Суретте: Қышқа бәдізделген «Тәңірдің ұлы Шаньюй» деген жазу
Жоғарыдағы тың ақпар басылым оқырмандарының назарын аударып, бәзбір тұлғалар осынау жағымды жаңалықты әлі де індете жазуды өтінген еді.
Осы орайда, Моңғол даласының Қанғай таулы алқабы Ары-Қанғай аймағы, Өлзиті сұмыны жерінен табылған нысанға қазба жұмыстарын жүргізген моңғолиялық маман археологтердің жергілікті баспасөз құралдарында жариялаған мақала-сұхбаттарында, жоғарыдағы Тәңірқұт ордасының табылуы кездейсоқ оқиға қатарына жатпайды депті.
Өйткені әлемге әйгілі көшпенділер мәдениетінің алғашқы іргетасын қалап, әскери-әкімшілік тұрғыдан жетілген ұлыс құра білген ғұндар жайлы дерек ежелгі Таң патшалығының тарихшысы Сыма Цянның «Ши цзи» атты жылнамасының 110-шы бөлімінде жазылған. Осындағы мәтінді 1960 жылдары атақты моңғол оқымыстысы Х.Пэрлээ зерттеп көріп: «Қытай тарихшысы жазған ғұндардың Луут ордасы Қанғай тауы алқабында жатыр» деп берік болжам айтқан екен.
Жалпы, оқырман үшін айта кетерлік мәлімет: өз дәуірінде еуразиялық кеңістікті құшағына сыйдырған Ғұн империясының орталығы қазіргі Моңғол даласы болғаны анық. Бүгінге дейін Азия құрлығынан ғұн дәуіріне тән 7 мыңға тарта мәдени-археологиялық артефактілер табылса, осылардың 5 мыңы Моңғол жерінде жатыр. Ал бұлардың 1335-і Қанғай таулы алқабын көктей өтіп 280 шақырымға созылып ағатын Тамыр өзені бойында екен.
Демек, ғұн дәуірін зерттеуші археологтер ұзақ жыл жоғарыдағы Луут ордасын Қанғай таулы алқабының күретамыры Тамыр дариясы бойынан табылар деген үмітте болғаны анық.
Осы орайда, тарихи жаңалықты ашқан топтың жетекшісі, Ұланбатыр университеті археология факультетінің меңгерушісі, доктор (PhD) Т.Идэрханғай мырзамен онлайн сұхбаттасып, тәңір жолын ұстанушы бабаларымыз ту тіккен орданың табылу тарихы жайлы қысқаша әңгіме өрбіттік:
– Идэрханғай мырза, сіздер Ғұн ұлысының ежелгі ордасын тапты деп естіп жатырмыз. Құтты болсын!
– Рахмет. Бірақ аталмыш нысан осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылы әуеден түсірілген суретті сараптау нәтижесінде анықталған болатын. Оның ғұн дәуіріне тән дүние екеніне дау жоқ. Өйткені қала орналасқан өлкеде ғұн дәуіріне тән артефактілер өте көп. Бірақ біз алғашында бұл қаланың ғұндар ордасы екенін біле қоймадық. Ол кейін анықталды.
– Оны қалай анықтадыңыздар?
– Өткен жылы нысанға кезекті қазба жұмысын жүргізу барысында қатты қышқа ежелгі қытайдың ханзы әрпімен бәдізделген жазуды таптық. Оны қалаға алып келіп, кәсіби мамандарды қатыстырып оқып көрсек «Тәңірдің ұлы Шаньюй» («Тәңірқұт») деген сөз екен. Бұл ғұн ұлысының билеушісіне берілетін атақ. Сөйтіп алғаш рет аталмыш қала орны ғұндардың астанасы Луут ордасы болуы мүмкін деген жорамал жасалды. Бірақ жариялауға асықпадық.
– Неге?
– Оған себеп, Луут қаласы жайлы қытай жылнамаларында қала сырты екі қабат қорғанмен қоршалғаны жайлы нақты жазылған. Биыл дәл осы деректі дәлелдеу мақсатында қазба жұмысын жүргіздік. Расында қала қос қорғанды екен. Тіпті екі қорған арасында біршама төбешік тәрізді дүниелер орналасқан. Тегі бұл қала қорғанысының ерекшелігі болар деп топшыладық.
Тағы бір таңданарлық жағдай – ішкі қорғаннан 4/1 қашықтықта адам қолымен жасалған су қоймасы (бассейн) табылуы. Жасалу стилі мен бассейннің құрылымы керемет. Міне, бұл қаланың Луут ордасы екеніне тағы бір дәлел. Өйткені ежелгі дәуірде мұндай бассейн көшпелі ғұндардың патша сарайында ғана болатыны жайлы қытай деректерінде кездеседі.
– Қала орнына жүргізіліп жатқан қазба жұмысы әрі қарай жалғаса бере ме?
– Әрине. Тек қаржы мәселесі қол байламаса болғаны. Шынын айтқанда, қазба жұмысы әлі жүйелене қойған жоқ. Тек барлау шаралары атқарылуда. Біздің болжалды пайым бойынша, қала қорғаны «Тәңірдің ұлы Шаньюй» деген жазуы бар қыш тақтайшалармен көмкеріліп, патшаның даңқын әйгілеп тұрған тәрізді. Тек, қорғаны осындай болғанда оның іші қандай болуы мүмкін. Егер қазба жұмысын жүйелі жүргізе алсақ, бұл нысаннан әлемді таңдандыратын ғұн мұралары табылары хақ.
– Қала аумағына толыққанды археологиялық зерттеу жүргізу үшін қанша уақыт қажет?
– Бері айтқанда 10 жыл қажет. Бұл уақытта қала құрылымын анықтап, қорған қабырғалары мен су бассейндерін нақтылауға болады. Әрі қарай өте нәзік қазба-зерттеулер кәсіби жолмен жүргізілсе, қалаішілік мәдениетті пайымдауға болады.
– Көп жағдайда Еуразия кеңістігінде орын тепкен ежелгі көшпенділерге тән қорған-мұралар қазылған, тоналған үрдіс кездесіп жатады. Бұл нысанның күйі қалай екен?
– Нысанға бұған дейін адам баласының қолы тимепті. Қала ежелгі бейнесін жақсы сақтаған. Сондықтан да қазба-зерттеу ісін жүргізуге өте қолайлы.
– Болашақта зерттеу жұмыстарына шетелдік мамандар тартылуы мүмкін бе?
– Бұған дейін моңғол даласынан табылған ғұн және түркі дәуірі ескерткіштері бірлескен жұмыс топтарының жемісі ретінде тіркеліп келді. Ал мына жаңалық тек моңғол археологиясының жеке табысы болуы тиіс. Сондықтан өз басым басқа біреулермен жаңалық бөлісуді қаламаймын.
– «Біз көмектесейік, бірге қазайық» деп жатқандар бар ма?
– Болғанда қандай. Мен докторлық дәрежені Ресейде қорғаған едім. Ғұн ордасы табылғаны жайлы ондағы ғалымдарға хабарлағанымызда, олар қолма-қол «Бірлесіп қазайық, қаржысын біз көтереміз» деп ұсыныс білдірді. Бірақ моңғол археологтері өз даламыздағы тарихи мұраны өзіміз зерттеп, әлемге өзіміз танытуға құштармыз.
– Луут қаласының табылуы шын мәнінде әлем таңданарлық жаңалық. Осыны естіп-білгендер не айтып жатыр?
– Әсіресе екі жақ көршіміз Ресей мен Қытай қатты елеңдеді. Аспанасты елінің басылымдары «Әлем таңданарлық ұлы жаңалық» деп жарыса жазып жатыр.
Біздің жыл санауымыз бойынша ұлы Ғұн ұлысының құрылғанына келесі жылы 2230 жыл толады. Бұған дейін әлем көшпенділерді еуроцентристік көзқарас тұрғысынан ат үстінде жүрген қарақшы-тонаушы күштік құрылым ретінде бағалап, оларды қала мәдениетінен мақұрым қалған тобыр деп санады. Егер де Луут қаласы толық зерттелген жағдайда оның ғажайып архитектурасы әлемге әйгіленіп, ата-бабаларымыздың керемет өнері дүние жүзін тамсандырары сөзсіз.