Биыл жолшылар "Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)" автомобиль жолының 339 шақырымында қозғалысты ашуды жоспарлап отыр. Жол учаскелеріндегі жұмыстарды орындау қарқындылығын ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Абдуллин тексеріп қайтты.
Жолдың жалпы ұзындығы 897 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда қайта жаңарту жұмыстарымен жолдың 359 шақырымы қамтылған. Жоба бірнеше учаскелерге бөлінген. Олардың барлығында құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Осылайша ұзындығы 299 шақырымды құрайтын "Қандыағаш – Мақат" жолындағы жұмыстарды "Todini Construzioni Generali S.p.A", "Құрылыс-өнеркәсіптік инвестициялық корпорациясы" ААҚ" БК, "Shanghai Construction Group Co., Ltd", Ant Insaat Maden Sanayi A.S." компаниялары және "Ақ жол құрылыс" ЖШС жүргізуде.
Ақтөбе облысындағы жол учаскесінде мердігер компаниялар биыл қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетоннан жасалған жабындының жоғарғы қабатын жолдың 20 шақырымында, жабындының төменгі қабатын жолдың 32 шақырымында төседі. Атырау облысында жолшылар жыл басынан бері жолдың 35 шақырымында жабындының төменгі қабатын, 37 шақырымында жол негізінің жоғарғы қабатын жайластырған. Дәл осы "Қандыағаш – Мақат" жолы қозғалыс үшін биыл ашылмақ.
Сондай-ақ, жұмыстар жолдың 100-160 шақырымдарының аралығында жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым "Uniserv" ЖШС жыл басынан жолдың 8 шақырымында жол негізінің жоғарғы қабатын, тағы 8 шақырымында жабындының төменгі қабатын төседі. 60 шақырымдық жол учаскесінің толық бойында қозғалыс 2021 жылы ашылады деп жоспарлануда.
Қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан жол учаскелерін аралаған Комитет төрағасының орынбасары құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауға қатысты нақты тапсырмалар берді.