Аймақтар • 27 Шілде, 2020

Петропавлдық зейнеткер интернет-алаяқтың арбауына түспеді

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлдық зейнеткер интернет-алаяқтың арбауына түспеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавлдық зейнеткер интернет-алаяқтың арбауына түспеді

Кешқұрымғы апақ-сапақта Петропавлдың қарт тұрғыны Лариса Владимированың телефоны шар еткен. Мұндай уақытта оны ешкім мазалай қоймайтын, сондықтан кейуана бірден  секем алып қалады. Телефонды көтергенде ар жақтағы дауыс өзін банктың қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырып, "сіздің банкідегі есепшотыңызға біреулер бұзып кірмек болды, біз оны дереу анықтауымыз керек, сондықтан бізге картаңыздың номерін тез айта қойыңыз", деп дігірлейді.

Алғашында сасып қалғанымен, теледидардан интернет-алаяқтық туралы көп естіген 67 жасар кейуана өзін өзі қолға алып, жүрегін тоқтатып: "Мен сіздерге ештеңе де айтпаймын, ертең банкке барып, бәрін өзім анықтаймын", дегенде анау жақтағы адам байланысты кілт үзеді. Тексермек болып оның нөміріне қайта хабарласқанда, ешкім телефонды көтермейді.

Өзінің бастан кешкен оқиғасын Лариса Владимирова полицияға да хабарлап, оларды құлағдар қылады. Бүгінгі таңға дейін дәл осындай 18 оқиға тіркелген екен. Барлық уақытта алаяқтар зейнеткерлердің аңғалдығын пайдаланып, куәліктерінің жеке сәйкестендіру нөмірлерін, карталарының нөмірлерін, құпия сөздерін сұрап алады. Осыдан кейін картадағы ақшаны аудару оларға оп-оңай. Криминалдық полиция қызметкерлері пандемия басталғаннан бері интернет-алаяқтардың барынша қарқын алғанын айтады.

"Алаяқтар банк қызметкерлері атынан хабарласып, клиенттерге олардың карталары бойынша күдікті аударымдар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлайды. Сендіру үшін алаяқтар банктердің, олардың CALL-орталықтарының нөмірлерін түрлі бағдарламалар арқылы көшіріп алып, қоңырау шалады. Телефон арқылы сөйлескен кезде олар банктегі қауіпсіздік қызметкерлерінің рөлін шебер атқарады. Банк терминдерін қолданып, әңгімелесуді сыпайы және сенімді түрде жүргізеді. Алаяқтар адамның өзіне сеніп қалғанын түсінген кезде, транзакцияны тоқтату үшін ЖСН мен төлем карточкаларының деректемелерін сұрап алады", дейді СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.

Жыл басынан Петропавлда интернет-алаяқтықтың 183 фактісі тіркелген.