Қоғам • Кеше

Ермұрат Бапи: Өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжісте депутат Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасына қатысты сөз сөйледі. Депутаттың айтуынша, осындай орасан өзгеріске қатысты мемлекеттік өкілетті органның трибунасынан сөз айтпай, ресми ретте үндемей қалуға болмайды. Депутат бұл мәселеге қоғам мен азаматтық белсенділердің пікірін ескере отырып, конституциялық реформаның күн тәртібіне енгізілуіне алғысын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ермұрат Бапи: Өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай

Ермұрат Бапи реформаның алғашқы қадамдарын еске алды.

«30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдумның барысында сөгіле басталғанына мән бермей жүрміз. Сондағы алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген «созылмалы қарсылық дертіміз» өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай боп тұр», деді ол.

Депутат қазіргі қоғамдағы сыңаржақ сындарға да тоқталып, азаматтық ұстаным мен мемлекеттік мүдде тұрғысындағы сынның маңызды екенін атап өтті.

«Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!», деді Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді.

«Бірақ қазақта «басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесер әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз.

Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек», деді депутат.

Ермұрат Бапидың пікірінше, үлес салмағы 70 %-дан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді.

«Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу – естінің ісі болмайды. Осы орайда Қызылорда Құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бір сөз санаға орала береді: «Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп, бос айқайға басатын, одан қалды азаматтарымыздың отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ», деген еді Президент», деді Мәжіліс депутаты.

Әлеуметтік желілерде конституциялық өзгерістер туралы жалған ақпарат таралуына ерекше назар аударылды. Ермұрат Бапи баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп, бос айқайға басатын, одан қалды азаматтарымыздың отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ», деген сөзін мысалға келтірді.

Мақсат Толықбай: Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды

Депутат сыртқы қауіптерге де тоқталды.

«Сауда соғысы мен әлем картасын бөлістерге сала бастаған қатерлер қаулаған заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін», деді Мәжіліс депутаты.

Ол жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттілікті, қауіпсіздікті және тәуелсіздікті сақтау екенін атап өтті.

Әлеуметтік алаңдарда экс-президентке қатысты туындаған күмәндерге де жауап берілді. «Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-президентіне де қолданылады» деген тіркестен қоғамда қате түсінік қалыптасқанымен, депутат атап өткендей, «Президенттің отбасы мүшелері мен оның жақын туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға болмайды» деген талап 2022 жылғы конституциялық заңмен бекітілген.

Н.Әуесбаев: Жаңа Конституцияда Президент өкілеттілігі бір рет қана 7 жылдық мерзімге бекітіледі

Ермұрат Бапи елдің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың міндеті болуы керек екенін айтты.

«Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, отандық қоғам билікпен салауатты және салиқалы мәміле жүргізу деңгейіне жеткенін көрсетуі керек», деді депутат.

Ерболат Саурықов: Ата Заң зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды күшейтеді

Соңғы жаңалықтар