Әлем • 27 Шілде, 2020

Қытайда АҚШ-тың Бас консулдығы жабылды

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытай тарапының талаптарына сәйкес, АҚШ-тың Чэнду қаласындағы Бас консулдығы ресми түрде жабылды. Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мәлімдейді, деп жазады Egemen.kz

Қытайда АҚШ-тың Бас консулдығы жабылды

"2020 жылдың 27 шілде күні сағат 10.00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 08.00-де) Қытай тарапының талаптарына сәйкес, АҚШ-тың Чэнду қаласындағы Бас консулдығы жабылды", делінген ҚХР СІМ сайтында жарияланған мәлімдемесінде.

Бұдан кейін Қытайдың құзырлы орган өкілдері Бас консулдықты өз қарамағына алды.

Чэндуде АҚШ-тың Бас консулдығы 1985 жылы ашылған. Ол елдің оңтүстік-батысына, соның ішінде Сычуань, Юньнань провинцияларына, Гуйчжоу, Тибет автономды ауданына, сондай-ақ Чунцин орталықтағы бағынышты қаласына жауапты еді.

АҚШ 21 шілде күні Қытайдан Хьюстондағы бас консулдықты жабуды талап етті. Қытай билігі бұл шешімді саяси арандатушылық деп атады және жауапты әрекеттер қабылдайтынын мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Морган Ортагус Вашингтон америкалықтардың зияткерлік меншігі мен жеке ақпараттарын қорғауды қамтамасыз ету үшін Хьюстондағы Қытайдың Бас консулдығын жабуды тапсырды.

Алыптар текетіресі тоқтамақ емес. Себебі 24 шілдеде ҚХР СІМ Сычуань провинциясының Чэнду қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығы өз қызметін тоқтатуды талап етті. Сыртқы саяси ведомство ҚХР-ның Чэндудегі американдық дипломатиялық өкілдікті жабу туралы талаптарын заңды және қажетті жауап деп атады. Қытай билігі елдің сыртқы істерінде туындаған жағдай үшін барлық жауапкершілікті Вашингтон толығымен өз мойнына алуын талап етеді.