Жаңғырту жұмыстарын атқарып жатқан мекеме «Қазқайтажаңарту» РМК басшыларының айтуына қарағанда, мұндағы нысандар танымдық және рухани туризм үшін өте қолайлы. Сол себепті, қорық-музейді жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жоспары қолға алынып отыр. Сонымен қатар жаңғырту ісімен бірге археологиялық қазба жұмыстары да жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын көрінеді.
Қазіргі таңда кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстар нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелерін ақтау қызметі қарқынды жүргізілсе, кесене күмбезі, Қазарма, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары да жалғасын табуда.
Алдағы уақытта XI-XII ғасыр үлесіндегі 40 мешіттен қазіргі заманға жеткен жалғыз орын Жұма мешіті михрабымен бірге толығымен жаңғыртылып және оның ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесін кеңейту жұмыстары жасалуда. XV ғасырдың тарихи жәдігері – ортағасырлық шығыс моншасы мен күмбездің жұқа қабатын, интерьерін реставрациялау, екінші есікті салу және іргелес аумақты абаттандыру жоспарда бар екен.
Ал сәулеттік ғимарат Қазармаға 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда оның шатырын толығымен ауыстыру жұмыстары жүзеге асты.