Әлем • 24 Шілде, 2020

Пандемия күшейе түсуі мүмкін

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемияның ауыртпалығы арта түсуі мүмкін. Қазір әрекет ету керек. Елдің басым бөлігі толықтай шектеу шарасын енгізуді қажет етуі мүмкін. Саясат пен ғылымды араластырсаң, сая­сат шығады. АҚШ-тағы коронавирус індетінің таралуы саясаттың мұндай жағдайда «жұмыс істемейтінін» көрсетті. Егер экономиканы қайта қалпына кел­ті­ріп, мектептерді қауіпсіз жағдайда ашқы­мыз келсе, ғылымға оралуымыз керек.

Пандемия күшейе түсуі мүмкін

Джон М. БАРРИ,

New York Times

 

АҚШ-тағы жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсіну үшін салыстырмалы сараптама жасау керек. Осы мақала жазылып жатқанда, бір кездері коронавирус пандемиясынан аса зардап шеккен Италияда күніне шамамен 200 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Бұл елдің халқы Техас штатынан екі есе көп. Ал Техаста күн сайын 9000-нан астам адам ауруға шалдығып жатыр. Флоридадан, хал­қы 4 есе көп Германияда күн са­йын 400-ге жуық науқас тіркеледі. Ал Фло­ри­да штатында өткен жексенбіде 15300-ден астам адам вирус жұқтырды. Бұл – бүкіл штаттар арасындағы жоғары көрсеткіш.

Ақ үй коронавируспен бірге өмір сүру­ге дағдылану қажеттігін айтады. Әйтсе де, жаңадан тіркеліп жат­қан науқастар саны Италия және Герма­ния­дағы науқастар санымен теңессе, мәселе басқа. Көптен бері вирустан ешкім қайтыс болмаған Оң­түс­тік Корея, Аустралия мен Вьетнам тура­лы айтпай-ақ қоялық. Ал АҚШ-та жаңа­дан науқастанғандар саны күрт ар­тып отыр. Тіпті Бразилияны басып оздық.

Италия, Германия және тағы ондаған ел толықтай дерлік шектеу шараларын алып тастады әрі оған себеп те бар. Аталған елдер пандемияға ерекше мән беріп, нақты шаралар қабылдап, соны жалғастырып жатыр. Мәселен, Аустра­лия­да көп адам жиналып, бір үйде туған күн тойлағандарға 18 мың доллар айып­пұл салды.

АҚШ-та қоғамдық денсаулық жөнін­дегі сарапшылардың айтуынша, Еуро­паның тиімді тәсілін қайталау үшін бірнеше қадам жасау керек. Біріншіден, карантин енгізу шарасын науқастар саны күрт азайғанға дейін сақтау. Екіншіден, қоғамдық денсаулық сақтаудың ұсыныстарын тұрақты орындауға мән беру. Үшіншіден, тестілеуге және жаңа оқиғаларды зерттеуге арналған 100 мыңнан 300 мыңға дейінгі жұмыс күшін қалыптастыру қажет. Ұлттық деңгейде біз аталған мақсаттардың бірде-біріне қол жеткізгеніміз жоқ. Бірақ бірқатар штат жоғарыда айтылған ұсыныстарды орындап, бірте-бірте қауіпсіз түрде шектеу шараларын жеңілдете бастады. Басқа штаттар сәтсіздікке қарамастан, карантинді алып тастады. Нәтижесінің қандай екенін көріп отырмыз.

Нью-Йоркте бірнеше айдан кейін коронавирустан қайтыс болған науқас тіркелмесе, АҚШ-тың 39 штатында пандемия қарқынды тарап отыр. Флорида штатының Майами-Дейд огругінде 6 аурухана аузы-мұрны шыға толған. Хьюстонда, елдегі ең қиын жағдай тіркелген штатта шенеуніктер губернаторды оқшаулану туралы жарлық шығаруға шақырды.

Оған қоса, көптеген штаттағы жағдайдың күрделі екеніне қарамастан, ауруханаларда наурыз бен сәуірдегі секілді әлі де дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жеткілікті емес.

Тестілеудің жеке өзі инфрақұры­лым­сыз аз нәтиже береді. Науқаспен байла­ныста болғандарды анықтап, хабарласу, COVID-19-ды жұқтырғандарға, оқшауланғандарға, карантиндегілерге көмектесу керек. Алайда мұның көбі орындалған жоқ.

Көптеген штатта қазіргі таңда нау­қас­тар саны өте көп, сондықтан байланыс жасағандарды анықтау мүмкін емес.

Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – әлеуметтік қашықтық сақтау, бетперде тағу, қолды жуу және өзін-өзі оқшаулау. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге –ғимаратты желдетуге аз көңіл бөлінеді. Қоғамдық орындарда ультракүлгін шамдар қойылуы тиіс. Мұндай қадам вирустың таралуын бәсеңдетеді. Тіпті президент Трамптың өзі көпшілік орынға бетперде тағып келді. Бірақ қазіргі таңда мұның бәрі қосылып, тіпті ережені қатаң сақтағанның өзінде індет кең таралған аймақтағы жағдайды бәсеңдетуге ғана жеткілікті. Ал тіркелген оқиғалар санын бірден азайтуға бұл жеткіліксіз.

Мектептерді қауіпсіз жағдайда ашу және экономиканы қалпына келтіру үшін жұқтырғандар санын еуропалық елдердегі деңгейге дейін түсіруіміз керек. Ашылмаған мектептерге федеральдық көмек бермеу туралы Трамп әкімшілігінің доқ көрсетуі мәселені шешпейді. Індет кең тараған штаттарда қабылданған нақты шаралар ғана көмектеседі. Әсіресе көпшіліктің басқосуын шектеп, барлар мен шіркеулер секілді кейбір орындарды карантинге жабу керек. Дегенмен, кей өңірде мұның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін, сондықтан ол жерлерде сәуір айындағыдай толықтай шектеу шарасы енгізілуі қажет. Мұндай қадам аймаққа байланысты, бірақ жартылай шектеу шаралары ауруханаларды толтырғаннан басқа ештеңе бермейді. Сондай-ақ науқастар санын азайтпайды, көптеген америкалықтың коронавирустың кесірінен қайтыс болуына тосқауыл қоя алмайды.

1918 жылы тұмау пандемиясы кезінде бүкіл қала қызметін тоқтатқан. Қорқыныш пен науқас отбасы мүшесіне қамқорлық қалған міндетті атқарды. Әскер саласын жабу 50 пайызды құрап, экономиканы құлдыратты. Көптеген қала ерте ашылған, бірақ оларды екінші, тіпті, үшінші рет қайта жабуға тура келген. Қарсылық болды, бірақ адам өмірін сақтап қалдық.

Егер бастапқыда бәрін дұрыс жасағанымызда, қазіргі таңда экономикамыз 100 пайыз жұмыс істейтін еді, мектептер әдеттегідей жаңа оқу жылына дайындалып жататын еді, футбол командалары жаттығуға кірісіп, он мыңдаған америкалық қайтыс болмас еді.

Бұл – біздің екінші мүмкіндігіміз. Үшін­шісі болмайды. Егер қазір пандемия­ның таралуын тежей алмасақ, бірнеше айдан кейін, яғни күн суытып, ауа райы адамдарды жабық орындарда уақыт өткізуге мәжбүрлейтін кезеңде, тіпті қиын жағдайға тап келуіміз мүмкін.

 

Аударған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»