10 Сәуір, 2010

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ АУҚЫМДЫ ҚЫЗМЕТІ

987 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осыдан 5 жыл бұрын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының басын құрайтын республикалық бірлестік құрылған болатын. Аталған мерзім ішінде бірлестік көптеген жұмыстар атқарып, екі конферен­циясын өткізсе, енді үшінші басқосуларына Астанаға жиналды. “Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі” республикалық қоғамдық бірлес­тігінің ІІІ конференциясына еліміздің барлық аймақтарынан өкілдер келді. Бүгінде бірлес­тік­тің 3925 мүшесінің 2955-і депутаттар болып табылса, бұл еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 91 пайызын құрайды. Және, сонымен бірге, бірлестіктің мақсаты мен міндетін мақұлдаған 1 мыңға жуық адам оған мүше болып тіркелген. Есепті мерзімде бірлестік елдегі барлық саяси үдерістерге белсене қатысты және барлық деңгейдегі мәслихаттардың күш-жігерін осы бағытта үйлестірді, халықтың мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына деген оң көзқарасын қалыптастыруға үлесін қосып, Қазақстанның қоғамдық және саяси өмірінде елеулі рөл атқарды. Осыны айтқан бірлестік төрағасы Қасымбек Медиев жиналғандарды біраз жайға қанықтырды. Мәселен, бірлес­тік­тің орталық кеңесі мен оның бюросы, сон­дай-ақ жекелеген депутаттары Қазақстан Рес­пуб­ликасының қолданыстағы және әзірленіп жатқан заңдарының жобасына ұсыныстар, толықтырулар мен өзгерістер дайындау жөніндегі жұмыстарға белсене қатысқан. Атап айтқанда, оннан астам заңнамалық актілерге ұсыныстар, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашы болған. Есепті мерзім ішінде бірлестіктің орталық кеңесінің екі конференциясы, жеті кеңейтілген отырысы, орталық кеңес бюросының он сегіз мәжілісі, бірнеше “дөңгелек үстелдері” өткізіліпті. Сондай-ақ баяндамада “Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі” Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылық етуімен осыдан екі жыл бұрын құрылған Парламент Сенатының жанындағы Жергілікті өкілетті органдармен (мәслихаттармен) өзара ықпал­дастық жөніндегі кеңеспен өте нәтижелі жұмыстар атқарғаны, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істегені зор ризашылықпен аталды. Баяндамадан соң әр облыстар мен қалалардан келген мәслихат хатшылары сөз алды. Алматы облысынан Ардақ Сыдық, Курчатов қаласынан Шахмұрат Төлеубаев, Павлодардан Ринат Гафуров, Қарағандыдан Құдайберген Бексұлтанов ортаға шығып, бірлестік жұмысын жоғары бағалады және қоғамдық ұйымның атқарған істеріне ризашылықтарын жеткізіп, оның жергілікті мәслихат тынысын кеңейтуге көп үлес қосқанын атап өтті. Әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттары бас қосқан жиынның соңында оған қатысушылар бірлестіктің орталық кеңесінің жаңа төрағасы етіп Төлеубек Мұқашевты, орынбасарлығына Владимир Редкокашинді, ал “Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігінің” құрметті төрағалығына Қасымбек Медиевті сайлады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.