Қоғам • 24 Шілде, 2020

Науқастарға уақтылы көмек берілді

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, №1, №3 қалалық ауруханаларға індет кезінде науқастарға қажетті өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілді. Германияның Dräger компаниясы жасап шығарған жоғары сапалы Savina 300 үлгісіндегі ӨЖЖ аппаратын қалалық әкімдік өңірлік денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп сатып алыпты.

Науқастарға уақтылы көмек берілді

– Бұл аппараттар қала тұрғындарының өмірі үшін аса маңызды. Қауіпсіздігіне, өкпені емдеуге арналған сапалы құрал-жабдық екеніне кепілдік берілген. Әлемдік нарықта көптен бері аты таныс неміс компаниясы болғандықтан, елімізге індет кезінде жеткен аппараттарды пайдалануда қиындық болмайды деп ойлаймыз, – дейді №1 қалалық аурухана дәрігері Арман Өтеуов.

Сонымен бірге қазір қаладағы басқа ауруханаларға да демеушілердің қолдауымен сатып алынған екі аппарат жеткізіліп, іске қосылды.

Ал №3 қалалық ауруханаға жеткізілген меди­циналық құрал-жабдықтар жеке демеушілер мен қалалық әкімдік қаражатына сатып алынды. Америкалық ӨЖЖ аппараты Кaspi bankтің қара­жатына жеткізілсе, 20 пульсоксиметр мен 2 ларингоскопты қалалық әкімдік сатып алды. Оған қоса ForteBank 10 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

– Ларингоскоп науқасты өкпені жасанды желдету режіміне көшірген кезде пайдаланылады, – дейді аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Василий Павлов. – Пульсоксиметр де өте қажет. Аппарат адамның саусағына киіліп, науқастың емделу сәтін көрсетеді. Осы күндері стационарлардағы жағдай біршама жақсарды. Науқастарға көмек көрсетудің нәтижесі байқалуда. Бастапқы медико-санитарлық көмек те жақсарды.

 Өңір дәрігерлері Новосібірлік әріптестермен бірге індетке қарсы күресте өзара бірлесіп емдеу шараларын жүргізуде. Осыған орай өткен онлайн-конференцияға Новосібір облысы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Елена Аксенова, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Біржан Досмайылов, сондай-ақ екі өңірдің инфекционистері, пульмонологтары, реаниматологтары мен санитарлық дәрігерлері қатысты. Жиын барысында белгілі болғандай, Новосібір дәрігерлерінің емдеу хаттамалары отандық мамандардың емдеу хаттамаларына ұқсас. Ресейде жоспарлы медициналық көмек көрсету шектелген, пациенттер легі бөлінген, үйге шығу үшін бригадалар құрылған және көмекті барынша үйде көрсетуге көңіл бөлінеді.

– Олар төсектік орындарды оттегі нүктелерімен қамтамасыз ету туралы айтты. Новосібір облысында да орталықтандырылған оттегі нүктелері жоқ жерлерде оттегі концентраторлары қолданылуда, – дейді облыстың штаттан тыс бас реаниматологы Инна Гловацкая.

Ал қазір Павлодар өңірінің емханаларында 93 мобильді бригада жұмыс істейді. Олар шақыруларға жедел шығу және үйде сапалы медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Бүгінде оттегі нүктелерінің саны өсуде, айдың соңына дейін 600-ге жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ оттегі концентраторларының саны белсенді түрде артып келеді.

Жалпы, өңірдегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры наурыз-маусым аралығында індет инфекциясын диагностикалау үшін 6,5 мың ПТР-зерттеуге 88,6 млн теңге бөлген. Қор директоры Нұрлан Қасымовтың айтуынша, 3,1 мың тест стацио­нарларда және дәрігерлер жолдамасымен 3,4 мың тест жүргізілді.

 

Павлодар облысы