Аймақтар • 23 Шілде, 2020

Дәрігерлерді қолдаған сауап

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанның Тайынша ауданында бұрын кілең неміс тұрғындар қоныстанған Келлеровка деген үлкен село бар, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәрігерлерді қолдаған сауап

Ол бұрын аудан орталығы болған еді. Қазір осы селода жаман індетке ұшырауы мүмкін күдіктілер орналастырылған провизорлық стационар бар.

Кеше "Nur Otan" партиясы Тайынша аудандық филиалы осы провизорлық стационардың қызметкерлеріне «Дәрігерлерге рахмет» акциясы аясында  бірінші кезектегі қажетті заттар, жеміс-көкөністер, азық-түлік және гигиена құралдарын жеткізуді ұйымдастырды. Өздерін ұмытпағанына стационар қызметкерлері шексіз разылықтарын білдірді.

Бүгінгі таңда провизорлық стационарда 53 пациент ем алуда, оларға күтім жасауды 12 медицина қызметкері жүзеге асырады. Нұротандықтар жеткізген сыйлықтардың арасында 50 литр бөтелкелердегі су, қымыз, тәттілер, шай, қоюлатылған сүт, консервілер, майлықтар, қағаз сүлгілер және т.б. болды.

"Nur Otan" партиясы Тайынша аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәрсенбай Бекшеновтың айтуына қарағанда "Дәрігерлерге рахмет" акциясы пандемия кезінде еңбек ететін медицина қызметкерлерін қолдау үшін ұйымдастырылған. "Белсенділеріміздің күшімен оларға сыйлық ретінде осы заттар және азық-түлік жиналды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, "Тайыншинские вести" аудандық газетінің бас редакторы Ольга Соболевская және т.б. өз көмектерін ұсынды. Стационардың медицина қызметкерлері қазір күшейтілген режімде жұмыс істейді, сондықтан оларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек", - дейді Сәрсенбай Бекшенов.

23 шілдедегі мәліметке қарағанда Солтүстік Қазақстан облысында жаман індетке ұшыраған 2451 сырқат тіркелді. Соның ішінде өңірдегі инфекциялық стационарларда 480 ем орны бар, ал провизорлық стационарларда 1620 орын. Уәлиханов ауданында қосымша 10 инфекциялық төсек-орын құрылды. Сонымен қатар, облыстық перинаталдық орталықта 10 шілдеден бастап 25 төсектік карантиндік стационар мен 20 адамға арналған провизорлық стационар ашылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы