Таным • 28 Шілде, 2020

Әйел бейнесі – қоғам бейнесі

10617 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана» депті бұрынғылар. Ата-бабамыз жалпы әйел затын адамды жоқтан бар ғып өсіретін, ұрпақты адам етіп тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын ел ұйытқысы – ана деп қастерлеген. Абыз-даналарымыз, би-шешен, ақын-жазушылар ана туралы тайға таңба басқандай өз тұжырымдарын жалпақ жұртқа жария етіп ұсынған.

Әйел бейнесі – қоғам бейнесі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

 

Ана – ардақтымыз

Жалпы ұлылардың ұлағаты, тағы­лымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғы­намыз. Әйел-ананың бейнесі қан­дай бол­са, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді.

Ежелгі ана-әжелеріміз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанған. Көлеңдеген шағи, шайы көйлектерін, қарапайым қатипа тірсек жең пешпетін киіп, жаңа жауған ақша қардай аппақ шұлауышын тартып, кестелі, оқалы кимешегін салынып, көксауырдан оюла­ған, өкшесі ақ күмістен тіремелі көгала бас кебіс, былғарыдан мәсісін киетін. Өзінің аналық, әжелік сән-салтанатты ұнамды бейнесімен, көпке үлгі кейпімен жан біткенге мейірімді, жылы жүзімен ықыласы адамды өзіне баурап алатын.

«Ерін күткен әйелді ханым десе болады» дегендей үй иесі отағасының орны төрде. Астына екі қабаттап төсе­ген қалың жылы, ақ-қара киізден ойыс­тырып жасаған қарала сырмақтың үстінде малдас құрып қара да болса тағында отырған хан іспетті қастерлі, иығы көтеріңкі, ақ сақалы жайқалып, айбарлы ашаң жүзі жадырап ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа әмірін жүр­гізіп отыратын отағасының аузынан шыққан лебізін қарт ана баяғы жар сыйлаған дағдысымен елпең қағып алып ұшып тұра келіп айналасына жеткізетін. Өзі отағасының қабағын бағып, тас шайдан түйіп-түйіп, самауырға салып қайнатқан шайына қойдың қою сүтінің кілегейін қосып, қаймақ қатып, қалампыр сарымайдың иісін бұрқыратып қою күрең шайды әзірлейді. Жаңа сүзген жылы-жұмсақ ақ ірімшіктен жапырақтап турап, қызыл­жарма құрттан жармалап, жаңа пісірген балқаймақтан – бәрінен шағын дөңгелек ағаш табағын толтырып шай­тақ­тайдың үстіне, отағасының алдына қояды. Шара­дағы балқаймақты аузына тосып, қызыл күрең шайды самауыр боса­ғанша тапжылмай құйып отырады.

Ана отағасының алдына бір ауыз көлденең тіл қатпай, ымының ығымен құрақ ұшып отырғанда ұл-қыздары, күйеубала-келіндері, ата-енесін өзі­нен-өзі одан сайын құрметтейді.

 

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер»

Тәрбие отбасынан, талбесік­тен басталады. Мұндай тәрбиелі, жанды үлгіні күнделікті көріп өскен ұрпақ өздері де бірін-бірі сыйласа, өзгені де өзегі талғанша көргендігін жасап, ибағат, ілтипатын паш етеді. «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» дегендей қазағымыз ұлағатты, ұрпақты халық. «Баланың санын шектеме, Жетіден асса көп деме», деп әрбір кең пейілді, алтын құрсақ аналарымыз, он-он бестен бала туып, өсіріп халқына береке бірлікте әр салалы, салиқалы ісімен көпке үлгілі болған. Жұртқа қормал, қастерлі аналарымыз атымен көптеген ру-тайпа, ел аттары аталған. Дүниеде бір адамды, яки бір шоғыр адамды былай қойып ру-тайпа, ел-жұртқа атын берген аналары бар қазақтан басқа халық сирек. Олай болса тарихи шежіреміздің қомақты бөлігін құрайтын ардақты аналарымыздың атымен аталған ру-тайпалар жайлы ой өрбітіп көрейік.

 

«Аталы ел – анадан»

Ұлы жүздің ұрпағы Құйылдыр дегеннің екі әйелі болыпты. Бәйбішесі Жұпар анадан – 20, тоқалынан – 20, барлығы 40 балалы болған. 40 баланы тәрбиелейтін 100 жігіт ұстап, Жұпар тауын жайлаған 40 пен 100 елі өсіп тараған. Бұлар Бұқар, Самарқан жақтарында 40 пен 100 елі атанған.

Бәйдібек бабамыздың үш әйелі бо­лыпты. Үшеуі де ардақты, қасиетті ана­лар екен. Солардың бірі Домалақ ана (өз аты Нұрила). Оның жалғыз ұлы Жар­қышақтан: Албан, Суан, Дулат елі тарайды. Сыланды Бәйдібектің баласы Жал­мамбеттің екінші әйелінің лақап аты «ысты» немесе «ысты келін», «ысты ана» атанған. Себебі қымыз, ет, қазы-қарталарды ысталған ыдыста (саба, күбі, мес, кебеже) тағамының дәмі бұзылмай сақталуына байланысты «ысты ана» атанып ұрпақтары «ыстымыз», – деп ысты елі осылай ана атымен аталған.

Жалмамбеттің үшінші әйелі Қара­шашт­ың «ошақты келін» аталуы:

Ж­аугершілікте ел үдіре көшкенде жай көші-қонда да көш тоқтап ерулей қон­ғанда, ең алдымен қазан-ошағын сай­лап, ас қамдап, ел-жұртты күтудің ше­бері болған ананы «ошақты ана» атап «ошақты» елі атанып ұрпақ тарап­ты.

Қыз – қылығымен демекші, басқа да ел-жұртына құрметті үлгілі қасиетімен аты мәлім болған аналарымыз: «Қара кемпір», «Жомарт», «Мырзабике», «Қызай», «Мұрын», «Тасбике», «Абақ» аналар ел-ру аттарына ие болып, ұла­ғат­ты ұлылығымен ұрпаққа үлгі болған. Міне – қазақ аналары.

Қазір сол қасиетті, қастерлі анала­ры­мыздың жалғасы қайда? Ха­лық­қа қамқор ісімен, ұрпаққа мейірім­ді ана­лық үлгісімен, жанды тәрбиесімен, көзге көркем, ұнамды, жағымды бей­несі­мен дараланбай неге майдаланып кетті деген заңды сұрақ туындайды.

 

Ібілісті індет

Иә, «мың өліп, мың тірілген» қаза­ғымыз не көрмеді?! Кешегі кеңестік жүйеде әйел мен еркек «тең құқылы идеологиясы» әйелдің санасын улап, ойына «балдай батып, судай сіңді». Сол тең құқылы идеологиямыздан қа­зақ не ұтты? Әрине ұлттық құндылық пен шоқтығы биік ерекшелікті жойды. ХХ ғасырдағы екі жүйенің шендесуі орыстың орасан ықпалынан қазақ отба­сындағы отағасының қадір-қасие­тінен ажыратты. Қоғамды өртше жайлаған тәрбиесіздік пен ұлтсыздықтың теңдес­сіз еселенген өрескел өнегесіздігі қа­зақ халқында өмірі болмаған жетім, тырнақшаның ішіндегі «жексұрын» қарттардың, тастанды балалардың үйін пайда қылдырды.

Ежелгі ата-бабамыз қан тазалығына қатты мән беретін. Арысы өз руынан, берісі жеті атадан ары да өз туысымыз, тұқымымыз деп қан араластырмаған.

Қалың малы арзан деп жаман қатын алмау, ердің құнын берсе де текті жерден қыз алу, сол үшін 47 байтал, көптеп алтын-күміс берсе де шыдаған.

ХХ ғасырдың басында біздің елде «қыз айттырып» құдаласып, келін алу салтына тыйым салынды. Әйел теңдігі, жастар еркі, махаббат деген тәтті сөздерді ту ғып көтеріп, ұран ғып айғайлап, екі санын шапалақтап жүріп, ата дәстүр, ескі салттың түбіне жетті. «Күрең айғыр күнің үшін» дегендей ұлт зиялылары орыстан қатын алды. Қазақтың кейбір әсіре жаңашыл, белсенді қыздары қалталы, мәнсапты адамдар қандас па, діндес пе, тілдес пе, басқа ма, ата тегіне қарамай бас қосатын халге жетті. Батыс идеологиясы мен жасанды мәдениет елімізді еркін жайлап, қыз-келіншектеріміз шашын қиып, қасын қырып, қазақтың төмен етек көйлегін, кең шапан, қалың күпісін шешіп, басындағы орамалын жерге лақтырып, бұтына шалбар, басына тымақ киіп құнтиып шыға келді...

 

Жақсы менен жаманды айырмадың...

Абай атамыз айтқандай, біздің елде жақсы мен жаманды айырмай қайбір жандарымыз бей-берекеттікке салынып, ішкі жан дүниесі мен сыртқы бейнесі сын көтермейді. Қыз-келіншектердің, жалпы әйел біткеннің бетіне қарасаң өзі өскен қарлығаштың қанатындай қиылған қиғаш, иілген жанды қасты кездестірмейсің. Түгелдей қолдан жаққан қара бояу қасқа тап боласың. Ал қос бұрымы өрілген, қосарымен жарасып, ұшы сауырға төгілген қыздың шашына да ұшыраспайсың. Ауданында күзелген тайдың құйрығындай шол­таң-шолтаң шошаңдаған шаш. Неме­се жұлған тырнадай түте-түте тақыр­бас. Ішінара шашын өсірген қыз-келін­шектер шашты не өрмей, не түймей жа­йып тастайды. «Шашты жайып жүру – жаман ырым» дейтін бұрынғылар. Ести­тін құлақ болса, Абай атамыздан айтыл­маған өсиет қалған ба?

Қыздарға:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын, – деп бейнелеген.

Елудегі егде, мосқал әйелдер, 60-70 жастағы кейбір қарт ана, әжелер де жасанды бұйра шашты басына қаңбақша төңкеріп немесе өзінің тазға таяу тұтқыл, селдір сирек шашын бұйралап, жалаңбас үрпиіп жүретінін қайтерсіз.

Біздің елде «сүйдім-күйдім», – деп әсіре нәпсінің жетегімен қосылған әр жұптың бесіншісі ажырасып, елдік бірлік қасиет жойылып, жөн-жосықсыз жетім-жесірдің саны молаюда екен. Мұндай келеңсіздіктерге біздің қоғам да немқұрайлы қарап отыр. Ақыл айтар аналарымыздың сыйқы болса – анау. Оның айқын дәлелі – азаматтық некені қолдағаны. Елімізге шеттен келген қалталылар мен өзіміздің көрсе қызар өзімшіл жандар, ақыл-ойы өсіп жетілмеген, өмірлік тәжірибесі жоқ, өрімдей жас қыздарды қолына түсіріп, «Азаматтық некемен» алдарқатып тұра береді. Аз уақыттан соң қызға қызы­ғудың қызығы басылып, «әй дейтін әже, қой дейтін қожасыз» қыздың арын таптап тастап кете барады. Міне – сорақылық. Қыз баланың тәрбиесіне жауапсыз, немқұрайлы қарағанның кесір-кесапатынан үйде отырып ұятты болып, нәрестесін не тастанды етіп далаға тастау, не жастай пышаққа түсіп, жасанды түсік жасатып өз келешегіне балта шауып сорлайды. Және де қыздар келін болып түскен ортасына жағымды жайлы, ата-енесіне, үлкендерге құрмет, қайын-сіңлі, қайындарына мейірім көрсетіп сыйысудың орнына «енеме, басқасына басындырмаймын. Е, десе, ме деймін. Мен 15 жыл оқып қызыл дип­лом алып келіп, енді біреудің ша­йын қайнатып, ас пісіріп, үйін тазалап, жиі келетін қонағын күту үшін оқыдым ба?», деп қақаңдайды.

«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», дейді Әл-Фараби. Бұл – қыздың анасы қызына отбасында инабатты тәрбие бере алмаған деген сөз. Қыздың оқуына ғана мән беріп, бір жақты ғана қарағаны аздай, бүгіндері қызымен сағат сайын сөйлесіп: – Әй, қызым, жігітің қасыңда ма? Түні бойы қаңғырмай ма? Жағдайың қалай? Енең не дейді, ас әзірлемедің, – деп ұрысты ма? Оның үйіне қонақ көп келетін шығар. Оларды үнемі күте аласың ба? Енең сүйтпедің, бүйтпедің деп қыржыңдай берсе, үйге келіп ал, ішіме сыйған қызым сыртыма да сыясың. Сені 15 жыл оқытқанда, біреудің шайын қайнатып, асын пісіріп, үйін тазалап, албаты шұбыратын ағайын-туы­сын күтсін деп оқытқаным жоқ, – деп айқұлақтандырады. Бұл емеурін жастардың шаңырағын шайқалтуға себепкер болмасына кім кепіл?!

 

Мықты әйел – қандай әйел?

Өмірде әр қоғамда әйел рөлінің ерекше екендігі әлемдегі елдердің саналы-салиқалы ойшылдары, ел ағасы, ел иесі, президенттері де бейжай қарамаған.

Ингушетия Республикасының бұ­рын­ғы президенті Руслан Аушев Мәскеудің «Общая газетасында» жария­лаған «Мықты әйел қандай, мықты еркек қандай?» атты тақырыпқа атсалысқан еді. Жүрекке жылы тиер жауабынан үзінді келтірейін: Мықты әйел ең алды­мен ақылды әйел. Әйел әдемі көрін­генімен жан дүниесі бос болса, әйелге тән шынайы тартымдылықты күтпе.

Мықты әйел – жаратылысынан балажан, арманы бала сүю, бала туу, бала бағу, бала өсіру болмақ.

Мықты әйел – тұрмыс құрып, күйеуін пір тұту.

Мықты әйел – өз үңгірін, күшіктерін жанын салып қорғайтын ана бөрі.

Мықты әйел – қандай сұрапылда да ошағын сөндірмей сақтап қалады.

Мықты әйел – үйі берекелі, қонақ­жайлы.

 

* * *

Сондай-ақ үнді жазушысы Мерал Иылмаз «Үндістан әйелі» тақырыбында:

«Үнді әйелдері қандай қиын шаруада да әдемі әшекейлерін тағып, ұлттық киімдері «сариді» оранып жүреді. Нәзіктігімен күлімдеген жүзі үйленген сәттегі уәдесіне беріктігінің белгісі іспетті» деп жазады.

 

Түйін

Әйелдер қауымы еркектер атқаратын істің бәрін істейді. Ғылым-білім, өнерде, басшылық істерде, бизнесте болсын, қай салада да жетістікке жетеді. Спортта штанг көтереді, күреседі. Жаугершілікте соғысып, кегін қайтаратын жауынгер.

Алайда, әйелдердің ең негізгі мін­деттері ол емес қой. Ең айтулы парызы – жар сүйіп, бала туу, бала емізу, бала иісін сезіну. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсіру теңдессіз бақыт. Сондықтан да адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деуі осыдан. Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да перзенттік парызынан ешқашан құтыла алмайсың. Қазақ атамыз – қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келіннен, татулығын абысыннан, айбарлылығын атадан, мейірімділігін анадан тапқан халық. Қазақ қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсірген.

Жалпы біздің бұл сөз етіп отырған тақырыбымыз – қыз-келіншектер, ана­лар­дың тәлім-тәрбиесіндегі кемшін тұс­тары. Олай болса тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбына ел болып ат салысып, қолында билігі бар, аузы дуа­лы, ел иесі атқа мінерлерге бірқатар ұсыныс айтқымыз келеді. Бәлкім, заң шығарар, арнаулы бағдарлама ұсынар, әйтеуір қордаланған бұл мәселені қолға алып, жолға қойса деген үмітпен аналық пікірімді талдап ұсынайын.

І. Азаматтық некені жойса;

ІІ. Қыз баланың, жастардың тәрбие­с­ін қадағалап, қыз бала ұятты болып қал­ған жағдайда иесін тауып қосса не шара қол­­данса;

ІІІ. Жас жұптардың ажырасу себебін анықтап, қайта жарастыруды ойласа;

ІV. Отбасы құндылығын, ата-баба салт-дәстүрін бағалап, елдің ел болып қалып­тасуы отбасынан басталатынын ұрпаққа ұғындыру үшін кешенді тәрбие жүргізілсе;

V. Жас қыз-келіншек егде аналары­мыздың сыртқы келбетін, киімін баяғы ұнамды қалпына келтірсе: яғни шашын-қасын өсірсе, сосын мектеп жасындағы оқушы қыздар мектеп формасын, студент қыздар юбка-пиджак, денесіне қонымды көйлек, егде аналарымыз көйлек пешпеттер киіп, басына орамал тартса (бір ғасыр киген қара шалбарын шешсе), әйелдік төмен етек көйлегін киіп (талтайып тұрған) бұтын жапса, бағзы заманғы, байырғы әйел затының инабат, ибағаты қайта оралар ма еді?!

Бұл сөзіміз жалпы әйелдер қауы­мына, көпке топырақ шашып отырған сөз емес. Ел ішінде бірер әйелдерде кемістік болса, «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» ескерсек деген ниет.

 

Егеухан Мұқамәдиқызы,

«Құрмет» орденінің, 

«Алтын алқа» алқасының иегері,

 Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі