Қазақстан • 22 Шілде, 2020

Жақсылықтың жеңіске жеткеніне – 40 жыл

1637 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгін Жақсылық Үшкемпіровтің ХХІІ Мәскеу Олимпиадасында жеңіске жеткеніне тұп-тура – 40 жыл. 1980 жылдың 22 шілдесінде шешуші айқаста болгар Павел Христовтан басым түскен Ж.Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанған еді, - деп жазады Egemen.kz

Жақсылықтың жеңіске жеткеніне – 40 жыл

Грек-рим күресінен 29 жасында Олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ баласы туралы кезінде Дінмұхамед Қонаев атамыз былай депті: «Мен тарихта қалармын, бәлкім қалмаспын. Бірақ бір жапырақ болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылықтай жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз».

Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпірұлы жайлы жазатын дүние көп-ақ. Алайда біз Мәскеу Олимпиадасының жолдамасын иелік етуде қандай қиындықтарға тап болғанын және сол дүбірлі додада ең қызықты белдесулер жайлы Жақсылық ағаның айтқандарын қағазға түсіріп отырмыз.

 

Бапкерлермен күрес қиынға соқты

– Мәскеу Олимпиадасының жолдамасына иелік ету үшін көп күш жұмсалды ғой, – деп бастады Жақсылық аға әңгімесін. – Олимпиадаға бармай тұрып, алдымен сол додаға қатысу үшін қаншама кедергіге тап болдым. 1980 жылдың 6-8 ақпанында Мәскеу Олимпиадасы алдында КСРО чемпионаты өтті. Мақсат – барлық салмақ бойынша №1 балуанды анықтау. Мәскеудегі бәсекеге 48 кило салмақта бұрыннан маған қарсылас болып келген барлық спортшы қатысты. Негізгі қарсыласым – Монреаль Олимпиадасының жеңімпазы Алексей Шумаков еді. Бірақ, салмақ қуып әбден шаршаған Саша алғашқы күні-ақ жарыстан шығып қалды. Араларында осы чемпионатқа тыңғылықты дайындалып барған мен едім. Бірінші белдесуімде Максим Вылежанинді 9 минуттық белдесудің 6-ыншы минутында 22:0 есебімен таза жеңдім. Украинадан келген жас пері Павел Пискуннің меселін 2-ақ минутта қайтардым. Сосын Станислав Вознякті де жауырынын кілемге тигіздім. Валерий Бойко мен Виктор Савчук те менен айлаларын асыра алмады, – деген кейіпкерімізден финалдық айқас туралы сұрадық. – Финалда Анатолий Бозинмен күрестім. Одан да басым түстім. Бірақ сол кезде Одақтағы спорт тізгінін ұстағандар мені Олимпиадаға алып баруға сонда да асықпады, – деді балуан.

 

Күміс медаль кері әсерін тигізді

– КСРО біріншілігінен кейін Олимпиадаға өзге салмақтағы қатысатын спортшылардың тізімі жарияланды да, 48 килода кімнің күресетіні Еуропа чемпионатынан кейін анықталатын болды, – деп сөзін жалғастырды Қазақстанның Еңбек Ері. – Сонымен, құрлық чемпионаты Чехославакияда өтті. Барлық қарсыласымды финалға дейін қоғадай жапырдым. Келесі топтан мықты деп жүрген әлемнің екі дүркін, Еуропаның бес дүркін жеңімпазы румын Константин Александру жартылай финалда ойламаған жерден Роман Кирпачтан есесі кетті. Поляк балуаны да өз кезегінде мықтылардың қатарында еді. Қарт құрлықтың №3 балуаны тұғын. Аталмыш біріншілікте дауыл тұрғызған Кирпачтан финалда мен де есе жібердім. Міне, бұрмалаушылықтың көкесі осыдан кейін басталды. Одақта маған тісін қайрап жүргендердің бойына қан жүгіре бастады. Әсіресе алтынның дәмін татқан Алексей Шумаковтың мүмкіндігі арта түсті. Алушта мен Минскіде өткен халықаралық турнирге екеуміз де қатыстық. Екі жарыстың финалында да Шумаковтың «шаңын қағып» алдым. Бірақ бапкерлер мені сынауын сонда да тоқтатпады, – деді Жақсылық аға.

Бапкерлердің Ж.Үшкемпіровке сенбегені соншалық олар соңғы мүмкіндік деп құрама ішіндегі мықты деген алты спортшы арасында өзара іріктеу жүргізеді. Бұл туралы чемпионның өзі былай деді: – Олимпиадаға таяу күндер қалғанда барлық салмақтағы №1 балуандар арнайы дайындық жасап жатты. Ал біз болсақ, әлі сол арамыздан «лидерді» анықтаумен әлекпіз. Бапкерлер түк таппағаннан кейін 48 килодағы мықтылар арасында құрамаішілік бәсеке ұйымдастырды. Енді бұл сыннан кім сүрінбей өтсе, сол екі күннен кейін бозкілемге шығады. Оған менен басқа, А.Шумаков, В.Савчук, А.Бозин, В.Аникин, Т.Казарашвили қатысты. Абырой болғанда сол сында барлығын жеңіп шықтым.

1971-1976 жылдар аралығында барлық жарыстарда олжа салып, тек бірінші-екінші орын алып келген Ж.Үшкемпіров 1976 жылы Монреаль Олимпиадасына бару керек еді. Алайда бапкерлер қазақ жігітін елде қалдырып, оның орнына Алексей Шумаковты алып барды. Ал ол өз кезегінде Олимпиада чемпионы атанды. Осы әділетсіздік жанына қатты батқан болу керек, Жақсылық аға жарты жылдай спорт залға бармай қояды. Әйткенмен Дінмұхамед Қонаевтың өзі үміт артатынын, Мәскеу Олимпиадасына баруға мүмкіндік жасайтынын айтқаннан кейін Жақсылық аға үшін бар қиындық артта қалғандай көрінген-ді.

Алайда бұдан кейін де Мәскеудің теріс саясатының зардабын Жақсылық ағамыз талай тартты. КСРО біріншілігінде атой салған қандасымызды шетелде болатын деңгейі төмен турнирлерге алып барып, ірі халықаралық жарыстардан шет қалып отырды. Алайда Алла шыдаған құлына бермей ме, табандылығының арқасында Ж.Үшкемпіров көптен күткен Олимпиада жолдамасына ақыры ие болады.

123

 Суретте: Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен болгариялық Павел Кристов арасындағы шешуші айқас. XXII жазғы Олимпиада ойындары. ЦСКА спорт кешені. Мәскеу. 1980 жыл.

Димекеңнің арқасында Олимпиадаға қатыстым

– Жоғарыда айтқан спаррингтен кейін де бапкерлер «Олимпиадаға сен қатысасың» демеді ғой, шіркін. Дегенмен, қарсыласым болып жүрген Алексей Шумаков бас бапкер Сапунов бастаған жаттықтырушылар алдында әділін айтыпты: «Бұл жолғы Олимпиадаға мен қатыса алмаймын. Маған ұят. Өнер көрсетсем де, бұрынғыдай күресе алмаймын. Жақсылық бәрімізден күшті. Оны өздеріңіз де білесіздер. Оған сенуге болады», деп Саша жігіттік мінез танытыпты. Осы кезде бір бүйірден Тимур Казарашвили қосыла кетті. Сол кездің өзінде «Казарашвили Олимпиадаға қатысатын болса, грузин халқы оған «Волга» көлігі мен пәтер кілтін табыс етеді» деген сөз желдей есіп тұрды. Соның әсері ме, дауысқа салғанда сегіз бапкердің екеуі мені қолдаса, қалғаны Темоны жақтап шыға келді, – деді Жақсылық аға.

Грузині бар, басқасы бар барлығы жалғыз жолдаманы саудаға салған кезде мына жақта елдің спорт тұтқасын ұстаған басшылар Дінмұхамед Қонаев ақсақалға қолқа салған көрінеді. Ол кісі дереу Мәскеуге қоңырау шалып, Олимпиадаға шын мықты қатыссын деп әділетсіздікке жол бергізбейтіндігін кесіп айтқан екен.

–  Димаш ағам жақсы істің, елге, ұлтқа пайдасы тиер шаруаның алға басуына ықпал еткен жан ғой. Халқымыздың бағына туған азаматтың бірі емес, бірегейі еді. Әуелі Алла, сосын Димекеңнің арқасында Олимпиадаға қатыстым, – деді КСРО-ға еңбегі сіңген балуан.

 

Мені бір кесе қымыз «тірілтті»

Осылайша Олимпиаданың басталуына екі күн қалғанда Жақсылық ағаның 48 килода күресетіні белгілі болады. Жаттығу залына қуантамыз деп келген командалық достарына Жақсылық аға бір жымиып қойып, ары қарай жаттығуын жалғастыра берген екен. «Солай болуы тиіс» деген секілді сабырлы қалпында қалған ағамыз 1980 жылдың 21 шілдесі күні ЦСКА спорт кешені төрінде алғашқы белдесуін өткізді. Оның қарсыласы анау-мынау емес, әлемнің екі дүркін, Еуропаның бес дүркін жеңімпазы румын Константин Александру еді.

– Жеребенің қалай түскенін естігенде аздап ойланғаным рас. Менің сәл ойланғанымның өзінен бапкерлер қатты секемденіпті. Бас бапкер Вадим Псарев үнсіз жүр. Ал Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев қасымнан бір елі қалмай, қарсыласымның осал тұсын жіпке тізгендей етіп айтуда. Жаттығу залы маңынан айналшықтап жүрген Қабден аға Байдосов та «Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны осы жолы!», деп жігерімді жанып қояды. Сонымен, көптен күткен белдесу де басталып кетті. Күреске емес, тура бір төбелеске шыққандай Александру нағыз бабында екен. Шабуылды үсті-үстіне жасайды кеп. Ыза болған балуан әрқашан алысқа бармайтынын білемін ғой. Оның үстіне Қабден ағам секундант. Мені рухтандыратын сөздерін аяп жатқан жоқ. Соның арқасы болар екінші кезең біткенде таблодағы есеп 5:1, менің пайдама шешілді. Ал үшінші кезеңде екеуміз бір-бір ұпайдан еншіледік. Осы кездесу есімнен еш кетпейді. Өйткені көзіме оттай болып көрінген румын балуаны айқас соңына дейін кілемге жаңа шыққан балуанша күресті, – деді Жақсылық Үшкемпіров.

Константиннің мықты балуан екені даусыз. Өйткені Олимпиададан өзге атақтың барлығына қол жеткізген румын жігіті Жақсылық ағаны әжептеуір шаршатқан-ды. Ал отандасымыздың екінші қарсыласы таяуда ғана Еуропа чемпионатында оған есесі кеткен поляк Роман Кирпач еді. Таңертеңгі он шамасында Александрумен белдескен Үшкемпіров, кешкі жетіде Кирпачпен бақ сынасуы керек. Константинмен өткен «итжығыс» оған ауыр тигені анық. Румын балуанына бар күшін жұмсаған жерлесіміз демалыс бөлмесіне жеткенде әлі құрып жатып қалыпты. Сол жатқаннан тұп-тура үш сағаттай орнынан тұра алмаған. Ж.Үшкемпіровке жеребеден гөрі, уақыт жағы оңтайлы болған сияқты. Егер де екі белдесу арасы ұзақ болмағанда, екінші белдесуіне Жақсылық аға шаршап шығатыны сөзсіз еді. Оның үстіне көмекке келген құрама дәрігерлеріне еркін күрестен тұңғыш қазақстандық спорт шебері Қабден Байдосов «тиіспеңдер, үш сағаттан кейін өзі тұрады» деп ешкімді жолатпапты.

Бұл туралы Жақсылық аға былай деді: – Шынында да, Қабден ағамның айтқаны айдай келді. Дәл сол үш сағаттан кейін бойыма ептеп қуат жинала бастады. Соны ағама сездіріп едім, қайдан алдырғанын білмеймін сап-салқын қымызды аузыма тоса қойғаны. Содан 10-15 минуттан кейін аздап дене қыздырып, түк болмағандай жаттығуға кірісіп кеттім.

 

Христовтай қарсыласты көрген жоқпын

Кешкі жетіде кілемге шыққанда Ж.Үшкемпіров бойына бар күш-қуатын жинап алды. Ференц Шерештің «қақпанына» абайсызда түсіп, таза ұтылғанына намыстанса керек, Кирпач ортаға буырқанып шықты. Екі қарсылас алғашқы кезеңде тыным таппай айқасты. Біздің кейіпкеріміз қарсыласының қулығын жақсы біледі. Ол тың кезінде ұпай жинап алады да, соңғы кезеңде сол жинаған ұпайын сақтап қалуға тырысатын. Ал бұл жолы Жақсылық аға оған ондай мүмкіндік бермеді. Керісінше, бірінші кезеңнің соңғы минуттарында бірнеше әдіс жасап, таблодағы көрсеткішті 11:0 есебіне дейін жеткізді. Қарап тұрар Кирпач қайда?! Екінші кезеңде барын салған ол белсенді қимылдап, есепті 11:10-ға дейін қысқартты. Бірақ шешуші тұста орайы келгенде тағы екі ұпай еншілеген Жақсылық аға бұл белдесуді де жеңіп шықты. Есеп – 13:10.

Бұл жерде Р.Кирпач бар күш-жігерін жұмсағанын айта кеткен жөн. Адам баласы мүмкіндігінен жоғары жылдамдықта қимылдап, тынымсыз күш жұмсаса керемет ащы тер шығатыны белгілі. «Егер де «аммиак» шыққанша белдеспегенімде, Кирпач менің алдымды орап кетер еді», деген Жақсылық ағаның бұл жерде аса көп күш жұмсағанын аңғару қиын емес еді.

Үшінші айналым. Ж.Үшкемпіров Мажарстаннан келген Ференц Шерешті 17:6 есебімен жеңді. Есепке қарап, отандасымыз қарсыласын қиналмай жеңген сияқты көрінеді. Алайда финалға берілер жолдама Үшкемпіровтің уысына оңай түспеді. Отандасымыз төртінші айналымға қатыспады.

Қош, сонымен соңғы шешуші айналым. Қазақ балуанының жолында болгар Павел Христов қасқайып тұр. Жақсылық ағаның сөзіне сенсек, ол «мостикке» тұрса, тура темірдей қатып қалатын көрінеді. Керісінше, «партерде» осалдау екен. Міне, Павелдің осы осал тұсы оны жеңіліске ұшыратты. Жерлесіміз қарсыласын 12:7 есебімен жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.

– Христов мықтыны мойындай білетін керемет жігіт екен. Жеңіле тұрып, кілем үстінде мені құшағына қысып қолымды көтерді. Одан кейін Христов секілді адал күресетін қарсыласты кездестіре алмадым, – деді Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.

Доданың қорытындысы бойынша барлық қарсыласынан басым болған Жақсылық Үшкемпіров – алтын, Константин Александру – күміс, Ференц Шереш қола медальға ие болды. Осылайша Жақсылық Үшкемпіров спорттың ең үлкен шыңына 29 жасында қол жеткізді. Сондай-ақ ол 1981 жылы әлем чемпионы атанып, Мәскеудегі жеңесінің кездейсоқ еместігін тағы да дәлелдеді. 1984 жылы Красноярск қаласында өткен КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіровті үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Үлкен спортпен қоштасқаннан соң бірнеше жыл Қазақстанда, Қытайда бапкерлік қызмет атқарды.

 

ДЕРЕКНАМА:

Жақсылық Үшкемпірұлы Әмірәлі – 1951 жылы 6 мамырда туған. Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы (1980 ж.). Әлем чемпионы (1981 ж.). Әлем кубогының күміс жүлдегері (1982 ж.), Еуропа чемпионатының финалисі (1980 ж.). КСРО-ның екі дүркін чемпионы (1975, 1980 ж.ж.), КСРО чемпионатының күміс (1978, 1979 ж.ж.) және қола жүлдегері (1973, 1977 ж.ж.) КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1975 ж.). 1984-1993 жылдары – республикалық күрес мектебінің директоры. 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін «Жақсылық» жеке шаруа қожалығын ашып, төрт түліктің барлық түрін қолдан келгенше өсіруде.

 

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»