Елордадағы Тәуелсіздік сарайында әлемнің атақты сәулетшілерінің еліміздің бірқатар жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуі болып өтті. Оған италиялық белгілі сәулетші, Ханзада Уэльс атындағы сәулет мектебінің профессоры Габриле Тальявенти, КСРО және Ресей мемлекетік сыйлықтарының лауреаты Юрий Платонов және Малайзия өкілі Хиджас бин Кастурн қатысып, пікір бөлісті.
– Қазақстан сәулетшілері Астанаға еуразиялық қала бейнесін бере алды. Дегенмен, жаһандану заманында еуразияшылдыққа салынып, Астананың ұлттық бейнесін жоғалтып алмау мәселесін де назарда ұстау абзал, – деді басқосуда италиялық сәулетші Г.Тальявенти.
Астанаға сапармен келген жоғарыдағы сәулет өнерінің майталмандары Қазақстан Президенті жанындағы Астананың сәулетшілер кеңесінің жұмысына қатысқан-ды. Олар елордада салынуы тиіс бірқатар нысандардың сәулеттік жобаларымен танысты. Жалпы кеңес қарауына 83 жоба мен сызбалар келіп түсті. Олардың арасынан ең үздік деген еңбектер таңдалып алынды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.