Аймақтар • 24 Шілде, 2020

Жеңіс Қасымбек: Кінәліні қатаң жаза күтіп тұр

900 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәтбаев қаласында болған бес жастағы қызды ұрлау ісі Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін бейне үндеу арқылы мәлімдеді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеңіс Қасымбек: Кінәліні қатаң жаза күтіп тұр

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, сондай-ақ қазіргі кезде осы оқиға бойынша барлық тиісті тергеу іс-шараларының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Өкінішке қарай, Сәтбаев қаласында оқиға болған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілді. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегі наразылыққа толы екенін түсінемін және онымен келісемін. Бірақ, біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоциямызды тежей біліп, болған жағдайды құқықтық алаңда қарастыруымыз керек", – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы тергеу амалдары аяқталғаннан кейін, кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

Еске салар болсақ, кеше, яғни 23 шілде күні Сәтбаев қалалық полиция бөліміне бес жастағы қызының жоғалғаны туралы ер адам келіп хабарлаған болатын. Іздестіру жұмыстарына жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен жүзден астам еріктілер жұмылдырылды. Жоғалған қыз бала түнде көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен табылды. Бұл оқиға қала тұрғындары арасында үлкен шу тудырып, оның соңы жаппай тәртіп бұзушылыққа әкеле жаздады.

Қазіргі уақытта қыз бала ата-анасымен бірге үйде. Өңір басшысы оның денсаулығын үздік мамандар қадағалайтын болады деп сендірді.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек қаладағы жағдайдың тұрақтанғанын атап өтті. Дәл қазіргі сәтте Сәтбаевтағы тірлік  қалыпты өмір арнасына түскен.

Қарағанды облысы