Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Ана – ардақтымыз
Жалпы ұлылардың ұлағаты, тағылымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғынамыз. Әйел-ананың бейнесі қандай болса, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді.
Ежелгі ана-әжелеріміз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанған. Көлеңдеген шағи, шайы көйлектерін, қарапайым қатипа тірсек жең пешпетін киіп, жаңа жауған ақша қардай аппақ шұлауышын тартып, кестелі, оқалы кимешегін салынып, көксауырдан оюлаған, өкшесі ақ күмістен тіремелі көгала бас кебіс, былғарыдан мәсісін киетін. Өзінің аналық, әжелік сән-салтанатты ұнамды бейнесімен, көпке үлгі кейпімен жан біткенге мейірімді, жылы жүзімен ықыласы адамды өзіне баурап алатын.
«Ерін күткен әйелді ханым десе болады» дегендей үй иесі отағасының орны төрде. Астына екі қабаттап төсеген қалың жылы, ақ-қара киізден ойыстырып жасаған қарала сырмақтың үстінде малдас құрып қара да болса тағында отырған хан іспетті қастерлі, иығы көтеріңкі, ақ сақалы жайқалып, айбарлы ашаң жүзі жадырап ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа әмірін жүргізіп отыратын отағасының аузынан шыққан лебізін қарт ана баяғы жар сыйлаған дағдысымен елпең қағып алып ұшып тұра келіп айналасына жеткізетін. Өзі отағасының қабағын бағып, тас шайдан түйіп-түйіп, самауырға салып қайнатқан шайына қойдың қою сүтінің кілегейін қосып, қаймақ қатып, қалампыр сарымайдың иісін бұрқыратып қою күрең шайды әзірлейді. Жаңа сүзген жылы-жұмсақ ақ ірімшіктен жапырақтап турап, қызылжарма құрттан жармалап, жаңа пісірген балқаймақтан – бәрінен шағын дөңгелек ағаш табағын толтырып шайтақтайдың үстіне, отағасының алдына қояды. Шарадағы балқаймақты аузына тосып, қызыл күрең шайды самауыр босағанша тапжылмай құйып отырады.
Ана отағасының алдына бір ауыз көлденең тіл қатпай, ымының ығымен құрақ ұшып отырғанда ұл-қыздары, күйеубала-келіндері, ата-енесін өзінен-өзі одан сайын құрметтейді.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер»
Тәрбие отбасынан, талбесіктен басталады. Мұндай тәрбиелі, жанды үлгіні күнделікті көріп өскен ұрпақ өздері де бірін-бірі сыйласа, өзгені де өзегі талғанша көргендігін жасап, ибағат, ілтипатын паш етеді. «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» дегендей қазағымыз ұлағатты, ұрпақты халық. «Баланың санын шектеме, Жетіден асса көп деме», деп әрбір кең пейілді, алтын құрсақ аналарымыз, он-он бестен бала туып, өсіріп халқына береке бірлікте әр салалы, салиқалы ісімен көпке үлгілі болған. Жұртқа қормал, қастерлі аналарымыз атымен көптеген ру-тайпа, ел аттары аталған. Дүниеде бір адамды, яки бір шоғыр адамды былай қойып ру-тайпа, ел-жұртқа атын берген аналары бар қазақтан басқа халық сирек. Олай болса тарихи шежіреміздің қомақты бөлігін құрайтын ардақты аналарымыздың атымен аталған ру-тайпалар жайлы ой өрбітіп көрейік.
«Аталы ел – анадан»
Ұлы жүздің ұрпағы Құйылдыр дегеннің екі әйелі болыпты. Бәйбішесі Жұпар анадан – 20, тоқалынан – 20, барлығы 40 балалы болған. 40 баланы тәрбиелейтін 100 жігіт ұстап, Жұпар тауын жайлаған 40 пен 100 елі өсіп тараған. Бұлар Бұқар, Самарқан жақтарында 40 пен 100 елі атанған.
Бәйдібек бабамыздың үш әйелі болыпты. Үшеуі де ардақты, қасиетті аналар екен. Солардың бірі Домалақ ана (өз аты Нұрила). Оның жалғыз ұлы Жарқышақтан: Албан, Суан, Дулат елі тарайды. Сыланды Бәйдібектің баласы Жалмамбеттің екінші әйелінің лақап аты «ысты» немесе «ысты келін», «ысты ана» атанған. Себебі қымыз, ет, қазы-қарталарды ысталған ыдыста (саба, күбі, мес, кебеже) тағамының дәмі бұзылмай сақталуына байланысты «ысты ана» атанып ұрпақтары «ыстымыз», – деп ысты елі осылай ана атымен аталған.
Жалмамбеттің үшінші әйелі Қарашаштың «ошақты келін» аталуы:
Жаугершілікте ел үдіре көшкенде жай көші-қонда да көш тоқтап ерулей қонғанда, ең алдымен қазан-ошағын сайлап, ас қамдап, ел-жұртты күтудің шебері болған ананы «ошақты ана» атап «ошақты» елі атанып ұрпақ тарапты.
Қыз – қылығымен демекші, басқа да ел-жұртына құрметті үлгілі қасиетімен аты мәлім болған аналарымыз: «Қара кемпір», «Жомарт», «Мырзабике», «Қызай», «Мұрын», «Тасбике», «Абақ» аналар ел-ру аттарына ие болып, ұлағатты ұлылығымен ұрпаққа үлгі болған. Міне – қазақ аналары.
Қазір сол қасиетті, қастерлі аналарымыздың жалғасы қайда? Халыққа қамқор ісімен, ұрпаққа мейірімді аналық үлгісімен, жанды тәрбиесімен, көзге көркем, ұнамды, жағымды бейнесімен дараланбай неге майдаланып кетті деген заңды сұрақ туындайды.
Ібілісті індет
Иә, «мың өліп, мың тірілген» қазағымыз не көрмеді?! Кешегі кеңестік жүйеде әйел мен еркек «тең құқылы идеологиясы» әйелдің санасын улап, ойына «балдай батып, судай сіңді». Сол тең құқылы идеологиямыздан қазақ не ұтты? Әрине ұлттық құндылық пен шоқтығы биік ерекшелікті жойды. ХХ ғасырдағы екі жүйенің шендесуі орыстың орасан ықпалынан қазақ отбасындағы отағасының қадір-қасиетінен ажыратты. Қоғамды өртше жайлаған тәрбиесіздік пен ұлтсыздықтың теңдессіз еселенген өрескел өнегесіздігі қазақ халқында өмірі болмаған жетім, тырнақшаның ішіндегі «жексұрын» қарттардың, тастанды балалардың үйін пайда қылдырды.
Ежелгі ата-бабамыз қан тазалығына қатты мән беретін. Арысы өз руынан, берісі жеті атадан ары да өз туысымыз, тұқымымыз деп қан араластырмаған.
Қалың малы арзан деп жаман қатын алмау, ердің құнын берсе де текті жерден қыз алу, сол үшін 47 байтал, көптеп алтын-күміс берсе де шыдаған.
ХХ ғасырдың басында біздің елде «қыз айттырып» құдаласып, келін алу салтына тыйым салынды. Әйел теңдігі, жастар еркі, махаббат деген тәтті сөздерді ту ғып көтеріп, ұран ғып айғайлап, екі санын шапалақтап жүріп, ата дәстүр, ескі салттың түбіне жетті. «Күрең айғыр күнің үшін» дегендей ұлт зиялылары орыстан қатын алды. Қазақтың кейбір әсіре жаңашыл, белсенді қыздары қалталы, мәнсапты адамдар қандас па, діндес пе, тілдес пе, басқа ма, ата тегіне қарамай бас қосатын халге жетті. Батыс идеологиясы мен жасанды мәдениет елімізді еркін жайлап, қыз-келіншектеріміз шашын қиып, қасын қырып, қазақтың төмен етек көйлегін, кең шапан, қалың күпісін шешіп, басындағы орамалын жерге лақтырып, бұтына шалбар, басына тымақ киіп құнтиып шыға келді...
Жақсы менен жаманды айырмадың...
Абай атамыз айтқандай, біздің елде жақсы мен жаманды айырмай қайбір жандарымыз бей-берекеттікке салынып, ішкі жан дүниесі мен сыртқы бейнесі сын көтермейді. Қыз-келіншектердің, жалпы әйел біткеннің бетіне қарасаң өзі өскен қарлығаштың қанатындай қиылған қиғаш, иілген жанды қасты кездестірмейсің. Түгелдей қолдан жаққан қара бояу қасқа тап боласың. Ал қос бұрымы өрілген, қосарымен жарасып, ұшы сауырға төгілген қыздың шашына да ұшыраспайсың. Ауданында күзелген тайдың құйрығындай шолтаң-шолтаң шошаңдаған шаш. Немесе жұлған тырнадай түте-түте тақырбас. Ішінара шашын өсірген қыз-келіншектер шашты не өрмей, не түймей жайып тастайды. «Шашты жайып жүру – жаман ырым» дейтін бұрынғылар. Еститін құлақ болса, Абай атамыздан айтылмаған өсиет қалған ба?
Қыздарға:
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын, – деп бейнелеген.
Елудегі егде, мосқал әйелдер, 60-70 жастағы кейбір қарт ана, әжелер де жасанды бұйра шашты басына қаңбақша төңкеріп немесе өзінің тазға таяу тұтқыл, селдір сирек шашын бұйралап, жалаңбас үрпиіп жүретінін қайтерсіз.
Біздің елде «сүйдім-күйдім», – деп әсіре нәпсінің жетегімен қосылған әр жұптың бесіншісі ажырасып, елдік бірлік қасиет жойылып, жөн-жосықсыз жетім-жесірдің саны молаюда екен. Мұндай келеңсіздіктерге біздің қоғам да немқұрайлы қарап отыр. Ақыл айтар аналарымыздың сыйқы болса – анау. Оның айқын дәлелі – азаматтық некені қолдағаны. Елімізге шеттен келген қалталылар мен өзіміздің көрсе қызар өзімшіл жандар, ақыл-ойы өсіп жетілмеген, өмірлік тәжірибесі жоқ, өрімдей жас қыздарды қолына түсіріп, «Азаматтық некемен» алдарқатып тұра береді. Аз уақыттан соң қызға қызығудың қызығы басылып, «әй дейтін әже, қой дейтін қожасыз» қыздың арын таптап тастап кете барады. Міне – сорақылық. Қыз баланың тәрбиесіне жауапсыз, немқұрайлы қарағанның кесір-кесапатынан үйде отырып ұятты болып, нәрестесін не тастанды етіп далаға тастау, не жастай пышаққа түсіп, жасанды түсік жасатып өз келешегіне балта шауып сорлайды. Және де қыздар келін болып түскен ортасына жағымды жайлы, ата-енесіне, үлкендерге құрмет, қайын-сіңлі, қайындарына мейірім көрсетіп сыйысудың орнына «енеме, басқасына басындырмаймын. Е, десе, ме деймін. Мен 15 жыл оқып қызыл диплом алып келіп, енді біреудің шайын қайнатып, ас пісіріп, үйін тазалап, жиі келетін қонағын күту үшін оқыдым ба?», деп қақаңдайды.
«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», дейді Әл-Фараби. Бұл – қыздың анасы қызына отбасында инабатты тәрбие бере алмаған деген сөз. Қыздың оқуына ғана мән беріп, бір жақты ғана қарағаны аздай, бүгіндері қызымен сағат сайын сөйлесіп: – Әй, қызым, жігітің қасыңда ма? Түні бойы қаңғырмай ма? Жағдайың қалай? Енең не дейді, ас әзірлемедің, – деп ұрысты ма? Оның үйіне қонақ көп келетін шығар. Оларды үнемі күте аласың ба? Енең сүйтпедің, бүйтпедің деп қыржыңдай берсе, үйге келіп ал, ішіме сыйған қызым сыртыма да сыясың. Сені 15 жыл оқытқанда, біреудің шайын қайнатып, асын пісіріп, үйін тазалап, албаты шұбыратын ағайын-туысын күтсін деп оқытқаным жоқ, – деп айқұлақтандырады. Бұл емеурін жастардың шаңырағын шайқалтуға себепкер болмасына кім кепіл?!
Мықты әйел – қандай әйел?
Өмірде әр қоғамда әйел рөлінің ерекше екендігі әлемдегі елдердің саналы-салиқалы ойшылдары, ел ағасы, ел иесі, президенттері де бейжай қарамаған.
Ингушетия Республикасының бұрынғы президенті Руслан Аушев Мәскеудің «Общая газетасында» жариялаған «Мықты әйел қандай, мықты еркек қандай?» атты тақырыпқа атсалысқан еді. Жүрекке жылы тиер жауабынан үзінді келтірейін: Мықты әйел ең алдымен ақылды әйел. Әйел әдемі көрінгенімен жан дүниесі бос болса, әйелге тән шынайы тартымдылықты күтпе.
Мықты әйел – жаратылысынан балажан, арманы бала сүю, бала туу, бала бағу, бала өсіру болмақ.
Мықты әйел – тұрмыс құрып, күйеуін пір тұту.
Мықты әйел – өз үңгірін, күшіктерін жанын салып қорғайтын ана бөрі.
Мықты әйел – қандай сұрапылда да ошағын сөндірмей сақтап қалады.
Мықты әйел – үйі берекелі, қонақжайлы.
* * *
Сондай-ақ үнді жазушысы Мерал Иылмаз «Үндістан әйелі» тақырыбында:
«Үнді әйелдері қандай қиын шаруада да әдемі әшекейлерін тағып, ұлттық киімдері «сариді» оранып жүреді. Нәзіктігімен күлімдеген жүзі үйленген сәттегі уәдесіне беріктігінің белгісі іспетті» деп жазады.
Түйін
Әйелдер қауымы еркектер атқаратын істің бәрін істейді. Ғылым-білім, өнерде, басшылық істерде, бизнесте болсын, қай салада да жетістікке жетеді. Спортта штанг көтереді, күреседі. Жаугершілікте соғысып, кегін қайтаратын жауынгер.
Алайда, әйелдердің ең негізгі міндеттері ол емес қой. Ең айтулы парызы – жар сүйіп, бала туу, бала емізу, бала иісін сезіну. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсіру теңдессіз бақыт. Сондықтан да адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деуі осыдан. Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да перзенттік парызынан ешқашан құтыла алмайсың. Қазақ атамыз – қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келіннен, татулығын абысыннан, айбарлылығын атадан, мейірімділігін анадан тапқан халық. Қазақ қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсірген.
Жалпы біздің бұл сөз етіп отырған тақырыбымыз – қыз-келіншектер, аналардың тәлім-тәрбиесіндегі кемшін тұстары. Олай болса тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбына ел болып ат салысып, қолында билігі бар, аузы дуалы, ел иесі атқа мінерлерге бірқатар ұсыныс айтқымыз келеді. Бәлкім, заң шығарар, арнаулы бағдарлама ұсынар, әйтеуір қордаланған бұл мәселені қолға алып, жолға қойса деген үмітпен аналық пікірімді талдап ұсынайын.
І. Азаматтық некені жойса;
ІІ. Қыз баланың, жастардың тәрбиесін қадағалап, қыз бала ұятты болып қалған жағдайда иесін тауып қосса не шара қолданса;
ІІІ. Жас жұптардың ажырасу себебін анықтап, қайта жарастыруды ойласа;
ІV. Отбасы құндылығын, ата-баба салт-дәстүрін бағалап, елдің ел болып қалыптасуы отбасынан басталатынын ұрпаққа ұғындыру үшін кешенді тәрбие жүргізілсе;
V. Жас қыз-келіншек егде аналарымыздың сыртқы келбетін, киімін баяғы ұнамды қалпына келтірсе: яғни шашын-қасын өсірсе, сосын мектеп жасындағы оқушы қыздар мектеп формасын, студент қыздар юбка-пиджак, денесіне қонымды көйлек, егде аналарымыз көйлек пешпеттер киіп, басына орамал тартса (бір ғасыр киген қара шалбарын шешсе), әйелдік төмен етек көйлегін киіп (талтайып тұрған) бұтын жапса, бағзы заманғы, байырғы әйел затының инабат, ибағаты қайта оралар ма еді?!
Бұл сөзіміз жалпы әйелдер қауымына, көпке топырақ шашып отырған сөз емес. Ел ішінде бірер әйелдерде кемістік болса, «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» ескерсек деген ниет.
Егеухан Мұқамәдиқызы,
«Құрмет» орденінің,
«Алтын алқа» алқасының иегері,
Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі