Экономика • 29 Шілде, 2020

700 мың салық төлеуші мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды – Р.Дәленов

667 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігі бизнеске арналған негізгі салық босаңсулары туралы баяндады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

700 мың салық төлеуші мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды – Р.Дәленов

Ведомство басшысы Руслан Дәленовтің айтуынша, экономиканың неғұрлым осал салаларында жыл соңына дейін мүлік салығы нөлдендірілді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жыл соңына дейін жер салығы мөлшерлемесі нөлдендірілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын импорттау кезінде есептеу әдісімен ҚҚС төлеу мүмкіндігі берілді. Яғни бұл іс жүзінде салықтан босатуды білдіреді.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2020 жылғы 1 қазанға дейін 12%-тен 8%-ке төмендетілді. 29 едәуір зардап шеккен экономика салаларында 2020 жылғы 1 қазанға дейін салықтар мен еңбекақы бөлеу қорының төлемдері  бойынша мөлшерлеме нөлдендірілді. Бұл қызметкердің жеке табыс салығы және міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдары", деп атап көрсетті Ұлттық экономика министрі.

Жалпы шара 700 мың салық төлеушіні 1 трлн теңге сомасында қамтып отыр, деді Дәленов.

"Бұдан басқа, бұрын төтенше жағдай кезінде ШОБ-қа  қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін негізгі кредит қарызы мен сыйақы  төлемі 90 күнге кейінге қалдырылған болатын", деп түйіндеді сөзін ол.