Әлем • 21 Шілде, 2020

Эфиопияда пандемия кесірінен 650 мың құс өлтірілген

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, өткен тәулікте әлемде 260 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды, - деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

Эфиопияда пандемия кесірінен 650 мың құс өлтірілген

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бірнеше күннен бері рекорд жаңартып келеді. Жалпы, планета бойынша бұл инфекциядан қайтыс болғандар 600 мыңнан асып, миллиондаған адам ауруханаға түсті. 

Вашингтондағы Джонс Хопкинс универстетінің мәліметінше, пандемия басталғалы Covid-19 диагнозы жер шарында 14 жарым миллионға жуық адамға қойылып, 606 мыңнан астамы қайтыс болған.

Ең қиын жағдай – АҚШ-та. Мұнда қауіпті инфекция тәулігіне кемінде 60 мың адамнан табылып жатыр. Науқастардың жалпы саны 3 миллион 700 мыңнан асып, 140 мыңы қайтыс болды.

Пандемияның күшейгені сонша, Флориданың тоғыз госпиталінде орын қалмаған. Сондықтан, жергілікті басшылар халықты мейлінше сақ болуға шақырып отыр.

Израильде наразылық күшейіп отыр. Полициямен қақтығысқа ұласқан манифестацияларға медбикелер де қатысып жатыр. Олардың айтуынша, ауруханаларда коронавирус жұқтырғандарды емдейтін дәрігерлер жетіспей жатыр және де жұмыс істеуге жағдай жасалмаған.

Францияда масканы дүкендерде, ресторандарда, банктерде тағып жүру міндеттелді. Бұған дейін онсыз қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынған еді. Жаңа ережені бұзғандар 135 еуро айыппұл төлейді.

Ал Эфиопияда коронавирус кесірінен сұраныс төмендегендіктен, мамырдың басынан маусымға дейін 650 мың құс өлтірілді. Өйткені, карантинге байланысты отельдер мен ресторандар тауық, үйрек етін бұрынғыдай сатып алмайтын болған. 

Үрімшіде коронавирус жұқтырғандар 47-ге жетті. Сондықтан, 3 жарым миллион халқы бар қалада барлық тұрғындар кварталдары карантинге жабылып, үйден шығуға тыйым салынып, сауда орталықтары мен қонақ үйлер қызметін тоқтатты.  Сонымен қатар, жаңа инфекция Қашғарда да табылып отыр.