолдануға жәрдемдесу.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.