Оның игі ісін кейін Құтылық ханның ұлдары Білге мен Күлтегін жалғастырды. 731 жылы Күлтегін бақилық болғанда ағасы Білге басына көк тас орнатады. Қазіргі Моңғолияның Көше Сайдымындағы «Күлтегін жазба ескерткіші» деп жүргеніміз – осы. Арада үш жыл өткенде Білге де дүниеден өтеді. Бұқарасы оның да басына мәңгі көк тас қояды. Осы ескерткіш қазір Моңғолияның Ары-Қанғай аймағының Қашаты сұмынында тұр.
Тарихта түркі жазба ескерткіштері деген атаумен белгілі аталмыш нысандарға 1890 жылдан бастап фин ғалымы А.Гейкель және орыс оқымыстылары зерттеу жүргізіп келді. Осының жалғасы іспеттес 1997-2017 жылдары бірлескен моңғол-түрік экспедициясы Білге қаған кешеніне ұзақ мерзімді қазба жұмысын жүргізді. Бұрын белгісіз болып келген көптеген дүниелер тапты.
Соның ішінде аса құнды жәдігер – алтын тәж табылды. Оның биіктігі – 9.3 см, ұзындығы – 23 см, салмағы – 80 грамм. Таза алтыннан жасалған. Пошымы жарты шеңбер тәрізді. Қас маңдайына гауһар тас орнатылыпты. Қос қапталы гүлді жапырақ бейнелі. Тәждің етек жағы көлденең құрсауланып, қымбат тастар орнатылуы тиіс тесіктер үңірейіп анық көрінеді.
«Бұл жәдігердің басты ерекшелігі – Күлтегін ескерткішінің ұшар басына ойып жасалған тәжі тәріздес символдан аумайды, тіпті ою-өрнегіне дейін бірдей, осыған қарап бұл тәж Білге қағанның жеке бұйымы деген қорытынды жасалды. Яғни «Білге қаған тәжі» деген атау берілді. Бұндай құнды жәдігер Моңғолия жерінен алғаш табылып отырғандықтан Үкімет қаулы қабылдап «Теңдесі жоқ жәдігер» деген мәртебе берілді», дейді осы елдегі орталық музейдің ғылыми қызметкері Г.Ганзориг мырза.