Еліміздің қорғаныс саласы жылдан-жылға күшейіп, әскер қатарының санына емес, сапасына аса мән беріліп келеді. Қорғаныс қабілетін арттыруға әскери құрамаларға келісім-шартпен қызмет ететін азаматтар мен азаматшаларды тарту маңызды екені айқын.
Үміткерлерді сапалы жинақтау үшін жауапты лауазымдық тұлғалардың міндетін арттыру 2009 жылдың 22 маусымындағы №221 Қорғаныс министрінің “Сарбаздар мен сержанттар құрамы келісім-шарт бойынша әскери қызметшілерінің әскери қызметке кіру және өткеру бөлігінде Қарулы Күштерде, басқа да әскер тектері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін қолдану туралы нұсқаулықты бекіту туралы” бұйрығында көрсетілген. Қорғаныс министрі өзінің бұйрығында жергілікті әскери ұйымдардың жауапты тұлғаларына және әскери бөлім командирлеріне осы жұмысты өткізу ережелерін көрсеткен.
Қазіргі таңда Қарулы Күштерде кәсіпқой әскерлерді құру үшін үлкен жұмыстар жүргізілуде. Келісім-шарт бойынша Қарулы Күштердің қатарына 19 жастан асқан жас азаматтар қабылданады. Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті келісім-шарт бойынша әскери қызметке әскери қызметшілерді жинақтауда. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке өткен жастарымызға әскери қызметші аталған соң көп жеңілдіктер бар: еңбекақысының жылма-жыл өсуі, 45 тәулік кезекті еңбек демалысы, білім деңгейін көтеремін дегендерге 50 пайыздық жеңілдік және 45 жастан бастап зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі.
Әскери қызметке азаматтарды қабылдамас бұрын жергілікті және облыстық департаменттен дәрігерлік сараптамадан, психолог маманның алдынан өткізіледі. Сол мамандардың сынағынан сүрінбей өтсе ғана әскери қызметке қабылданады.
Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өтеуге ниет білдіретіндер саны өте көп. Қарулы Күштерге өз ісінің майталманы бола алатын, моральдық, психологиялық ұстамды және дене даярлығы мықты, әрі кәсіптік деңгейі жоғары азаматтар конкурстық іріктеуден кейін қабылданады.
2009-2010 жыл аралығында Қарулы Күштерге 81 адам бағытталды, оның ішінен 72-сі әскери қызметін өтеп жатыр. Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі қалалық басқармасы мен аудандық бөлімдерінде әскери қызметке орналасу бағыттары жөніндегі ақпараттар тақтасы орнатылған.
А.КУКАТОВ, Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник.