Президент • 22 Шілде, 2020

Берік Уәли Президенттің Twitter-дегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді

2414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Мемлекет басшысы ел өміріндегі жағдайларды қалт жібермей қадағалап отырады және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі мәліметтермен танысуға әрқашан уақыт табады", дейді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли zakon.kz-ке берген сұхбатында. 

Берік Уәли Президенттің Twitter-дегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді

Берік Уәлидің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өте тығыз. Президент мемлекеттік органдардың басшыларымен, қоғам өкілдерімен кездесіп, конференциялар өткізіп, жоспарланған іс-шараларға қатысады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы аптасына жеті күн жұмыс істейді деп кесіп айта аламын, туындаған қиындықтарға шұғыл жауап беріп жатады. Дағдарысқа қарсы күн тәртібімен қатар, ол мемлекет дамуының ұзақ мерзімді міндеттеріне: экономиканы, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне үлкен көңіл бөледі, – дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ ол Президенттің әлеуметтік желілердегі кейбір жазбаларының неге кеш жарияланатынын да түсіндірді.

– Президенттің Twitter-дегі кей жазбалары түнде пайда болатынын дұрыс байқағансыздар. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы ел өміріндегі жағдайларды қалт жібермей қадағалап отырады және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі мәліметтермен танысуға әрқашан уақыт табады. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қажет деп санаса, онда ол қоғамды елең еткізген маңызды оқиғаларға қатысты өз көзқарасы туралы кез келген уақытта жазба жариялап, қажетті нұсқаулар береді. Жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты кейде мұндай жазбалары кеш шығуы мүмкін екендігі түсінікті болар, – деп түсіндірді Берік Уәли.

Президент баспасөз хатшысының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша барлық мемлекеттік қызметкерге үлгі бола отырып, осындай сын-сағаты туған уақытта қалай жұмыс істеу керектігін көрсетеді.

Айта кетейік, Президент табиғат аясындағы ел азаматтарының әдепсіздігін сынаған жазбасын кеше Twitter-де түнгі 01:30 уақытында жариялаған еді.